Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Шығыс Қазақстанда Өскемен - Алтай - Үлкен Нарын - Қатонқарағай - Рахман қайнарлары тасжолының жаңа учаскесі көрсетілді. Құрылысы бірнеше жылға созылған жолдың қазіргі жай-күйін Tengrinews.kz тілшісі көлік қозғалысы үшін ашылған Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірден видеоға түсіріп алды.
Бұл тасжол көптеген елді мекенді облыс орталығымен байланыстырып қана қоймай, танымал туристік нысандарға - Бұқтырма су қоймасының жағалауына, Белуха тауы мен "Рахман қайнарлары" шипажайы орналасқан Қатонқарағай ауданына апаратын негізгі жол. Алайда жолдың едәуір ұзын бөлігі (56-шы шақырымнан 72-ші шақырымға дейін) қауіпті тау иірімдерімен өтеді. Бұл кесінді Осинов асуы деп аталады.
Осинов асуының көрінісі. ШҚО Алтай ауданы ішкі саясат бөлімінің фотосы
Асуды айналып өтетін жол салу идеясы бірнеше жыл бойы талқыланып, оны іске асыруға 2017 жылы, Шығыс Қазақстан облысын Даниал Ахметов басқарып тұрған кезде кіріскен болатын. Бірақ сол кезде жоба аяқсыз қалды. Бюрократиялық кедергілер басты себеп болды: жердің бір бөлігін мемлекеттік орман қорынан басқа санатқа ауыстыру қажет еді.
Жоба ұзақ құрылысқа айналды. Жұмыстар 2023 жылы қайта жанданды.
Жаңа жол салумен қатар, жұмысшылар биік тау шатқалының екі жағалауын қосатын шағын Пихтовка өзенінің үстінен көпір салуы тиіс еді. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ мәліметінше, бұл - Қазақстан бойынша ең биік таулы жерде орналасқан құрылыс нысаны.
Бірақ іс тағы да сиырқұйымшақтанып кетті.
"2023 жылы жұмыс қайта басталғаннан кейін мердігер құрылыстың қажетті қарқынын қамтамасыз ете алмады және келісімшарттық міндеттемелерін орындамады. Жұмыс кестесінің жүйелі түрде бұзылуына және нысанды пайдалануға беру мерзімдерінің кешігу қаупіне байланысты 2025 жылдың мамырында екі мердігер ұйымға қатысты талап-арыз жұмыстары басталып кетті", - деп хабарлады "ҚазАвтоЖол" облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Мердігерлермен келісімшарт бұзылып, жаңа орындаушы - "ОблШығысЖол" ЖШС болды. Бұл компания Шығыс Қазақстанда Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін, еліміздегі ең ұзын көпірді салған болатын.
Жұмысты жеделдету үшін болашақ көпірдің дәл жанынан бетон зауыты орнатылды. Қазан айында өткелдің құрылысы аяқталды.
Облыстық әкімдік отырыстарының бірінде Пихтовка арқылы өтетін көпірді де, жаңа учаскедегі жалпы қозғалысты да 25 қазанда ашу жоспарланғаны айтылған болатын, бірақ көптен күткен бұл оқиға сол күні жүзеге аспады.
Дегенмен көпір қазірдің өзінде өту үшін пайдаланылып жатыр: жұмысшылар нысан бойындағы көлік қозғалысын видеоға түсіріп алған, ол әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Желі қолданушылары жаңа учаскеде қоршаулардың жоқтығын және жылдамдықты шектейтін белгілердің қойылмағанын айтып жатыр.
"Біреу болмаса біреу міндетті түрде төмен ұшады. Биіктігі қандай? Қанша жерге дейін құлайды?", "Ал көпірдің параметрлері мынадай: шатқал үстіндегі биіктігі - 45 метрге дейін, ұзындығы - 175 метр", - деп жазады қолданушылар видео астында.
"Ол жерде тек көпір емес: оған дейін алты шақырым және одан кейін тағы алты шақырым жол бар. Сол жерлерде де қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қоршау орнату керек, өйткені құз-қиялар бар". Бұл жұмыстар жол төсемінің жоғарғы қабаты төселгеннен кейін ғана орындалады. Қазір жоғарғы қабат төселді, содан кейін су бұру науаларын орнатуға кірістік, кейін жол жиектеріне қауіпсіздік элементтері қойылады", - деп түсіндірді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Әділет Жәмпейісов.
Бұған дейін сегіз жыл ішінде жобаға шамамен 7,9 миллиард теңге жұмсалғаны туралы айтылды. 2025 жылға тағы 5,3 миллиард теңге жоспарланған. Жалпы сома - 13 миллиардтан асады. Бір жыл бұрын жолдың негізгі учаскелері әлі пайдалануға берілмеген еді.
ШҚО әкімдігі мен "ҚазАвтоЖол" АҚ филиалының мәліметінше, 2025 жылы жер жұмыстары аяқталып, су өткізгіш құбырлар төселді, учаскенің 12,1 шақырымына асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу