Қазақстанның тәуелсіз театрлары: Алматыдағы инклюзивті театр неге ақша іздеп жатыр

11.08.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Алматылық әлеуметтік театрлардың бірінің ұжымы жалдау ақысы мен педагогтердің еңбегін өтеуге қаражат жетпей жатқанын мәлімдеді.

Бұл жоба - Алматыдағы инклюзивті практикалармен айналысатын, яғни денсаулық сақтау және даму ерекшеліктері бар адамдарды қолдайтын, сондай-ақ қоғамда даусы естіле бермейтіндерге мінбер сыйлайтын санаулы жобаның бірі. Tengrinews.kz осы театрдың мысалында еліміздегі тәуелсіз театрлардың қалай күн көріп жатқанын, оларға қанша қаражат қажет екенін және сарапшылардың неге оларды қоғам үшін өте маңызды деп санайтынын зерттеп көрді. 

Әлеуметтік театр дегеніміз не және ол әлемге не үшін қажет?

Әлеуметтік театр деп әдетте энтузиастардың шағын тәуелсіз жобаларын, яғни әлеуметтік өзгерістер театрларын атайды. Олар не маңызды, бірақ қоғам үшін жабық тақырыптарды қозғайды (мысалы, үйсіздік тәжірибесі немесе мүгедектігі бар адамның өмірі), не мәдениетте, қоғамда, медиада көрінбей жүрген жандарға сахна береді.

Мұндай жобалардың тек бізде ғана емес, жалпы әлемде қалай және не үшін жұмыс істейтінін түсіну үшін біз беделді сарапшы, продюсер, театр сыншысы әрі ГИТИС-тегі (Ресей театр өнері институты) "Әлеуметтік театр" магистрлік бағдарламасының негізін қалаушы Елена Ковальскаяға жүгіндік.

- Теңсіздіктің барлық формасын азайту - қоғамның да, мемлекеттің де міндеті. Көптеген елде мәдениетке осындай міндеттер жүктелген, - деп түсіндіреді ол.

Шын мәнінде, мемлекеттік мәдени саясат әлемде Екінші дүниежүзілік соғыс және оның қасіретінен кейін қалыптасты. Оның негізінде адамдардың бір-бірін қайтадан адам ретінде қабылдамай, адамгершіліктен айрылуына жол бермеуге тек мәдениет қана ықпал ете алады деген түсінік жатты.

Сондықтан шеттетілгендерді - мүгедектігі бар жандарды, жұмысынан айырылғандарды, мигранттарды, зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды, түрмеде болғандарды және т.б. қоғамға қосу жұмысы суретші мен мемлекет арасындағы келісімнің бір бөлігі болып табылады.

Тәжірибеде мұндай шеттетілгендерді қоғамға бейімдеумен шағын жеке компаниялар - дәл сол әлеуметтік театрлар айналысады. Сондықтан да қоғам да, мемлекет те оларға қолдау көрсетуге міндетті.

Көптеген елде жағдай осылай. Елена Ковальскаяның айтуынша, әлемде өнерді қолдаудың модельдері онша көп емес.

Мәдени саясаттың төрт моделі: АҚШ, Еуропа, Ұлыбритания, Қазақстан

- Әлемде ел көп, бірақ мәдени саясаттың, демек, тәуелсіз театрды қолдаудың небәрі төрт түрі бар, - деп жалғастырды сарапшы.

Америкада либертариандық мәдени саясат орныққан (яғни мемлекеттің араласуы барынша аз - ред. ескертпесі) және мәдениетке мемлекеттен қаражат бөлінбейді, тіпті Мәдениет министрлігі де жоқ. Онда мәдениет пен өнер арнайы салық салу жүйесі, сондай-ақ компаниялар, қорлар мен жеке тұлғалардың қолдауы арқылы өмір сүреді. Орталық Еуропада мемлекет әлеуметтік жұмысты мемлекеттік мекемелерге жүктейді және әлеуметтік жұмыспен айналысатын өнер мен мәдениетті түрлі формада қолдайды. Ұлыбританияда - "созылған қол саясаты" (arm’s length principle) қолданылады, мәдениетке бөлінетін мемлекеттік қаражатты бөлуде суретшілердің өздері шешуші рөл атқарады. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де - бұл Arts Council органы қоғамның міндеттерін шешетін мәдениетті де қолдайды. Қазақстан, Франция, Ресей немесе Қытайда - патерналистік мәдени саясат. Яғни, мәдениетті ұйымдастыру мен қаржыландыруда мемлекет шешуші рөл атқарады.

Ресейде мемлекеттің үлкен гранттық бағдарламалары бар, инклюзивті театрлар осындай гранттар арқылы қолдау табады. Бірақ жеке сектор өзінің әлеуметтік жауапкершілігін мойындай отырып, қайырымдылық бөлімдері немесе арнайы құрылған қорлар арқылы мәдениет арқылы қоғамды өзгертуге қатысады. Мұндай қолдау жеткіліксіз, бірақ бұның өзі неге тұрады, деп санайды Ковальская.

Қазақстанда мұндай театрлар не есебінен өмір сүре алады?

Әлеуметтік жобалар қолдаусыз өмір сүре алмайды. Тәуелсіз театрлардың көпшілігінің қойылымдарынан түскен табыс барлық қатысушының жұмысын өтеуге жетпейді.

Кез келген әлеуметтік жоба, яғни қоғамға көмектесуге бағытталған іс сияқты, оларға сол қоғам тарапынан қорғау мен қолдау қажет. Оның формасы әртүрлі болуы мүмкін: жанашыр жандардың донаттары, мемлекеттік немесе жеке гранттар, үй-жайды тегін жалдау. Маңыздысы - қолдаусыз бұл жобалардың аман қалуы мүмкін емес.

Жақында Алматыда осындай әлеуметтік театрлардың бірі жалдау ақысы мен педагогтер шығынын жабуға қаражат жетпей жатқанын мәлімдеді. Бұл - Adamdart инклюзивті жобасы.

Куратор әрі жобаның негізін қалаушылардың бірі Андрий Пащенко біздің тілшімізбен әңгімесінде Adamdart-тың 2022 жылы қалай пайда болғанын айтып берді.

- Біз инклюзивті топ құрудан бастадық - бұл біздің барлық жұмысымыздың негізі. Ол ешқашан тоқтамайды - мерекелерде де, демалыс күндері де, қандай да бір дағдарыс сәттерінде де жұмыс істей береді.

- Оған нақты бір ерекшеліктері бар адамдар кіре ме? - деп нақтыладық біз.

- Бұған дейін басқа инклюзивті жобаларда жұмыс істеп жүргенде, маған сегрегация, яғни тек бір диагнозды, айталық, тек аутизм немесе тек Даун синдромын бөліп алып жұмыс істеу тәсілі онша ұнамайтын.

Мұның бәрі - өте керемет оқиғалар, жақсы кейстер, олардың мақсаты да түсінікті, бірақ менің көңілім толмады. Біздің алдымызда қиын міндет тұрды: қатысуға қызығушылық танытқан басқа топтарға қалай көмектесуге болады? Алматыда мен сәл утопиялық жоба жасағым келді - диагнозына, жасына немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан мүлдем ашық театр құруды ұйғардым.

Біз тек жас мөлшеріне шектеу қойдық - 14 жастан бастап, өйткені әдістемелік тұрғыдан балалармен жұмыс істеудің жөні бөлек.

Нәтижесінде театрда түрлі топтар мен олардың жан жарасын көрсететін бірнеше спектакль пайда болды. Мысалы, "Сәлем, мен қаладамын" перформанс-ойыны тек Алматыда ғана емес, Берлинде де табысты өтті. Бұл қойылымда көрермендермен бірге қиялдағы қала құрылып, онда нақты мәселелер, соның ішінде аутсайдер-топтардың түйткілдері моделденеді.

Adamdart театрының "Утечка" спектаклінен көрініс. Суретті театр ұсынған

Немесе, мысалы, оларда Көкшетаудағы мектеп-лицей туралы 2007 жылғы түлектердің сұхбатына негізделген деректі спектакль бар. 12–13 жастағы 26 ұл бала бұрынғы балабақшаның тар ғимаратында, бір бөлмеде 14 адамнан тұрған. Спектакльде әлімжеттік, төбелес, буллинг, бөлмелер арасындағы "соғыстар", тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, сонымен қатар достық, есею және жабық жасөспірімдер ортасында аман қалу жолдары туралы айтылады.

АИТВ-мен өмір сүретін адамның тағдыры туралы қойылым немесе оқиғасы постапокалиптикалық шындықта өрбитін, 50-ден асқан кәсіби емес актрисалар ойнайтын "Утечка" спектаклі бар.

Бұдан бөлек, Adamdart қала тұрғындары үшін ағартушылық дәрістер, мүгедектігі бар жандармен сабақтар өткізеді және оларды кәсіби қызметке интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс атқарады.

Режиссер Інжу Әбеудің "Жұрымбек Жүке. Өмірі мен қызметі туралы дәптерлер" спектаклінен көрініс. Суретті театр ұсынған

Андрий Пащенконың айтуынша, басында олардың театры бір қордың есебінен жұмыс істеген - ол ғимарат беріп, педагогтердің жалақысын төлеп тұрған. Алайда Adamdart алған кез келген донат, сыйақы мен грант қордың ортақ бюджетінде қалып қоятын. Осындай шарттардың кесірінен олардың жолдары екіге айырылды.

"Біз бөлек өмір сүре бастадық. Заңды тұлға құрдық. Осылайша жаңа өмір басталды, бәрі жақсарды, өйткені бәрі ашық, айқын әрі түсінікті болды, - деп еске алады Пащенко. - Бізде ешқашан демеушілер мен серіктестер болған емес - әрқашан донат жинаймыз, оған қоса спектакль билеттері мен жеке қайырымдылықтар бар".

Осындай қайырымдылықтардың бірі тұрақты сипатқа ие болды - бір меценат 500 мың теңге шамасындағы ғимарат жалдау ақысын жалғыз өзі өтеп тұрды. Бірақ екі айға жуық уақыт бұрын ол жеке жағдайларына байланысты бұдан былай көмектесе алмайтынын театрға хабарлады.

"Бұндайды күтпеген едік, сондықтан қазір белсенді түрде қолдау іздеп жатырмыз. Біз ешқашан грантқа өтінім берген емеспіз. Бір жағынан бұған уақыт бөлетін адам да болмады. Кейде грант толтыруға және тағы басқаларға шамамыз жетпей қалады. Ешқайсымыз жалақы алмаймыз - Adamdart-пен қатар қазір басқа жерлерде жұмыс істейміз", - дейді театр кураторы.

Ол сөзін жалғастырды:

- Осыған дейін дейін адамдар шотқа 550 мың жинап берді - бес жүз, мың теңгеден және т.б. (12 маусымдағы жағдай бойынша, театр қаржылық қиындықтар туралы мәлімдеген кезде - ред. ескертпесі). Өте көп адам атсалысты. Маусым мен шілденің ақысын төледік.

Бірақ тұрақтылық тұрғысынан алғанда... егер біз бұл кеңістіктен айырылсақ та, жұмысымызды жалғастыра береміз. Бізде театрды ұйымдастыру жүйесі жолға қойылған және процестер жұмыс істеп тұр. Тек осы ғимаратты жоғалтқымыз келмейді.

Біз алғаш рет бірінші қабаттан өз кеңістігімізді таптық. Ал бізде, айталық, ДЦП (балалардың церебралды сал ауруы) бар көптеген актерлер бар, оларға лифт болса да жоғары көтерілу өте қиын. Ал мұнда тіпті баспалдақ та жоқ. Бұл -  ешқандай табалдырығы жоқ тегіс кеңістік.

Adamdart Алматыдағы екі қабатты тұрғын үйлердің бірінің бірінші қабатында орналасқан.

Алматыдағы шағын әлеуметтік театрдың ең төменгі деңгейде өмір сүруіне қанша ақша қажет екені қызық. Бізге ғимаратты жалдау және тьюторлардың (ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сүйемелдеу жасайтындар) жұмысын төлеу үшін айына миллион теңгеге жуық қаражат қажет екенін айтты.

Алматы әкімдігі не деп жауап берді: 2026 жылы қолдау болмайды

Редакциямыз Adamdart төңірегіндегі жағдайға байланысты Алматы әкімдігіне сауал жолдады.

Мәдениет басқармасы қазір театрға көмектесуге мүмкіндік жоқ екенін, бірақ ол келесі жылы пайда болуы мүмкін екенін айтып отыр.

"Алматы қаласы Мәдениет басқармасының 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілуіне байланысты, Adamdart театрының қызметіне қолдау көрсету мүмкіндігі басқарманың алдағы кезеңдерге арналған қызметін жоспарлау кезінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында қаралатын болады".

Мемлекеттен ғимаратты тегін алуға бола ма?

Тікелей қаржыландыру бойынша нұсқалар әлі де табылуы мүмкін болса, әкімдік ғимаратты өтеусіз пайдалануға беру мәселесінде заң деңгейінде көмектесе алмайды.

"Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында мемлекеттік мүлікті мемлекеттік емес заңды және жеке тұлғаларға өтеусіз негізде мүліктік жалдауға (жалға) беру қарастырылмаған", - деді мемлекеттік активтер басқармасы өкілдері.

Сонымен қатар, мемлекеттік орган мемлекет коммерциялық негізде ұсына алатын бос үй-жайларды іздеудің ашық тетігі бар екенін түсіндіреді:

"Қағидаларға сәйкес, бос және пайдаланылмайтын объектілер туралы мәліметтерді теңгерім ұстаушылар ұсынады және олардың келіп түсуіне қарай Мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрон форматта орналастырылады".

Ереже бойынша, мемлекеттік мүлікті жалға беру кез келген жеке немесе заңды тұлға қатыса алатын электрондық тендер арқылы жүзеге асырылады. Объект үшін ең жоғары жалдау ақысын ұсынған және конкурс туралы хабарламада көрсетілген талаптарға сәйкес келетін қатысушы тендер жеңімпазы болып танылады.

"Осыған байланысты, бос объектілер туралы өзекті ақпарат алу және өткізілетін электрон тендерлерге қатысу үшін e-Qazyna.kz веб-порталына мониторинг жүргізуді ұсынамыз", - деп толықтырды ведомство біздің сауалымызға берген жауабында.

Қазақстандағы басқа тәуелсіз театрлардың жай-күйі қандай?

Қаржыландыру мәселесі өнер саласындағы көптеген тәуелсіз ұйымға таныс.

Сондықтан продюсер, драматург және Қазақстандағы театр туралы ең танымал Telegram-арнаның авторы Ольга Малышева тәуелсіз театрларды қолдаудың ашық жүйесін құру қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетілді деп санайды.

"Кішкентай тәуелсіз театрдың қаржылық көмекке мұқтаждығы туындаған сайын, бұл жағдай маған өте ыңғайсыз көрінеді", - дейді Малышева өз эмоциясын сипаттап.

Оның пікірінше, жергілікті өнер қоғам, бизнес және мемлекеттің қолдауына зәру.

"Бір жағынан, мемлекетте тәуелсіз мәдениет секторын, атап айтқанда, тәуелсіз театрды қолдаудың қандай да бір парасатты құралы болса жақсы болар еді, - дейді драматург. - Бірақ біз әр кез өзімізге: "Оның қарымына не береміз?" деген сұрақ қоямыз. Бұл маңызды коммуникацияның орнамауына, бәлкім, театрдың өз еркімен немесе мүмкіндігінің жоқтығынан орындай алмайтын қандай да бір міндеттемелерге тап болудан қауіптенуі себеп шығар".

Дегенмен, мемлекетпен ынтымақтастықтың сәтті мысалдары бар, деп жалғастырды Малышева.

"Мысалы, алғашқы ғимаратынан айырылып, ұзақ уақыт бойы әртүрлі алаңдарды паналап жүрген "Трансформа" театры қазір қалаға тиесілі ғимаратта жалдау ақысынсыз отыр".

Мемлекет пен тәуелсіз өнердің өзара іс-қимылының тағы бір оң мысалы - ÓzgeEpic. Ол Алматы, Астана және Түркістан қалаларында жұмыс істейді және муниципалитеттер тарапынан қолдау тауып отыр.

ÓzgeEpic - 2019 жылы Алматыда заманауи қазақстандық өнерді және креативті индустрия өкілдерін қолдау мақсатында құрылған тәуелсіз мәдени бастама. Уақыт өте келе жоба театрландырылған қойылымдар, көрмелер, концерттер, білім беру бағдарламалары мен шығармашылық зертханалар өтетін хабтар желісіне айналды. Кейіннен ÓzgeEpic-тің жекелеген жобалары мен алаңдары мемлекет пен квазимемлекеттік институттардың қолдауына ие болды.

"Трансформа" - 2018 жылы Алматыда заманауи театр, музыка және көркемсурет жобаларына арналған алаң ретінде ашылған тәуелсіз мәдени кеңістік. Оның миссиясы - жас авторлар мен тәуелсіз шығармашылық ұжымдарды қолдау, жаңа мәдени жобалар жасау және креативті менеджментті дамыту.

Театр сыншысы Елена Ковальская мемлекетпен өзара әрекеттесу мәселесінде театр қолдау сұрамай, ортақ іске қатысуды ұсынуы керек деп есептейді.

"Біз инклюзивті театрмен айналысамыз. Біз әлемді ізгілендіреміз. Осыны бірге жасайық" - міне, бұл дұрыс ұстаным. Қайыршыланбай, әлемімізді жақсы жаққа бірге өзгертуді ұсыну керек", - дейді сарапшы өз көзқарасымен бөлісіп.

Бұл ретте ол тұрақты даму үшін тәуелсіз театрдың бюджеті әртүрлі көздерден - мемлекеттік гранттардан, түрлі қорлардың қаражатынан, жеке табыстан, жеке тұлғалардың қолдауынан және т.б. құралуы тиіс екенін атап өтті.

"Бюджетті әртараптандыру - әмбебап формула", - деп толықтырды сарапшы.

Қазақстанда қанша мемлекеттік емес театр бар және оларды қолдаудың қандай тетіктері қарастырылған?

Редакция қосымша ақпарат алу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне де жүгінді.

Министрліктің біздің сауалымызға берген жауабында қазіргі уақытта Қазақстанда 25 мемлекеттік емес театр бары, олардың басым бөлігі Алматыда шоғырланғаны айтылған. Сондай-ақ, қазіргі заңнамада мұндай ұжымдарға тікелей қаржылай қолдау көрсету тетіктері қарастырылмаған, десе де ведомство өз құзыреті шеңберінде көмек беруге тырысатынын жеткізді:

"Мемлекеттік емес театрлар мемлекеттік театрлармен тең дәрежеде министрлік өткізетін республикалық және халықаралық театр фестивальдеріне қатысады. Фестивальдер аясында қатысушылардың ұйымдастыру шығындары өтеледі, ал жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталады".

Сонымен қатар, министрлік гастрольдік іс-шараларды ұйымдастыруға да жәрдемдесетінін қосып өтті. Мысалы, биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Qazaq Inclusive Theatre инклюзивті театры мен Stages театрының еліміздің өңірлеріне гастрольдік сапарлары ұйымдастырылған.

"Мемлекеттік емес театр өкілдері министрлік ұйымдастыратын білім беру шараларына, шеберлік сағаттарына, шығармашылық зертханалар мен салалық форумдарға тұрақты түрде қатысып тұрады. Жекелеген театрлардың халықаралық фестивальдерге қатысуына қолғабыс көрсетіліп, мемлекеттік емес театрлардың режиссерлері мен актерлері шығармашылық жобаларды іске асыруға және сарапшылық қызметке тартылады. Сондай-ақ, мемлекеттік емес театр қызметкерлері ведомстволық және мемлекеттік наградалармен марапатталады", - делінген ведомство жауабында.

Бизнес неге тәуелсіз театрларды қолдауға құлықсыз?

Театрдың бизнеспен ынтымақтастығына келетін болсақ, сыншы Ольга Малышева біздің елде бұл процесс мемлекетпен өзара әрекеттесуден де қиын екеніне сенімді.

"Бизнес тарапынан театр өнерін тұрақты қолдаудың мысалдары өте аз. Ол не жеткілікті дәрежеде ұзаққа созылмайды, не мүлдем мардымсыз, - деп түсіндіреді ол. - Бұл үнемі басшылар мен маркетинг бөлімдерінің табалдырығын тоздырып, өзіңді бейшара сезініп, ақша тілеп жүргендей күй кешетін жағдай. Солай бола тұра, іс жүзінде бұл бизнес пен театр институциясының өзара тиімді ынтымақтастығы болуы мүмкін еді".

Әрине, қаржы бөлетін компаниялар аз емес екенін Малышева да жоққа шығармайды. Ол бірнеше мысал келтірді: "ARTиШОК" театрының жалдау ақысын түрлі бизнес өкілдері өтеп берген, ал "Действие буквально" инклюзивті театрының кәсіпкерлермен жұмыс істеуде оң тәжірибесі болған. Бірақ, спикердің айтуынша, мәселе қолдаудың мүлдем жоқтығында емес, оның бір реттік және кездейсоқ сипатта болуында, яғни бұл жерде жүйе жоқ.

"Егер өнерді қолдауға мүдделі меценаттар біріккен мәдени жобалар қоры болса, оның гранттарына үміткер болуға, питчингтер өткізуге және ақша алу үшін өтінім беруге мүмкіндік туар еді, - дейді Ольга Малышева. - Бұл маңызды әрі ыңғайлы болар еді, ең бастысы - ұзақ мерзімді перспективаға ие болар еді. Театрда продакшн құны өте төмен, өйткені театр жасау үшін ең бастысы - адам керек. Яғни гранттар аса үлкен болмауы да мүмкін. Қалай болғанда да, бұл театр өнерінің дамуына лайықты үлес болар еді".

Спикер сөзін түйіндей келе, шағын театр жобаларының тағдыры дәл осындай жүйенің арқасында басқаша қалыптасуы мүмкін екенін айтады:

"Мәселе тәуелсіз театрдың мемлекеттік немесе бизнес тарапынан қолдауының жоқтығында емес. Қолдау бар. Мәселе - сол қолдаудың жүйесіздігінде. Егер мұның бәрі түсінікті, ашық және ұзақ мерзімді жүйеде болса, тәуелсіз театрдың келесі айдың жалдау ақысын төлеуге ақшасы жетпей қалатын жағдайлар мүлдем болмас еді".

Тәуелсіз әлеуметтік театрларды қолдау неге маңызды?

Бірақ тек бизнестен немесе мемлекеттік органнан үлкен қолдау күтіп отыру да шешім емес. Әрбір бейжай қарамайтын адам өз үлесін қоса алады.

Мұндай қолдаудың қоғам үшін маңыздылығын Елена Ковальская бізбен әңгіме барысында былай тұжырымдайды:

- Қоғам бір жағынан мемлекеттен мәдениеттегі мемлекеттік емес секторды қолдау үшін гранттық бағдарламалар жасауды талап ете алады, екінші жағынан - осы секторды, соның ішінде инклюзивті театрларды дәл қазір және осы жерде қолдай алады: ай сайынғы донаттар, бір реттік қайырымдылықтар немесе краудфандинг бағдарламалары арқылы. Қалай болса да - тегін орын табуға көмектесу, жөндеу жұмыстарына жәрдемдесу, көлік беру немесе жұмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету арқылы.

Қоғамға инклюзивті театрлардың қойылымдарын көру неге маңызды және қажет? Неге оларды қолдау керек?

- Өйткені театрдың өзгертуші күші бар. Біз дамуы мен денсаулығында ерекшеліктері бар адамдармен бір кеңістікте кездескенде, шығармашылық актіде бірге болғанда, біз әркімге орын табылатын болашақтың жақсы әлеміне тап болғандай боламыз.

Болашақтың инклюзивті әлемі шынайы ізгі және шын мәнінде әдемі, яғни сан алуан әрі түрлі-түсті болады. Егер театр осы шақта болашақтың бейнесін жасай алса, егер көрермендер театрда болашақтың лебін сезінсе, олар сол тәжірибесін айналасындағы өмірде қайталағысы келеді.

Қалада инклюзивті орта қалыптастыруға күш салып, ерекше қажеттіліктері мен денсаулығында кінәраты бар жандар үшін жұмыс орындарын ашады. Театрдан шабыт алған адамдар өмірді өзгертеді. "Дәл қазір бір шағын инклюзивті театрға қолдау көрсету - әлемді біршама мейірімді әрі сан алуан ету деген сөз", - дейді Ковальская нық сеніммен.

Авторы: Антон Алексеев

Аударған: Дина Шәріпхан

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью