Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Есіл ауданы Николаевка ауылына қоныс тепкен қандастар референдум күні таңертең бір отбасыдай болып жиналып, ұлттық киім киіп дауыс беруге келді. Бұл оқиға ауыл тұрғындары үшін ерекше әрі тарихи сәтке айналды.
Фото: Далабай НұрланұлыТоқтарбек Алашбекұлы бұл елді мекенге 2023 жылы Қытайдан бала-шағасымен қоныс аударған. Екі күн бұрын жұбайы босанып, дүниеге қызы келді.
- Әйелім Астанада босанды, әлі үйге жеткен жоқ. 18 жастағы ұлым Нөсер жолда. Ол Астанадағы колледжде құрылысшы мамандығына оқып жатыр. Кешке дейін келіп, ол да дауыс беретін болады. Екінші ұлым әлі кішкентай. Қазақстанның азаматы болғаннан кейін құқымызды пайдаланып, таңертең таңдауымызды жасап келдік. Елдегі жағдайды назарда ұстап отырмыз, еліміздің алған бағыты дұрыс деп ойлаймын. Атамекенде бірінші рет осындай науқанға қатысып отырмын. Бұл күнге де аман-есен жеткеніме қуаныштымын, - дейді Тоқтарбек Алашбекұлы.
Қазақстанға қоныс аударған Тоқтарбек қазір төрт түліктің басын көбейтіп, мал шаруашылығын дамытып жатыр. Жоспары көп.
Фото: Далабай Нұрланұлы- Ерінбеген адамға елімізде барлық мүмкіндік бар ғой жақсы тұрмыс құруға. Келген кезде екі сиырым ғана болған, қазір шүкір, жылқыларым, қара малым, қой-ешкім бар. Енді мемлекеттік бағдарламаға қатысып, грант алып түйе басын көбейткім келеді. Биыл жазда ауыл маңында екі киіз үй құрып, бие байладым. Жаз бойы құрт, май, ірімшік саттық, - дейді қандас.
Бүгінде Николаевка ауылында шеттен көшіп келген 35 отбасы, 200-ге жуық адам тұрып жатыр. Олардың ішінде қандастардан бөлек, еліміздің оңтүстік өңірлерінен келгендер де бар.
Фото: Далабай НұрланұлыҚоныс аударғандардың басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысып, ауылдың тұрмысын жақсартуға үлес қосып келеді. Олар жаңа жерде тамыр жайып, тұрмысын түзеп қана қоймай, қоғам өміріне де белсене араласып жатыр.
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда бір топ әже әндете келіп дауыс бергенін жазған едік.