Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
— Жақында БҰҰ-ның Венадағы штаб-пәтерінде өткен Есірткі заттары жөніндегі комиссия отырысына қатыстым. Онда есірткі бизнесіне қарсы тиімді тәсілдер талқыланды. Орталық Азия елдерінің атынан баяндама жасап, Қазақстанның тәжірибесін таныстырдым. Біздің қорда жасанды интеллект қолданылатын «Mergen» жүйесі бар. Ол 5 мыңнан астам заңсыз онлайн-есірткі дүкенін бұғаттауға мүмкіндік берді. Жүйеге Шығыс Еуропа, Орта Азия елдері қызықты, — деді спикер Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Бұған дейін еріктілер қалаларда есірткі жарнамасы жазылған граффитилерді жоюмен айналысқан. Алайда бұл тәсілдің тиімділігі төмен болған, себебі жазбалар Telegram және басқа да әлеуметтік желілердегі онлайн-дүкендерге сілтеме берген. Сондықтан ұйым заңсыз онлайн-ресурстарды анықтап, оларды толық бұғаттауға көшкен.
— Қор құрамында ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары жұмыс істейді. Алдымен есірткі сататын онлайн-дүкендерді бұғаттадық, кейін заңсыз контентпен күреске кірістік. Қор атауы Абай Құнанбайұлының 19-қара сөзіндегі «Есті бол» деген ойдан шыққан. Ұйым құрылғанына үш жыл болды, осы бағыттағы жұмысымыз жүйелі түрде жалғасып келеді, — деді Жандос Ақтаев.
Қор тек есірткімен күреспей, қоғамдағы өзге тәуелділік түрлерін де зерттейді. Соның бірі — лудомания.
— Біз жалпылама статистика жасап, тәуелді адамдардың портретін анықтадық. Осы негізде мемлекеттік және ғылыми мекемелерге ұсыныстар әзірленді. Нәтижесінде ойын бизнесіне қарсы кешенді жоспар қабылданды, — деді спикер.
Жандос Ақтаев тәуелділікпен күресте кәсіби мамандар мен ғылыми базаның маңызын да атап өтті.
— Аддиктолог мамандарды даярлау қажет. Қазір олар көбіне шетелден келеді, сондықтан елімізде аталған тәжірибені дамыту керек. Қоғамда сыни ойлау қабілетін қалыптастыру да аса маңызды, — деді ол.
Спикер интернет-алаяқтық мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл бағыттағы шығын шаш етектен.
— 2024-2025 жылдары қазақстандықтар алаяқтардың кесірінен 20 млрд теңгеден астам қаржысын жоғалтты. Қазір ІТ технологиялары арқылы алдын алу жобалары жүргізілуде. Соның бірі — Meta компаниясының платформаларымен бірлескен бастамалар. Біз азаматтарды желіде қорғауға бағытталған алдын алу тетіктерін енгізгіміз келеді. Қор — Орталық Азияда Meta компаниясымен әріптестік орнатқан алғашқы коммерциялық емес ұйым. Қазір «Рас па?» атты жобаны жетілдіру үстіндеміз, — деді спикер.
Бұған дейін елімізде 17,5 мың адамның есірткіге тәуелді екені айтылған болатын.