Қазақтар қалың малды мәһрмен алмастыра ма? Зира Наурызбай үйлену тойындағы сыйлықтар туралы

10.06.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Зира Наурызбай Tengrinews.kz-тегі авторлық бағанында қазақтың тарихи және жаңа дәстүріндегі үйлену тойы сыйлықтары туралы ой қозғайды.

Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін

Тақырып: Зира Наурызбай қазақ дәстүріндегі мәһрдің (неке қию кезіндегі қалыңдыққа берілетін міндетті сый) және қалың малдың (әдет-ғұрып бойынша малмен төленетін рулық құн) айырмашылығы мен эволюциясын түсіндіреді. Мәһр: неке қию кезінде міндетті, тікелей қалыңдыққа берілетін сый; ол бірден немесе кейінге қалдырылып берілуі мүмкін; ажырасқанда немесе күйеуі қайтыс болғанда әйелдің қаржылық қорғанысы болып табылады; көлемін қалыңдық өзі белгілейді. Қалың мал: күйеу жігіттің отбасынан қалыңдықтың отбасына берілетін мүлік (негізінен мал); руаралық келісімнің (құдалық) бөлігі, 12 жылға дейін бөліп төленген; жасаумен алмастырылған, бұл «қалыңдықты сатып алу» болып саналмаған. Тарихи тұрғыдан: қазақ қоғамында жасау әйелдің жеке меншігі болып саналғанымен, іс жүзінде оның экономикалық қорғанысы қатаң ислам нормаларына қарағанда әлсіздеу болды; ажырасу және мұрагерлік мәселелерін рулар шешкен. Мәһрдің баламасы: сәукеле — қалыңдықтың иелігінен алынбайтын мүлкі, құны 5–20 жылқы (кейде 500 жылқыдан тұратын үйірге дейін жеткен), қалыңдық отбасының сыйы. Қазіргі заман: қалың малға 1920 жылы тыйым салынған, қазіргі уақытта ол көбінесе аз мөлшердегі ақшалай сыйлыққа айналған; 2024 жылы ҚМДБ қалыңдықтың келісімімен қалың малды мәһрге теңестіруге болатынын түсіндірді. Трендтер: исламданудың, индивидуализмнің және демонстративті тұтынудың күшеюімен мәһрдің маңызы артады, ал қалың мал мен ауқымды жасау дәстүрі біртіндеп қысқаруы мүмкін.

Мәһр деген не?

Мәһр деген не? Егер бұл туралы білмесеңіз, онда сіз әлеуметтік желіге тәуелді емес бақытты адамсыз. Мен мұнымен мақтана алмаймын, сондықтан Қазақстандағы тойлардың жартысы “үйлену тортының дәмін кім бірінші татады” деген мәселе төңірегіндегі даумен аяқталып, қалған жартысы қалыңдықтың мәһрге қатысты шектен тыс талаптарына байланысты жанжалдан туындайтындай әсер қалыптасты.

Бұған қоса, қазір жігіттердің көпшілігі ислам нормаларынан тек көп әйел алуды, ал қыздардың көпшілігі мәһрді ғана біледі деп әзілдейтін болды. Қысқасы, осыдан он жыл бұрын қазақтардың көбі біле бермейтін бұл ұғым қоғамдық санадан үлкен орын алды.

Мәһр - бұл ислам заңдары бойынша неке қию кезінде күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін үйлену сыйлығы. Бұл міндетті сыйлық, ал оның көлемін қалыңдық белгілейді.

Әлеуметтік желілерде молданың қалыңдықтан қандай мәһр қалайтынын сұраған, ал оның белгілі бір маркалы көлік, Астанадан n-бөлмелі пәтер, шағын бизнес және тағы басқаларды сұраған видеолары жиі шығып тұрады. Күйеу жігіттердің бұған реакциясы әртүрлі. Егер жастар сол сәтте ренжісіп қалмаса, бірақ жігіттің мәһрді дәл қазір беруге мүмкіндігі болмаса, ол оны белгілі бір мерзім ішінде сыйлауға міндеттеме алады.

Сондай-ақ "кейінге қалдырылған мәһр" деген ұғым бар, ол әйелге күйеуі қайтыс болғаннан кейін немесе оның бастамасымен ажырасқан жағдайда төленеді.

Мәһр ер адамның ниетінің салмақтылығын білдіретін нышан, сондай-ақ күйеуі қайтыс болған немесе ажырасқан жағдайда әйел үшін сақтандыру қызметін атқарады деп түсіндіріледі. Сондықтан пәтер немесе коммерциялық нысан сұрау әбден қисынды нұсқа болып көрінеді.

Ер адам мәһрді не үшін төлейді?

"Біз қандай ақымақ болғанбыз, тегін тұрмысқа шығып, бірге көтерілдік қой", - деп әзілдейді орта жастағы қазақстандық әйелдер.

"Кеңестік романтика" буыны үшін мұның бәрі шынымен де мәмілеге көбірек ұқсайды.

Классикалық мұсылман құқығында мәһр әйелдің ерлі-зайыптылық қатынасқа түскені үшін өтемақы ретінде түсіндірілді: неке екіжақты міндеттемелері бар өтеулі сипаттағы азаматтық-құқықтық шарт ретінде қарастырылады - ер адам мәһр төлейді, ал оның орнына ерлі-зайыптылық қатынасқа құқық алады.

Тіпті жалдаумен де ұқсастырылған. Бірақ қазір Құранда мәһрдің мынадай сөзбен аталатынын еске салып, бұл түсініктен арылуға тырысады: "нихлә" (4-сүре, 4-аят, "шын ниетпен берілген сый" немесе "қайтарымсыз тарту").

Мәһр - бұл үй шаруасы немесе бала туғаны үшін берілетін "жалақы" емес. Ханафи мәзһабында әйел заң бойынша тамақ пісіруге немесе үй жинауға міндетті емес (этнографиялық кезеңде кейбір көршілерімізде солай болған) және қаласа, өз баласын емізгені үшін ақы талап ете алады. Әрине, әр баланың дүниеге келуі үшін күйеуі құнды сыйлық жасауы тиіс.

Неке шарты - бұл өте заманауи дүние. Ер адамның мәһр төлеп, кейін өмір бойы әйеліне қамқорлық жасау міндеті феминистік көзқарасқа мүлдем қайшы келгенімен, көптеген әйелге ұнайды. Мойындау керек, ислам әйелдің экономикалық құқықтарын қорғағаны соншалық, бұл VII ғасыр үшін ғана емес, қазір де ертегідей көрінеді.

Некедегі әйел ештеңе істеуге міндетті емес (күйеуіне бағынудан басқа), оның тұрмысқа шыққанға дейінгі мүлкі, мұрасы және жұмыс істегісі келсе, некеде жүріп тапқан табысының бәрі тек өзіне тиесілі, ал ер адамда міндеттеме көп: әйелі мен балаларын толық асырау оның мойнына жүктеледі.

Тіпті қалыңдықтың отбасы жасау беруге де міндетті емес, тек өз қалауымен сыйлықтар жасай алады. Негізінде, мәһр - бұл ер адамның өз ресурстарын әйеліне (немесе әйелдеріне) және балаларына жұмсауға міндеттелетін жүйеге кіру билеті.

Мәһр мен қалың мал - айырмашылығы неде?

Аға буын өкілдерінің көбі мәһрді дәстүрлі қалың малмен шатастырып жатады. Бірақ бұл үйлену салтымен байланысты екі түрлі институт.

Мәһр - исламдағы некенің ажырамас шарты, ал қалың мал көшпелі түркілердің ғылымда адат (әдет) деп аталатын дәстүрлі құқығында бар. Мәһрді күйеу жігіт қалыңдыққа сыйлайды және ол тек соған тиесілі, ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған жағдайдағы қаржылық кепілдік.  Қалың мал - бұл неке шартын жасаушы екі ру (немесе отбасы) арасындағы қарым-қатынастың бір бөлігі. Оның көлемі құдалық кезіндегі келіссөздер барысында анықталады және бұл мүлік мал түрінде жігіттің отбасынан қыздың отбасына беріледі. Қалыңдық қалың малды өз бетінше жұмсай алмайды.

Арабтарда исламға дейінгі кезеңде мәһр қалыңдықтың әкесіне, ағасына немесе көкесіне, яғни оның қамқоршысы болған ер адамға төленетін. Әкесі тіпті мұндай мәһрді өз қажетіне, мысалы, өзіне әйел алу үшін жұмсай алатын. Қалыңдықтың жеке өзіне берілетін сыйлық міндетті емес еді және ол садақ (қазақтың "садақа" сөзімен салыстырыңыз) деп аталатын.

Ислам бұл жағдайды түбегейлі өзгертіп, қалыңдықтың ерікті келісімінсіз мәһрдің тіпті бір бөлігін де иемденуге қатаң тыйым салды. Айтпақшы, иудаизмде мәһрдің баламасы мохар болған, бірақ яһудилер осыдан екі мың жылдан астам уақыт бұрын қалыңдық үшін төленетін төлемнен оның жеке өзіне берілетін сыйлыққа ауысқан.

Қазақтың тарихи дәстүріндегі қалың мал

Ал ата-бабаларымыздағы қалың мал туралы не айтуға болады?

Біріншіден, "қалың мал" атауының өзінен-ақ бұл дәстүрдің мал шаруашылығымен айналысатын қоғамға тән екені көрінеді. Екіншіден, бұл рулық қоғамға тән, екі жас арқылы рулардың одағын құру - құдалықтың күрделі жүйесінің бір бөлігі. Сондықтан "Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық" деп бекер айтылмаған.

Бірден айта кету керек, қалың малды қызды сатып алу деп түсіну қате ұғым. Мұндай түсінік, біріншіден, қыздың туған-туыстарымен қоштасу жыры - сыңсудан басталған, онда қыз әкесінің оны "қалың малға сатып жібергеніне" шағымданады. Бірақ бұл - жанр ерекшелігі.

Екіншіден, қызды сату тақырыбы XIX ғасырдың екінші жартысында демократиялық көзқарастағы білімді қазақтар арасында көтеріліп, кейін кеңес дәуірінде әйел құқығы үшін күрес және "реакциялық дәстүрлерге" қарсы тұру, сондай-ақ "Шығыс әйелін азат ету" аясында күшейе түсті.

Әдетте қыз жасауының құны төленген қалың малдан кем түспейтін, тіпті көбіне одан асып түсетін. Бұл қыздың отбасы үшін абыройлы саналып, жас келіннің жаңа рудағы беделіне әсер ететін. Оның үстіне, қалың малға мал айдап келу, қолдан жақсы жасау дайындағаннан әлдеқайда оңай еді. Ал жасауға киіз үйімен бірге барлық жабдығы - киіздері, кілемдері, жиһаздары, көптеген киім-кешек, аяқ киім, төсек-орын, ыдыс-аяқ пен зергерлік бұйымдар кіретін.

Фото: ©Tengrinews.kz / Юлия Колмогорова

Күйеу жағы бай болып, қалың малды бірден төлей алса да, қазақтар ешқашан олай істемеген. Қалың мал бөліп төленіп, құда түскеннен үйлену тойына дейін кем дегенде үш жыл уақыт өтетін. Бір жағынан, бұл жасау дайындау үшін қажет болса, екінші жағынан, күйеу жігіттің қыз ауылына келу уақыты - қалыңдық ойнау қыздың өміріндегі ең жарқын кезең саналған, сондықтан жақсы ата-ана бұл кезеңді ұзартуға тырысатын.

Әрине, қалың мал қыздың отбасы үшін тиімді болған кездері де болды. Мысалы, қызды тоқалдыққа беру немесе тұл ер адамға ұзату қорлық саналып, тиісінше, қалың мал да көп сұралатын. Кедей отбасы өз жағдайын түзеу немесе ұлын үйлендіру үшін мал жинау мақсатында мұндай некеге келісім беруі мүмкін еді.

Келісім жасалғаннан кейін қалың малды төлеудің ең ұзақ мерзімі 12 жыл болатын. 

Егер күйеу жағы міндетін орындай алмаса, қыз жағы келісімді бұзу туралы мәселе көтере алатын.

Сонымен, қалың мал қызды сатып алу емес, ол қалың мал мен жасаудың өзара алмасуы болған. Күйеу жағы негізінен мал берсе, қыз жағы қолдан жасалған бұйымдарды ұсынатын. Бірнеше бөліктен тұратын және XIX ғасырда Сарыарқада (отаршылдық жағдайға байланысты экономикалық дағдарыс кезінде) орта есеппен 47 жылқы болатын қалың малдан бөлек, күйеу жағы әр кезеңде көптеген кәде сыйлайтын. Олардың ішінде мал да, маталар мен киімдер де, тіпті айна, тарақ, тәттілер сияқты ұсақ-түйек сыйлықтар да болатын.

Бірақ мұндай сый-сияпатқа кейін қыз жағы да қарымта қайтаратын. Негізінде, күйеу жағы жас жұбайлардың үйін жабдықтауға малмен үлес қосса, қыз жағы сол малды қолөнер бұйымдарына айналдырып, ол заттар ерлі-зайыптының бүкіл өміріне жететін.

Осылайша, қалың мал төлеу өзара сыйластықтың күрделі механизмін іске қосатын, бұл Марсель Мосстың сый экономикасы тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Қалың мал және рулық сана

Қалың мал белгілі бір дәрежеде қыздың төлемі болған күннің өзінде, оны нарықтық экономика тұрғысынан емес, ұжымдық, рулық сана аясында түсіну керек. Қыз рулық ұжымның мүшесі, тіпті рулық ағзаның бір бөлшегі.

Тұрмысқа шыққанда ол басқа ұжымға кетеді, өз ортасы үшін ол бейне бір өмірден өткендей болады (үйлену тойындағы жерлеу ғұрыптарының элементтері осыдан шыққан).

Оның үстіне, ол өзімен бірге жаңа шаңыраққа құт-береке, бақ пен ырысты ала кетуі мүмкін, сондай-ақ онымен бірге оның ұрпақ өрбіту және еңбек ету қабілеті де кетеді. Рулық ағза үшін бұл шығынның орны толықтырылуы тиіс еді.

Мал - өзіндік құты бар жанды дүние, егер қарсы некелесу мүмкіндігі болмаса, мұндай өтемнің ең жақсы нұсқасы. Қалың мал рулық ұжымдар арасындағы тепе-теңдікті қалпына келтіреді.

Мифологияны зерттеуші Серікбол Қондыбай бірқатар сөзге назар аударған:

"қалың мал" (үйлену үшін төленетін мал), "қалыңдық" (айттырылған қыз), "келін/келіншек" (жас әйел), "қалжа" (босанған әйелдің күш-қуатын қалпына келтіру үшін сойылатын малдың еті) және т.б.

"Арғықазақ мифологиясы" атты үшінші кітабында ол кейбір лингвистикалық және тарихи деректерге сүйене отырып, Ұмай сияқты босанған әйелдер мен сәбилердің жебеушісі болған ұмыт қалған құдайдың бейнесін жаңғыртады - есімі - Ал/Хал/Қал/Қалша/Қалың. Оның пайымдауынша, "қалың мал" төлемі ("қалжа" сияқты) символдық деңгейде қалыңдықтың руына емес, оның киелі жебеушісіне арналған.

Сонымен қатар "сүт ақы" сыйлығы да бастапқыда символдық деңгейде босанған әйелдер мен сәбилердің, малдың төлі мен аналығының жебеушісі, әйелдер мен жануарларға сүт сыйлайтын тәңіриеге бағышталған.

Әрине, бұл өте көне заман туралы сөз. Қазір қазақ салт-дәстүрлері ұмытылғаны сонша, қалжа жеуге еркектер де келетін болған, ал перзентханадан жаңа ғана шыққан жас ана оларға қызмет көрсетуге мәжбүр.

Ал негізінде қазақ салты бойынша, босанған әйел 40 күн бойы ешқандай тұрмыстық іске араласпай, күйеуінің, енесінің және бүкіл отбасының күтімінде болып, денсаулығын түзеуі тиіс.

Бұл үрдіс төл дәстүрлерімізді жақсырақ сақтап қалған қандастар отбасында қолданылады. 

Қазақ қоғамындағы үйлену тойы сыйлықтарының әлеуметтік мәні

Сонымен, жасау мен қалың мал - бұл жаңа шаңырақ көтеру жолындағы екі рудың ынтымақтастығы. Қалыңдық жағы үшін қызының жаңа ортаға өз үйінің толыққанды әрі жағдайы жасалған иесі ретінде кіруіне мүмкіндік жасап қана қоймай, әлеуметтік капитал - абырой жинау маңызды болды. Бұл рудың қуатын, байлығы мен өміршеңдігін паш ету еді, бұл өз кезегінде жаңа құдалар тарапынан құрметке кепілдік беретін.

Бұл сәт экзогамиялық неке дәстүрін ұстанған жауынгер қазақтар үшін өте маңызды болды. Әлемде неке туыстық топ ішінде қиылатын эндогамиялық халықтар бар. Ал қазақтар - экзогамиялық халық, яғни неке тек әртүрлі ру өкілдері арасында қиылады.

Ерте заманда экзогамиялық некелер зорлық-зомбылық, алып қашу немесе соғыс салдарынан болатын. Уақыт өте келе бұл зорлық қоғам өмірінен жойылғанымен, санадан тыс деңгейде "бір ру екінші рудың мүшесін тартып алып жатыр" деген түсінік сақталып, агрессия тудыратын.

Бірнеше жылға созылатын күрделі жоралғылар, көптеген той мен жомарт сыйлықтар жаңа отбасын, жаңа микроғаламды құру үшін ғана емес еді. Үйленудің мәні - екі өршіл руды таныстырып, жақындастыру, құдалар арасындағы байланыстың шынымен де мыңжылдық болуы үшін берік әрі сенімді қарым-қатынас орнату болды. Бұл қазақша "нетворкинг" пен "тимбилдинг" еді. Жауынгер халықта "Ер шекіспей бекіспейді".  

Алматы мұражайындағы экспозиция. Фото: ©Tengrinews.kz

Қазақтың дәстүрлі үйлену тойы - бұл екі рудың тектілік, асылдық, байлық, спорт, қолөнер, жомарттық пен шешендік, музыка мен поэзия өнері бойынша бәсекесі. Мұнда дәстүрлі әскери мәдениеттің мәні - агрессияны рәсімдеу және оны ойын түріне бағыттау ретінде айқын көрінеді. Қалың мал мен жасау - осы бәсекенің маңызды бөлігі. 

Қалың мал, мәһр және әйелдің қоғамдағы мәртебесі

Ал қалыңдықтың экономикалық сақтандырылуы, оның қазақ дәстүріндегі қаржылық тәуелсіздігі, яғни исламдағы мәһр атқаратын функция туралы не айтуға болады?

Негізінде, жасау әйелдің ата-анасы берген жеке меншігі болып саналған. Күйеуі мен оның туыстары бұл заттарды тек үй шаруасында бірлесіп пайдалануға құқылы болды, бірақ оның келісімінсіз иеліктен шығаруға немесе сатуға құқығы болмаған. Белгілі этнограф Халел Арғынбаев 1973 жылғы "Қазақ халқындағы отбасы мен неке" атты монографиясында осылай түсіндіреді.

Бірақ Ирина Стасевич ("Кунсткамера" РҒА Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография мұражайы), революцияға дейінгі зерттеушілердің материалдарын талдай отырып, "Қазақ әйелінің әлеуметтік мәртебесі: дәстүрлер мен қазіргі заман" (2011) атты монографиясында тұрмысқа шыққаннан кейін әйелдің жеке қолданысында тек киім-кешегі, әшекейлері мен төсек-орны қалатынын атап өтеді. Іс жүзінде ажырасқан жағдайда ол осыларды ғана өзімен бірге алып кете алған.

Ал егер, мысалы, күйеуі қайтыс болғаннан кейін әйел әмеңгерлікке келіспесе, онда марқұм жұбайының мүлкіне деген құқығынан бас тартуы тиіс болған.

Анықтама: "Әмеңгер" сөзі қазақтың отбасылық құқық институты - әмеңгерліктен шыққан. Бұл шаңырақты шайқалтпай, ұрпақты жалғастыру үшін жесір қалған әйел қайтыс болған күйеуінің ағасына немесе інісіне тұрмысқа шығатын көне салт.

Бұл ретте жасауды ортақ шаруашылықтан бөліп алу қиын болған. Белгілі бір жағдайларда күйеуінің жағы қалың малды қайтаруды талап етуі мүмкін еді, бұл әйелдің туыстары үшін жиі қиындық туғызатын.

Стасевичтің айтуынша, қазақ әйелі жеке еркіндікке ие болғандай көрінгенімен (гаремдердің болмауы), экономикалық тұрғыдан исламдық неке нормаларын қатаң ұстанған туыстас халықтардың әйелдеріне қарағанда әлдеқайда нашар қорғалған.

Дәстүрлі қазақ қоғамында әйел заты бір ер адамға ғана емес, оның бүкіл руына келін болып түсетін. Ажырасу да, некелесу сияқты, тек ерлі-зайыптының жеке шаруасы емес еді. Ажырасқан жағдайдағы немесе әмеңгерлікке шығудан бас тартқан кездегі мүлік дауы екі ру арасындағы тартысқа ұласатын.

"Жесір дауы" - билер сотындағы негізгі тақырыптардың бірі. Шын мәнінде, әйел мен оның мүлкінің құқықтық мәртебесі төркіні мен күйеуінің руы арасындағы күш тепе-теңдігіне , сондай-ақ оның жеке беделіне, балаларының, әсіресе ұлдарының болу-болмауына және өзге де жағдайларға байланысты болды.

Әрине, Ирина Стасевич сипаттаған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы жағдай классикалық кезеңнен айтарлықтай ерекшеленеді. Бұл қазақтар үшін экономикалық дағдарыс, рулық қатынастар мен рулық этиканың ыдырай бастаған кезеңі еді. Оның үстіне, отаршылдық көзқарас жағдайды айтарлықтай бұрмалап көрсетті. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов өзінің "Сот реформасы туралы жазбаларында" айтып, ресейлік зерттеушілер мен билік басындағылар барымтаның мән-жайын түсінбейтінін атап өткен.

Анықтама: Барымта ("дала соты") - қазақтың дәстүрлі құқықтық институты және ежелгі салты. Ол келтірілген шығынды өтеу, төленбеген борышты қайтару немесе аяққа тапталған әділдікті қалпына келтіру үшін мал мен мүлікті ашық түрде тартып алуды көздеді.

Дегенмен, қазақтың дәстүрлі қоғамы әйел затына қатал болғанын мойындау керек.

Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақтардағы мәһрдің баламасы

Сонымен, қазақ әйелдерінде мәһрдің баламасы болды ма? Иә, ол - сәукеле. Өйткені бұл үйлену тойының бас киімі әйелдің ешкім тартып ала алмайтын жеке мүлкі саналған. Егер әйел ерте қайтыс болса, сәукеле оны еске алу үшін төркініне қайтарылатын. Асыл тастармен және бағалы металдармен безендірілген сәукеленің құны өте жоғары болған, кейде ол қалың мал құнының жартысына жуықтайтын.

Сәукеленің қарапайым құны 5–20 жылқы болса, бағасы 500 жылқыдан тұратын үйірге тең ерекше сәукелелер де кездескен. Тек сәукеле күйеу жігіттің сыйы емес, ұзатылып бара жатқан қызға өз отбасының берген тартуы болатын.

Мәһр мен қалың мал: қазіргі және болашақтағы жағдай

Мақала тақырыбында қойылған "Қазақтарда мәһр қалың малды алмастыра ма?" деген сұраққа қалай жауап беруге болады?

Шын мәнінде, Қазақстанда қалың мал дәстүріне кеңес үкіметі 1920 жылы-ақ тыйым салған және ол ел аумағының басым бөлігінде қолданыстан шығып, тек оңтүстік өңірлерде жасырын түрде сақталып қалды. Кеңес дәуіріндегі күштеп ұжымдастыру мен ашаршылық салдарынан рулық жүйе біржола күйреді, сондықтан қалың малдың нағыз мағынасындағы әлеуметтік негізі әлдеқашан жойылған.

Тәуелсіздік жылдарында бұл дәстүр қайта жаңғырды, бірақ көбіне дәстүрлі қалың малдан әлдеқайда төмен мөлшердегі ақшалай сыйлық түрінде көрініс тауып жүр. Бұл - күйеу жігіт жағының қыздың жасауына кеткен шығынды ішінара болса да өтеуге бағытталған үлесі ғана. Үйлену тойы салттарының, өзара сыйлық алмасудың күрделі жүйесін реформалау төңірегіндегі тұрақты пікірталас аясында, бұл дәстүр де бірте-бірте жойыла беруі мүмкін.

Қыз жасауы да солай. Дәстүрлі қоғамда жасауды қолмен дайындау көп уақыт пен еңбекті талап ететін, сапасы қатаң қадағаланып, стилі мен талғамы ғасырлар бойы өзгермейтін. Қазіргі нарықтық экономика мен сәннің тез өзгеруі жағдайында жасау жинау аса тиімді емес, ол көбіне қыздың отбасының салт-дәстүрге адалдығын көрсетудің бір жолы ғана болып қалды.

Бір қызығы, кейбір отбасылар қалың мал мен мәһрді қатар қолдануға тырысады. Осыған байланысты ҚМДБ (Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы - ред. еск.) 2024 жылы арнайы түсіндірме беруге мәжбүр болды:

Қалың малды қыздың разылығымен мәһрге жатқызуға болады.

Егер қыз үшін берілген қалың мал кейін жас жұбайлардың ортақ шаңырағына жасау ретінде жұмсалса, оның үстіне ауыр мәһр талап ету - артық.

Жақын болашақта нені күтуге болады? Жалпы алғанда, қоғамның одан әрі исламдануын, индивидуализмнің күшеюін және әлеуметтік желілердегі көрсетпелі тұтыну трендін ескерсек, мәһрдің болашағы зор сияқты көрінеді.

Редакция көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін. 

Автор туралы: Зира Жетібайқызы Наурызбаева (Зира Наурызбай) - қазақ мифологиясын зерттеуші, жазушы, киносценарист, қазақ тілінен орыс тіліне аудармашы, философия ғылымдарының кандидаты (PhD). "Қазақтың мәңгілік аспаны" (2013, 2020), "Төрт бұлт" (2017), "Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясындағы әйел бейнелері" (2021), "Субъект(ив)ті қазақ мәдениеті" (2022, Таласбек Әсемқұловпен бірлесіп жазған), қазақ мифологиясына негізделген "Бату мен оның достарының бастан кешкендері" (2014, 2019, 2021, Лиля Калауспен бірлесіп жазған) атты балаларға арналған кітаптар топтамасының авторы. С. Қондыбайдың төрт томдық "Арғықазақ мифологиясын", Т. Әсемқұловтың "Талтүс" романын және т.б. еңбектерді қазақ тілінен орыс тіліне аударған. "Күндес" әңгімесі ағылшын тіліндегі аудармасымен АҚШ-та "Best Asian Short Stories 2019" сыйлығының лауреаты атанды. "Otuken" мәдениетті дамыту қорының құрылтайшысы, "Петроглиф іздеушілер" қоғамдық қорының тең құрылтайшысы. "Алтын Адам – Жыл адамы" ұлттық сыйлық-байқауының лауреаты (2014), "Парасат" орденімен марапатталған (2022).

Тағы оқыңыз: Тілді тану - бұл инициация. Зира Наурызбай қазақ тілі мен оны үйрену туралы

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью