Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвилидің Конституциялық комиссияның отырысында айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Конституциялық комиссияның отырысында Астана халықаралық университетінің Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили Конституцияда жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігін конституциялық заң арқылы бекіту ұсынылып отырғанын айтқан. Оның айтуынша, бұл норма мұндай шешімдерді құқықтық кеңістіктің біртұтастығын сақтау, заң алдындағы теңдік қағидаты мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен тікелей байланысты.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан профессор арнайы экономикалық аймақ туралы айтқысы келді ме деген ойда.
«Ол кісінің қандай мақсатта айтып отырғанын білмедім. Мүмкін арнайы экономикалық аймақ туралы айтқысы келді ме екен. Мәселен, кейбір өңірлерде арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл кісі тұтастай бір қаланы сол АЭА-қа айналдыру туралы айтып отыр ма екен. Сондықтан бұны ол кісінің өзінен анықтауды қажет етеді. Әйтпесе, Қазақстанның ішінен автономия құрылу мүмкін емес. Ондай бастама қолдау таппайтыны белгілі. Еліміздің территориясы бөлшектенбейді, унитарлық мемлекет болып қала береміз», - деді ол.