Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі 7 жылда қалай өзгерді?

21.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Орталық Азия мемлекеттерінің басын қосқан кездесу

 Бүгінгі өңірлік дипломатияның жетістігі – Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және ортақ мәселелерді бірлесіп шешуі. Яғни, бүгінге дейін өткен бірқатар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері өңірлік ынтымақтастықтың маңызды алаңына айналды. Мұның бастамасы – 2019 жылы Ташкеттегі кездесуден бастау алды. Мұнда өңірлік диалогты жүйелеу мақсатында Орталық Азия басшыларының тұрақты диалогын нақты ережелермен және ынтымақтастық тетіктерімен бекітуге қадам жасалды. Себебі, осы кездесуде Қазақстан XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт жасасуды, сондай-ақ өңір елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесулерін өткізуді ұсынды. Тіпті, алғашқы басқосуда консультативтік кездесулердің регламенті де қабылданды. Соның арқасында бұрын көбіне екіжақты сипатта болған қатынастардың көпжақты диалогқа ұласып, өңірлік ынтымақтастықты институционалдық тұрғыда дамуына еліміздің қосқан үлесі зор еді.

2022 жылы Шолпан-Атада өткен кезекті басқосуда негізінен мемлекеттер арасындағы достық пен тату көршілік қатынастарды нығайту, қауіпсіздік, экология, сауда және су-энергетика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Нәтижесінде 2022–2024 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы, Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасы және мемлекеттердің көпжақты форматтар шеңберіндегі өзара іс-қимыл тұжырымдамасы қабылданды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту жөніндегі достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою үдерісіне де бастама жасалды.

 Қазақстандағы көлік-транзиттік хабдың дамуына үлес қосқан келісімдер

 Келесі жылында Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуде ынтымақтастықты нақты тетіктермен толықтырылды. Сөйтіп, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері жөніндегі Ұлттық үйлестірушілер кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Кеңестің міндеттеріне кездесулердің күн тәртібін әзірлеу, құжаттар жобасын дайындау және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау кірді. Яғни, Ұлттық үйлестірушілер кеңесі мемлекет басшылары деңгейінде қабылданған шешімдерді жұмыс деңгейінде талқылауға және олардың орындалуын үйлестіруге мүмкіндік берді.

Оның үстіне, басқосуда көлік саласындағы келісімі өңірлік сауда мен транзитті дамыту үшін ортақ инфрақұрылымның маңыздылығын айшықтай түсті. Сонымен бірге еліміз географиялық орналасуы жағынан өңір мемлекеттері мен ірі халықаралық нарықты байланыстыратын бағыттарды дамытуға мүмкіндік береді. Әсіресе, Қытай – Еуропа бағытындағы транзит, Транскаспий халықаралық көлік бағыты және шекара инфрақұрылымы.

Мәселен, Қазақстан аумағы Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлықтағы жүк тасымалында маңызды орын алады. 2025 жылы Үкіметтің хабарлауынша, Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі алдыңғы жылы 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен. Ал соңғы 5 жылда  транзит көлемі 50%-ға, ал Транскаспий бағыты бойынша 6 есеге артқан. Осының арқасында елімізде транзиттік қызметтен түсетін кірісті ұлғайтуға, теміржол, порт және қойма инфрақұрылымына инвестиция тартуға, логистика, жүк өңдеу және кедендік қызметтерді дамытуға және Қытай, Кавказ және Еуропа нарығы арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік туды.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытай мен Орталық Азиядан басталып, Қазақстан арқылы Каспий теңізіне, одан әрі Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Оның маңызы — халықаралық жүк тасымалының балама жолын дамыту және Қазақстанның Еуразиядағы көлік байланысындағы рөлін күшейту. Осы бағытта еліміз үшін бірқадар маңызды қадамдар жасалды.

Атап айтар болсақ, 2022 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия арасында Орта дәліздегі кедергілерді жоюға арналған бірлескен жұмыс басталды. 2023-2024 жылдары Қазақстан мен Қытай ТХКБ-ны, соның ішінде Қытай –Еуропа контейнерлік пойыздарын дамыту жөнінде келісімдер жасалды. Бірыңғай мультимодальды қызмет пен тасымалды цифрландыру бағытында жұмыс жүзеге асты. Нәтижесінде, ТХКБ бойынша тасымал көлемі соңғы жеті жылда 0,8 млн тоннадан 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Бұл — шамамен 5,6 есе өсім. Контейнерлік тасымалды да арттыру жоспарланған. Сондай-ақ Орталық Азиядағы жер үсті көлігінің өзара байланысын нығайту туралы бесжақты келісімге қол қойылған болаты.

 Қазақстан төрағалық еткен басқосу 

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі 2024 жылы Астанада өтті. Сол жолғы басқосуда Қазақстан төрағалық еткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер басшылары аймақтық ынтымақтастықты, соның ішінде Консультативтік кездесулер форматын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсап отырғанын жеткізді.

– Осы жиында 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы бекітіледі. Бұл өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болмақ. Аталған құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Бұған қоса «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжатқа қол қойылады. Осы және өзге де шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар маңызды құжаттың қатарында:

- «Орталық Азия – 2040» өңірлік ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасы;

- 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік ынтымақтастықты дамыту жол картасы;

- 2025-2027 жылдарға арналған өнеркәсіптік кооперацияны дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары;

- Орталық Азия мемлекеттеріндегі көлік-логистика орталықтарын дамыту туралы өзара түсіністік меморандумы бар.

Өңірдің күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – су-энергетика ресурстарын рационалды пайдалану. Мемлекет басшысы суды пайдаланудың тең құқылы әрі әділ тәртібіне, өзара міндеттемені мүлтіксіз орындау ережесіне негізделген жаңа су саясатын қалыптастыру керегін сөз етті.

– Орталық Азия елдеріне арналған Су-энергетика консорциумын құру және гидроэнергетикалық нысандарды бірлесе салу бастамасы су шаруашылығындағы көпжақты ынтымақтастыққа негіз болады. Суды бөлу мен есепке алуды цифрландыру, ғарыштық мониторинг технологияларын енгізу, жүйелі ғылыми жұмыс жүргізу маңызды міндетрдің санатына жатады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның төрағалығы аясында қауіпсіздік пен экономикалық серіктестікті нығайтуға, қоғамдағы әйелдердің рөлін күшейтуге, сараптамалық тұрғыдан ықпалдастықты кеңейтуге бағытталған көптеген бірлескен іс-шара ұйымдастырылды.

Дегенмен Астана кездесуінің маңызды нәтижелерінің бірі  – Орталық Азия энергетика министрлерінің алғашқы кездесуін өткізу және қорытынды коммюнике қабылдау болды. Оның арты су-энергетикалық мәселелер бойынша нақты келіссөздер жалғасын тапты. Әсіресе, 2025 жылғы қаңтар және мамыр аралығында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбарата-1 ГЭС жобасын талқылау үшін министрлер кездесті. Онда техникалық-экономикалық негіздемені жаңарту, экологиялық және әлеуметтік бағалау, қаржыландыру тетіктері қаралды. Ал биыл 2026 жылғы 13 ақпан күні үш елдің энергетика министрлері және су-энергетика саласына жауапты ведомстволар өкілдері су ресурстарын басқаруды, электр қуатын өндіру режимдерін үйлестіруді және маусымдық жүктемелер кезінде өзара қолдауды талқылап, кездесу соңында үшжақты хаттамаға қол қойылды.

2025 жылғы 16 қарашада Ташкентте өткен жетінші консультативтік кездесуде Әзербайжанның форматқа толыққанды қатысушы ретінде қосылуы туралы шешім қабылданды. Кездесу қорытындысында өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық тұжырымдамасы және 2026–2028 жылдарға арналған қауіпсіздік тәуекелдерінің каталогы қабылданды. Құжаттарда ортақ қауіптерді анықтау және олардың алдын алу мәселелеріне назар аударылды.

Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын Каспий теңізі арқылы өтетін көлік, сауда және энергетика бағыттарымен байланыстыру тұрғысынан маңызды қадам болды. Өйткені Әзербайжанның қосылуы өңірлік ынтымақтастықтың географиялық ауқымын кеңейтті. Қазақстанның Каспий теңізіндегі порттары мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты осы жаңа форматтың экономикалық мүмкіндіктерін бағалауда маңызды факторға айналады.

Қорытындылай келе, 2019 – 2026 жылдар аралығында Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі саяси диалогты дамыту, экономикалық байланыстарды кеңейту және өңірлік мәселелерді бірлесіп шешу бағыттарында айшықты көрініс тапты. Бүгінде аймақ елдерінің алдында тұрған міндеттерді бір мемлекет жеке шеше алмайды. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, инвестиция тарту, көлік-логистикалық бағыттарды дамыту және су-энергетика мәселелерін келісім арқылы реттеу — барлығына ортақ басымдықтар. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның бастамалары мен дипломатиялық ұстанымы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етіп келеді. Алдағы кезеңде бұл рөлдің қаншалықты нәтижелі болатыны қабылданған келісімдердің нақты іске асуына, өзара сенімнің сақталуына және бес елдің ортақ мүдделерді үйлестіре білуіне байланысты. Өйткені Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуі — әр мемлекеттің жеке жетістігі ғана емес, тұтас өңірдің болашағын айқындайтын ортақ мақсат.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью