Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Орта ғасырдағы қазақ жауынгерлері, қазіргі фрилансерлер мен цифрлық феодализм арасында қандай байланыс бар? Неліктен бір кездері қырға шығу жай ғана қоныс аудару емес, еркіндік пен тәуелсіздікті таңдауды білдірген? Қазақтың көне ұғымдары XXI ғасырда жаңа мағынаға ие бола ала ма? Мәдениеттанушы, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай осы сауалдар төңірегінде Tengrinews.kz сайтындағы авторлық мақаласында ой қозғайды.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Мәдениеттанушы Зира Наурызбай Tengrinews.kz сайтында орта ғасырлық қазақ терминдерін фриланс пен цифрлық экономиканың қазіргі контекстінде қайта пайымдау туралы бағанын жариялады. Оның Серікбол Қондыбайдың «Есен-қазақ» (Маңғыстау мен Үстірттің XIV ғасыры туралы) кітабының аудармасы жарық көргенін хабарлайды; кітаптағы идеялар бүгінгі процестермен байланыстырылған. «Қазақылық етуді» тарихи «еркін өмір сүру/қазақ болу» ретінде түсіндіреді және қазіргі заманғы аналогтарын ұсынады: мемлекеттік құрылымдардан/корпорациялардан өз бетінше жұмыс істеуге кету. «Қырға шығу» термині жайлылық аймағынан шығу, қашықтан жұмыс істеу деп түсіндіріледі; «өзден» (өжден) — еркін жауынгер, қазіргі таңда ЖК/өзін-өзі жұмыспен қамтушы/фрилансердің аналогы. Тарихи параллельдер келтірілген: XV–XVI ғасырлардағы бозбалалардың қазақылық етуі, Шалкиіз жыраудың (1465–1560) дәйексөздері; қазақ космосының негізгі оппозициясы ретіндегі «Сыр–Қыр» дихотомиясы. «Фрилансер» (free lances) терминінің жалдамалы рыцарьлардан қазіргі тәуелсіз мамандарға дейінгі эволюциясы түсіндіріледі; Әлихан Бөкейханның «Қыр баласы» бүркеншік есімі атап өтіледі. «Қазақылықты» неофеодализм/технофеодализм трендтеріне (ірі платформалар мен элиталарға тәуелділіктің артуы) жауап ретінде байланыстырады; бұл ұғымдардың пікірталасты екені атап өтіледі.
Сүйінші! Осыдан ширек ғасыр бұрын жазылған С.Қоңдыбайдың XIV ғасырдағы Маңғыстау мен Үстірт туралы "Есен-қазақ" кітабын аударып, жарыққа шығардым. Оқысаң, кітап дәл біз, бүгінгі заманымыз бен болашағымыз туралы жазылғандай әсер қалдырады. Тек қазір сол үдерістер басқа кеңістік пен уақытта жүріп жатыр. Содан ұмытыла бастаған тарихи ұғымдарды бүгінгі құбылыстарға қатысты қолдану қызық көрінді. Мысалы, "қазақылық ету" - қалыптасқан жүйеден, мемлекеттік қызметтен немесе корпоративтік ортадан шығып, өз бетіңше күн көру, тәуелсіз жұмыс істеу. "Қырға шығу" - үйреншікті ортадан шығып, қашықтан өмір сүріп, жұмыс істеу. Ал "өзден" (орысша "уздень") - жеке кәсіпкер, өз-өзін жұмыспен қамтыған адам немесе фрилансер.
Қазақылық ету деген не?Алдымен негізгі ұғымның мәнін ашып алайық. Ортағасырлық авторлардың еңбектерінде кездесетін "қазақылық ету" ("қазақылық ету", сөзбе-сөз "қазақ болу, қазақи өмір салтын ұстану", сондай-ақ, "қазақламақ" нұсқасы да бар) ұғымы дәстүрлі түрде "қоғамнан бөліну", "еркін өмір сүру", "қарақшылық жасау" деген мағынада түсіндіріледі.
Кейде "қазақ" сөзінің "еркін адам" деген мағынасын еске алып, мақтан тұтамыз. Бірақ оның екінші қырын, канадалық тарихшы Жю Юп Ли "Qazaqliq және қазақтардың қалыптасуы" атты кітабында "саяси мақсат көздеген өршіл қарақшылық" деп сипаттаған құбылысты айтуға қысылатынымыз бар.
Алайда мұндай әрекеттер тек Шыңғыс ханға, Әмір Темірге немесе Бабырға тән болмағанын ұмытпаған жөн. Римнің аты аңызға айналған негізін қалаушылар Ромул мен Ремнің, сондай-ақ, еуропалық рыцарьлардың тарихында да осындай құбылыстар кездеседі.
Бұл тарихи терминді "фрилансер" ұғымымен салыстыруға болады, ол - сөзбе-сөз "еркін найзагер".
Бастапқыда бұл атау белгілі бір феодалға қызмет етпейтін ортағасырлық жалдамалы рыцарьлар мен жауынгерлерге (free lances) қатысты қолданылған. Олар ақыға жалданып соғысқан немесе өз бетінше әрекет еткен. Шын мәнінде, қарақшылықпен де айналысқан, бірақ саяси билікке ұмтылмаған. Осы тұрғыдан қарағанда, біздің өршіл қазақылық олардан да асып түскендей.
С.Қоңдыбайдың кітабының мұқабасы және Зира Наурызбай канадалық тарихшы Жю Юп Лимен бірге. Сурет мақала авторынан алынды
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында бұл сөз әскери мағынасынан ажырап, әртүрлі тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін тәуелсіз мамандарға, журналистер мен жазушыларға қатысты қолданыла бастады.
Ал қазір фрилансер деп ұзақ мерзімді еңбек шартын жасамай, өз бетінше қызмет көрсететін кез келген маманды атайды. Мен де еліміздегі ең байырғы фрилансерлердің (1997 жылдан бері) бірі шығармын.
С.Қоңдыбай орта ғасырларда осы құбылысты сипаттау үшін қолданылған тағы бір тіркеске назар аударады. Ол - "қырға шығу", яғни сөзбе-сөз айтқанда, "қыратқа көтерілу, үстіртке шығу". С.Қоңдыбай "Жауынгерлік рух кітабында" ортағасырлық ноғай-қазақ жырауы Шалкиіздің (1465-1560) мына өлең жолдарын келтіреді:
... Күндердің күнi болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игi.
Яғни "басыңа қиын-қыстау кез туғанда қырға шығуға, қазақылық етуге жарамайтын, қолынан түк келмейтін адаммен дос болғанша, жалғыз қалған артық" дейді.
Мұндағы "қырға шығу" - ер адамның, әсіресе, жігіттің бойындағы жақсы қасиет. Әрине, бұл жерде тауға көтерілуі туралы айтылып отырған жоқ. Әңгіме туған жерінен, елді мекендерден, жақындарынан және үйреншікті тұрмысынан қол үзіп, елсіз далада шытырман оқиға мен қиындыққа толы өмірге аттануға дайын болу туралы. Яғни тәуекелге бел буып, аңшылықтан немесе жорықтан түскен олжамен күн көру қабілеті меңзеледі.
Аңыздар мен эпостардағы "қырға шығу" ұғымының тарихи негізі бар. XIV ғасырдың ортасында, Әз-Жәнібек хан билік құрған тұста қоғамнан шеттетілген жігіттер Жайық пен Жем өзендерінің бойынан Үстіртке, яғни Қырға қарай көшкен. Олар орталық билікке бағынбайтын қарулы топтарға бірігіп, қазақылық еткен.
Қазақ аңшылықта, 1876 жыл. Сурет: wikimedia.org
Қазақ ғарышының инь мен яңыС.Қоңдыбай "Есен-қазақ" кітабында былай деп жазады:
"Энциклопедиялық анықтама бойынша қазақ тіліндегі "қыр" сөзі үстіртті, биіктеу жазықты, аласа таулар тізбегі мен төбелі жазықтарды қамтитын кеңістікті білдіреді. Мысалы, Үстірт. Мұндай жердің биіктігі әдетте 70 метрден аспайды, ал ұзындығы ондаған шақырымға созылады. "Қыр" деп жазғы жайылым мен көшіп-қонуға пайдаланылатын жерлерді, сондай-ақ, айналасындағы аумақтардан тік беткейлер арқылы бөлінген жерлерді де атайды.
Қазақтың әдеби және ғылыми тілінде "қыр" сөзінің баламасы - "үстірт". Қазақ тілінде "ой" мен "қыр" адамның тіршілік ететін жазық кеңістігін білдіреді. Алайда жер бедерінің биіктігіне қарай бұл екі ұғым бір-біріне қарама-қарсы қойылады. "Ой" - төмен орналасқан жазық, ал "қыр" - биік жазық. Демек, "ой-қыр" қарама-қарсылығы төмен мен жоғары ұғымдарын бейнелейді".
Ой мен қырдың айырмашылығы тек жер бедері мен климатында емес. Бұл екі кеңістікті шаруашылыққа пайдалану ерекшеліктері уақыт өте келе оларды екі түрлі өмір салтымен байланыстыруға негіз болды. Әрқайсының өзіне тән тіршілік дағдысы мен дүниетанымы қалыптасты.
Батыс қазақтары үшін Қыр, ең алдымен, Үстірт қыраты болса, жалпы қазақ ұғымында Қыр - кең дала.
Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында Сыр мен Қыр деген қарама-қарсы ұғымдар бар. Мұндағы Сыр - Сырдария өзенінің аңғары, ал Қыр - Сарыарқа. Қазақтар үшін Сырдария аңғары егіншілік, қолөнер және сауда орталығы ғана болған жоқ. Шөбі шүйгін, суы мол, климаты ыңғайлы, даланың ақтүтек боранынан қорғайтын бұл өңір Сарыарқада жаз бойы мал баққан ру-тайпалардың қысқы қонысы қызметін де атқарды. Ал Қыр - төбе, үстірт, қырат, тау жотасы. Сырдария ойпатпен ақса, Сарыарқа өзен аңғарынан әлдеқайда биік орналасқан. Осылайша, "Қыр" сөзі кең дала мен жазғы жайылымның, яғни жайлаудың баламасына айналды.
Қыр сөзінің шет, жиек, қыр, бүйір, арқа деген мағыналары да бар. Ал сыр - мән, құпия, адамның ішкі дүниесі. "Сегіз қырлы, бір сырлы" деген мәтел жан-жақты, қабілетті, өнері мен білімі мол адамды сипаттайды. Сөзбе-сөз алғанда, бұл тіркес "сегіз қыры, бір сыры бар" дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан қарағанда, Қыр мен Сыр атаулары жаңа мағынаға ие болады. Сыр өзені - қазақ дүниесінің өзегі, ішкі әлемі, оның инь бастауы. Ал дала, яғни Қыр - осы дүниенің кеңістікке жайылып, сыртқа көрініс табуы, оның ян бастауы.
Қыс кеңістікті тарылтады. Табиғаттың қатал жағдайынан қорғанған қазақтар Сыр бойын паналайды. Ал жаз келгенде кеңістік қайта ашылады. Көшпенділер орталықтан алыстап, өз дүниесінің шетіне дейін еркін көшіп, бойындағы мүмкіндігін көрсете алады.Әрине, Сыр мен Қыр ұғымдарын тек Сырдария мен Сарыарқаға байланыстыру шынайы көріністі біршама қарапайым етеді. Өйткені Батыс Қазақстанның да өз Қыры - Үстірті, өз Сыры, дәлірек айтқанда, өз Ойы - ойпаты болған.
Сырдария аңғары мен бір бөлігі теңіз деңгейінен төмен орналасқан Маңғыстау түбегі ғана емес, Еділ, Жайық сияқты ірі өзендердің аңғарлары да "ой" саналған. Мұндай жерлерде халық салыстырмалы түрде тығыз қоныстанып, үлкенді-кішілі елді мекендер пайда болып, сауда дамыған. Өзен аңғарларында отырықшы, қалалық өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік болған. Сондықтан олар билік пен мемлекеттің, оның күштік және діни құрылымдарының орталығына айналған.
"Қыр" сөзі кең даламен, қазақ көшпенділерінің еркін рухымен тығыз байланысты болғаны сонша - Әлихан Бөкейханның бүркеншік есімдерінің бірі "Қыр баласы" еді. Ол жаңадан қалыптасқан қазақ демократиялық баспасөзіне көптеген материал жазып, бірнеше бүркеншік есім қолданған.
Сонымен, "қырға шығу" кең мағынасында адам мекендейтін дүниенің шетіне қарай бет алу, далаға, үстіртке, жазғы жайылымға көшу дегенді білдіреді. Ал тар мағынасында бұл тіркес қазақылық етуді меңзейді. Яғни адам тек географиялық тұрғыдан емес, әлеуметтік жағынан да қоғамның шетіне шығады. Ол орталық биліктің ықпалынан, заңдары мен шектеулерінен тыс өмір сүріп, өзіне өзі заң белгілейтін еркін кеңістікке кетеді.
1885 жыл. Сурет: wikimedia.org
Неліктен жігітке ойда жату жараспайды?Шалкиіз жырау "қырға шығып", еркін өмірді таңдаған, өз тағдырына өзі қожа болған батыр жігіттерді "ойда жатқан" жігерсіз, әлсіз адамдарға қарсы қояды. Соңғылары тәуекелге бел буып, әрекет етуге дәрменсіз болғандықтан, туған ауылынан ұзап шықпай, отбасының ортасында үйреншікті тіршілігін жалғастыра береді.
Жат жерлерге барып өзiн танытпай,
Өзден болмай, би болмай,
Атаның батыр туған ұлына
Ойда жатпақ ұсар ма. (Шалкиіз)
"...Өзге елде ерлігіңді танытпай, бек те, би де болмай, батыр болып туған асыл текті ұлға ойда жату жараспайды".
Бұл жолдардан жауынгерлік дәстүрі бар әулеттің ұрпағы өз қабілетін танытып, даңққа бөленіп, жоғары мәртебеге жету үшін жат жұртқа аттанып, қазақылық етуі қажет болғанын аңғаруға болады. Шын мәнінде, бұл жас жауынгердің ерлік жолындағы алғашқы сынақтарының бірі саналған. Кейінгі этнографиялық кезеңде даладағы бұрынғы еркін өмір салты жойылған соң көрші халықтар мен тайпаларға жасалатын аламан жорықтар бірнеше жылға созылатын қазақылық дәстүрінің қысқарған түріне айналды.
XV-XVI ғасырларда өмір сүрген жыраудың осы жолдарында "өзден" сөзі кездеседі. Қазақ тілінде бұл сөз өте сирек қолданылады. Ал Кавказдағы түркі халықтары тілдерінде жиі кездеседі және орыс тіліне де солар арқылы енген. "Уздень" сөзіндегі "өз" - өзі және "ден" - қосымшасынан құралған.
"Дағыстан аңыздары мен наным-сенімдері" кітабында "уздень" ұғымына мынадай түсініктеме берілген:
"Өз бетінше өмір сүретін адам. Ол ешкімнің алдында міндеттеме алмай, қалаған уақытында бір қожайыннан екіншісіне ауыса алады. Өздендер өз тәуелсіздігін мақтан тұтады және тек хандарға жол береді".
Демек, өзден - еркін жауынгер, атты сарбаз, бек, хандар мен князьдердан кейінгі сатыда тұрған ақсүйек тап. Басқаша айтқанда, өзден - жауынгерлік әлеуметтік топтың тағы бір атауы. Әлеуметтік-саяси мағынасы жағынан "қазақ" сөзімен мәндес ұғым.
Қазақылық және неофеодализмМаған көне сөздердің түпкі мағынасына үңіліп, оларды қазіргі заманмен байланыстыру, сол арқылы ұмыт қалған ұғымдарға жаңа тыныс беру ұнайды.
Көне сөздер мен тіркестерге берілген жаңа мағына туралы не ойлайсыздар?
"қазақылық ету" (қазақламақ) - белгілі бір жүйеден шығып, өз бетінше жұмыс істеу, тәуелсіз жолды таңдау. "қырға шығу" - өзгелерге тәуелді болудан арылу, үйреншікті ортадан шығу немесе қашықтан өмір сүріп, жұмыс істеу. "өзден" (орыс. уздень) - жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам, фрилансер.Қазір неофеодализм тұжырымдамасы кең талқылана бастады. Бұл тұжырымдама қоғамдағы әлеуметтік жіктелу күшеюін, билік пен байлық шағын топтың қолына шоғырлануын, адамдардың ірі корпорациялар мен монополияларға тәуелді болуын ортағасырлық феодализм белгілері қазіргі қоғамда қайта көрініс табуы ретінде қарастырады. Сондай-ақ, экономикалық тетіктерден тыс мәжбүрлеу, ықпалды топтардың өзгелер үшін жабық орта қалыптастыруы да осы құбылыспен байланыстырылады.
Анықтама: Неофеодализм - қазіргі қоғамда феодалдық құрылысқа тән белгілер қайта пайда бола бастады деген тұжырымдама. Олардың қатарына әлеуметтік теңсіздік күшеюі, байлық пен билік аз ғана адамның қолына шоғырлануы, халық ірі корпорациялар мен ықпалды топтарға тәуелді болуы жатады. Неофеодализмнің бір көрінісі ретінде технофеодализм немесе цифрлық феодализм аталады. Бұл ұғым адамдар мен бизнестің цифрлық инфрақұрылымды, ақпаратқа және нарыққа қол жеткізу мүмкіндігін бақылайтын ірі технологиялық платформаларға тәуелділігі артуын сипаттайды. Дегенмен неофеодализм мен технофеодализм - әлі де пікірталас тудыратын тұжырымдамалар. Олар қазіргі қоғамдық құрылысты сипаттайтын жалпыға бірдей қабылданған анықтамалар емес.
Неофеодализмнің ажырамас бөлігі - технофеодализм, яғни цифрлық феодализм. Біздің "қазақылық" осы жаһандық үрдіске қарсы тұрудың бір жолы бола алар еді.
Редакция пікірі автордың көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Автор туралы: Зира Жетібайқызы Наурызбаева (Зира Наурызбай) - қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, қазақ тілінен орыс тіліне аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты (PhD). "Қазақтардың мәңгілік аспаны" (2013, 2020), "Төрт бұлт" (2017), "Серікбол Қоңдыбайдың арғықазақ мифологиясындағы әйел бейнелері" (2021), Таласбек Әсемқұловпен бірлесіп жазған "Субъект(ив)ті қазақ мәдениеті" (2022) кітаптарының авторы. Сондай-ақ, Лиля Калауспен бірге қазақ мифологиясы негізінде балаларға арналған "Бату мен оның достарының шытырман оқиғалары" (2014, 2019, 2021) кітаптар топтамасын жазған. С.Қоңдыбайдың төрт томдық "Арғықазақ мифологиясы" еңбегін, Т.Әсемқұловтың "Талтүс" романын және басқа да шығармаларды қазақ тілінен орыс тіліне аударған. Ағылшын тіліне аударылған "Күндес" әңгімесі АҚШ-та Best Asian Short Stories 2019 сыйлығына ие болған. 2014 жылы "Алтын Адам – Жыл адамы" ұлттық байқауының лауреаты атанып, 2022 жылы "Парасат" орденімен марапатталған. Otuken мәдениетті дамыту қорының құрылтайшысы, "Петроглиф іздеушілер" қоғамдық қорының тең құрылтайшысы.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу