Tengrinews.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Солтүстік Қазақстан облысына жыл басынан бері еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен 738 отбасы, сондай-ақ қандастар қоныс аударды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz 24.kz сюжетіне сілтеме жасап.
Болашағын Солтүстік Қазақстанмен байланыстырғандардың бірі - 19 жастағы Кемаль Енелеев. Ол осыдан екі жыл бұрын қоныс аудару бағдарламасы бойынша Кентаудан Петропавлға көшіп келген. Қазір ірі электротехникалық кәсіпорында жұмыс істейді және жоғары білім алып жатыр.
"Петропавлға екі жыл бұрын қоныс аудару бағдарламасымен келдім. Осында зауыт арқылы пәтер сатып алдым. Соның ақысын төлеп жатырмын, жұмыс істеймін. Мемлекеттен 4,5 миллион теңге алып, оны өз баспанама жұмсадым", - деді қоныс аударушы.
Қоныс аударушылар мен қандастардың жаңа жерге бейімделуіне еңбек мобильділігі орталықтарының мамандары көмектеседі. Олар 13 ауданда және облыс орталығында жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтқандай, басты міндеттердің бірі - қоныс аударушыларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Ол мансап орталықтарына оңтүстік өңірлерде ақпараттық науқанды күшейтуді ұсынды, бұл әлеуетті қоныс аударушылардың теріскейге көшу мүмкіндіктері туралы көбірек білуі үшін қажет.
"Ең бастысы - жұмысқа орналастыру. Қазір бізде мансап орталықтары мынадай принциппен жұмыс істейді: адам келсе кеңес береді, келмесе келесісін күтеді. Біз бұл жұмысты өзгертіп жатырмыз. Сандық жұмыспен қамту қызметі, яғни мобильді қосымша енгізіліп жатыр. Ол арқылы жұмыс іздеген әрбір азамат мансап орталығына бармай-ақ, жұмысты тезірек таба алады", - деді министр.
Телеканал мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келгендердің бәріне мемлекеттік қолдау көрсетіледі: көшуге арналған біржолғы төлемдер, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметтерді төлеуге субсидиялар, сондай-ақ жұмысқа орналасуға көмек беріледі.
Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға жеке баспана сатып алуға көмектесетін 7 миллион теңгелік экономикалық мобильділік сертификаты қолжетімді. Жыл аяғына дейін облыс бойынша оңтүстік өңірлерден барлығы 800 отбасын қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ қандастардың 65 отбасы үшін квота қарастырылған.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу