Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Bloomberg Қарашығанақ мұнайын игеруші компаниялар халықаралық төрелікте ұтылып, Қазақстанға 4 млрд долларға дейін өтемақы төлеуі мүмкін екенін жазған болатын.
– Жалпы Қарашығанақ жобасы өнімді бөлісу келісімшартымен жұмыс істеп келеді. Бұл дегеніміз – жобаға жұмсалған қаражат өндірілген мұнай есебінен өтелу керек дегенді білдіреді. 2010-2018 жылдар арасында инвесторлардың шығынын есептеуде дау туындап, PSA деген құзыретті орган мемлекет атынан халықаралық арбитражға шағымданған. Инвесторлар тендерлік жобалардың бюджетін шамадан тыс көбейтіп, көп ақша жұмсады дегенге саяды ол шағым. 9 жылдың ішінде 4-5 млрд доллар заңсыз жұмсалды деген есептер болды. Осыған орай шағым қабылданып, халықаралық төреші дауды қарастырған, - деп еске алады сарапшы.
Оның айтуына қарағанда, сотта Қазақстан тарапы түпкілікті жеңсе, барлық инвесторлар өтемақыны бөліп төлейді.
– Нақты ақтық сома әлі белгісіз. Бірақ 2-4 млрд доллар арасында өтемақы төлеу керек деп жатыр. Демек әр инвестор жобадағы үлес салмағына қарай осы ақшаны мемлекетке төлеу керек болады. Сот түпкілікті шешім шығарса, өтемақы биыл төленеді. Жалпы сот шешімі болған жағдайда инвесторлар қайта шағымдануы мүмкін. Бірақ халықаралық төрешілер қайта қараған жағдайда да Қазақстан пайдасына шешім шығарады деп ойлаймын. Қазақстанның жеңу мүмкіндігі кемінде бір 70-90 пайыз болады. Бұған еш күмән жоқ, - дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Мұнай сарапшысы Қарашығанақтың айналасындағы негізгі төрелік іске де тоқталды.
– Қарашығанақ жобасы бұдан басқа да төрелік істе қаралып жатыр. Ең үлкен төрелік сол жақта. Онда ескерілмейтін шығын сомасы 13,5 млрд доллар делінген. Қазақстан инвесторлар 13,5 млрд доллардың тендерін дұрыс өткізбегенін алға тартып мұнай бөлісуде бұл шығынды ескермейміз деген талап қойып отыр. Оның үстіне Қазақстан инвесторлардың кесірінен 1,5 млн баррель мұнай өндіру қуатына жете алмағанын алға тартып, инвесторлар бірінші фазада тоқтап қалғандықтан, 150 млрд долларға дейін табыс көзінен айырылдық деген уәжбен соттасып жатыр. Бұл Қарашығанақтың оң нәтижесі болашақта Қашаған жобасына міндетті түрде жақсы жағынан әсер етеді деп ойлаймын, - дейді ол.
Нұрлан Жұмағұлов Қарашығанақ жобасының айналысындағы төрелік істің нәтижесі Қазақстан мұнайын игеруші компаниялардың бәріне үлкен белгі болатынын айтады.
– Жалпы үш алып жоба (Өзен, Қашаған, Қарашығанақ) бойынша мерзімді ұзарту жөніндегі келіссөздерге әсерін айтсақ, бұл іс жалпы сигнал деуге болады. Қазақстан бұрынғыдай «бананды» мемлекет емес. Халықаралық деңгейде, трибунада, халықаралық төрелік арқылы өз ұстанымын дәлелдей алатынын көрсетіп жатыр. Келісімшарттарды қазіргі инвесторлармен ұзартатын болса, Қазақстан жаңа талаптарын әбден сұрауы мүмкін. Жалпы сигнал деп отырғаным сол. Өйткені халықаралық деңгейде Қазақстанның талаптарын төрелік етушілер дұрыс деп бағалап отыр, - деді сарапшы.
Энергетика министрлігі әзірге Bloomberg жариялаған ақпаратқа қатысты қандай да бір мәлімет беруден тартынып отыр.
– Аталған арбитражға қатысты барлық материалдар, оның ішінде істің нақты мән-жайы туралы мәліметтер, өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің, сондай-ақ дау тараптары арасындағы арбитраждық келісімнің құпиялылық режиміне жатады және бұл талап процестің барлық қатысушылары үшін міндетті болып табылады. Осыған байланысты Энергетика министрлігінің құзыретті орган тарапынан шектеулер алынғанға дейін қаралып жатқан іс бойынша ақпаратты жариялауға, түсіндірме беруге, пікір білдіруге немесе талқылауға құқығы жоқ. Құпиялылық режимі өзгертілгенге дейін қосымша ақпарат беру мүмкін емес, - деп жазылған ресми жауапта.