Қазақстанның ОСК делегациясы Арменияда өткен сайлауда халықаралық байқауға қатысты

10.06.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

gov.kz

ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Армения Республикасының Ұлттық Жиналысы депутаттарының сайлауын халықаралық байқауға қатысты.

Сондай-ақ халықаралық байқаушылар қатарында ОСК мүшелері Азамат Айманақұмов пен Ләззат Сүйіндік, Қостанай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының «Инженерлік-техникалық орталығы» РМК өкілдері болды.

Арменияға келгеннен кейін халықаралық байқаушылар үшін парламенттік сайлауды өткізуге дайындық шаралары мен оның негізгі аспектілері бойынша таныстырылым ұйымдастырылды.

Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимянмен екіжақты кездесу өткізілді. Ол сайлау науқанының барысы, қолданылып жатқан технологиялық шешімдер және электоралдық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы айтып берді.

Тараптар сайлауды ұйымдастыру мәселелері бойынша кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тәжірибе алмасуды жалғастыруға мүдделі екендерін білдірді.

Сайлау күні Қазақстан ОСК өкілдері Ереван қаласындағы № 9/11, 9/12, 9/19, 9/28, 9/29, 9/35, 9/36, 9/41, 9/43, 9/44, 9/46, 9/49, 9/50, 9/60  сайлау учаскелерінде болып, сайлау комиссияларының жұмысымен және дауыс берушілер үшін жасалған жағдайлармен танысты. Сондай-ақ делегация делегация сайлау учаскелеріндегі дауыс берудің аяқталуын ұйымдастыру және бюллетеньдерді санау рәсімдерін байқауға қатысты.

Көру қабілеті бұзылған тұлғалардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін оларға сайлау бюллетеньдеріне арналған Брайль шрифтісі бар трафареттер ұсынылды.

Дауыс беру барысы мен алдын-ала қорытындылар Армения ОСК-ның Ақпарат орталығында қолжетімді болды.

Байқау қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров Армения Республикасы Ұлттық Жиналысы депутаттарының сайлауы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және ұлттық заңнамада белгіленген рәсімдердің сақталғанын атап өтті. Сайлаушыларды анықтайтын технологиялар пайдаланылды.

Армения, АҚШ, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстан, Эстония Орталық сайлау органдары делегацияларымен кездесулер барысында Нұрлан Әбдіров Қазақстанда өткен республикалық референдумның қорытындылары, жаңартылған Конституцияның негізгі ережелері және сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ Ортсайлауком басшысы әріптестерін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауын халықаралық байқауға қатысуға шақырды.

Анықтама үшін

Армения Республикасы - парламенттік республика. Ұлттық Жиналыс - елдің бір палаталы парламенті, оның депутаттары бес жыл мерзімге пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады. Парламентке өту үшін саяси партия сайлаушылардың кемінде 4 пайыз дауысын жинауы тиіс. Екі партиядан тұратын блок үшін 8 пайыздық өту шегі белгіленген, ал үш және одан да көп партиялардың бірлестіктері үшін - 10 пайыз.

Бүгін, 10:47

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью