Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Конституциялық комиссия ұсынған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – мемлекеттік дамудың жаңа логикасын айқындайтын іргелі құжат. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі, профессор Қарлығаш Усеинова мәлімдеді.
– Ең алдымен назар аударатын тұс – Преамбула. Ол бұл жолы формальды декларация шеңберінен шығып, конституциялық мағынаның өзегіне айналған. Ұлы даланың тарихи сабақтастығы, унитарлық мемлекеттің мызғымастығы, аумақтық тұтастық, «Әділетті Қазақстан» идеясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, білім, ғылым, инновация, экологиялық жауапкершілік – мұның барлығы мемлекет дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын құндылықтық бағдарлар ретінде бекітілген. Қазіргі конституционализмде преамбула – тек символ емес, ол құқықты түсіндірудің тірек нүктесіне айналды. Бұл тұрғыдан алғанда, жаңа мәтін болашақта Конституциялық Сот үшін де, заң қолдану практикасы үшін де маңызды методологиялық негіз қалыптастырады.
Азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтары жаңа жобада заманауи мазмұнмен толыққан. Әсіресе жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректерді қорғау, цифрлық технологияларды қолдану барысында адамның құқығын сақтау мәселелері тікелей конституциялық деңгейде бекітілген. Бұл нормалар цифрлық дәуір жағдайында адамның қадір-қасиетін қорғаудың құқықтық шегін айқындайды. Жобада мемлекеттік құрылыстың негіздері нақты әрі қатаң айқындалған. Қазақстанның унитарлық сипаты, тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісінің өзгермейтіндігі тікелей көрсетілген. Мұндай нормалар мемлекет тұрақтылығының құқықтық «қаңқасын» күшейтеді және кез келген саяси конъюнктурадан жоғары тұратын конституциялық шектеулерді белгілейді.
Елеулі институционалдық жаңалықтың бірі – заң шығару билік саласында. Құрылтай заң шығару билігін жүзеге асыратын бірпалаталы өкілді орган ретінде белгіленіп отыр. Бұл қадам заң шығару процесінің құрылымын, саяси өкілдік механизмдерін және қоғамдық мүдделердің көрініс табу форматын түбегейлі қайта ұйымдастырады. Құрылтай арқылы заң шығару билігі ұлттық деңгейде жинақталып, оның жауапкершілігі мен ашықтығына жаңа талаптар қойылады.
Жобада Қазақстан Халық Кеңесі де айрықша орын алады. Ол қоғам мен мемлекет арасындағы кең ауқымды диалог алаңы ретінде сипатталып, заң шығару бастамасы мен референдум ұсыну құқығына ие болады. Бұл – қоғамдық пікірдің институционалдық арнаға түсуіне мүмкіндік беретін жаңа құқықтық формат. Президент институты жобада егжей-тегжейлі рәсімделген. Өкілеттік мерзімінің айқындығы, бір рет қана сайлану қағидасы, қызметтен өз еркімен кету тәртібінің Конституциялық Сот арқылы бекітілуі – барлығы да жоғары биліктің құқықтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Президенттің Құрылтаймен өзара іс-қимылы да нақты процедуралармен реттеліп, саяси шешімдердің институционалдық салмағын арттырады.
Маңызды жаңалықтардың бірі – Конституциялық соттың рөлінің күшеюі. Ол тек ішкі құқықтық актілерді ғана емес, халықаралық ұйымдар мен олардың органдары шешімдерінің Конституцияға сәйкестігін бағалау құзыретіне ие болады. Бұл – құқықтық егемендікті нығайтатын, халықаралық міндеттемелер мен ұлттық конституциялық құндылықтардың тепе-теңдігін қамтамасыз ететін тетік. Жобада арнаулы құқықтық режимдерге де конституциялық негіз берілген. Жекелеген өңірлерде немесе «қарқынды дамитын қалаларда» басқару мен қаржылық реттеудің ерекше режимдерін енгізу мүмкіндігі айқындалған. Бұл норма аймақтық дамудың жаңа модельдерін заңды түрде сынақтан өткізуге жол ашады.
Тұтастай алғанда, ұсынылып отырған жоба Қазақстанның конституциялық дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Ол мемлекет пен азамат арасындағы сенімге, құқық үстемдігіне, институционалдық тұрақтылыққа және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген. Бұл құжат – бүгінгі күннің саяси қажеттілігінен ғана емес, ертеңгі мемлекеттің құқықтық бейнесінен туындаған жоба. Алдағы жалпыхалықтық талқылау осы мәтіннің мазмұнын терең түсінуге, оны қоғамдық сана арқылы сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді. Конституция – тек заңгерлердің құжаты емес, ол – бүкіл халықтың құқықтық келісімі, – деді Қарлығаш Усеинова.