Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен алдағы даму перспективаларын талқылады. Аида Балаева Қазақстан үшін мәдени мұраны сақтау мен оны халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталған бағдарламалар мен бастамаларға қатысудың айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
— Сіздің Қазақстан қалаларының біріне ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесін беру жөніндегі бастамаңыз Мемлекет басшысының қолдауына ие болды. Осыған байланысты Түркістан қаласын 2027 жылы ИСЕСКО-ның мәдени астанасы мәртебесіне ұсынуға дайын екенімізді растаймыз, — деді Аида Балаева.
Сондай-ақ, тараптар Түркістанның әлеуетін тек түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде ғана емес, туристік және мәдени мүмкіндігі жоғары шаһар ретінде жан-жақты ашуға бағытталған, ұсынымдар мен алдағы іс-қимыл тетіктерін қамтитын бірлескен ынтымақтастық жоспарын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, қазақстандық тарап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ИСЕСКО арасында ислам әлемінің мұрасын сақтау және ілгерілету жөніндегі бірлескен жоспар жобасын әзірлеп, жолдауға дайын екенін жеткізді. Аталған құжатта кадр даярлау, реставратор мамандардың біліктілігін арттыру, оқыту семинарларын өткізу, сондай-ақ өңірлік ғалымдар мен сарапшылардың тағылымдамаларын ұйымдастыру бағытындағы сараптамалық талқылаулар мен білім беру бағдарламаларын іске асыру көзделеді.
Өз кезегінде Салим бен Мұхаммед әл-Мәлік Қазақстанмен ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, қазақстандық тараптың бастамаларына жоғары баға берді.
Қазақстанның мәдени мұрасын ИСЕСКО аясында халықаралық деңгейде ілгерілетуді күшейту мақсатында Премьер-министрдің орынбасары түркі-ислам ою-өрнегі мен қолданбалы өнер фестивалін өткізуді ұсынды. Бұл бастама аясында қазақ ою-өрнегі, кілем тоқу өнері және зергерлік кәсіп бойынша көрмелер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті одан әрі нығайтуға және мәдени мұраны ілгерілетуге, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.
Айта кетелік Қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді.