Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қонақжайлық мәдениеті - қоғамның жай-күйін көрсететін лакмус қағазы.
Қонақжайлық мәдениеті - қоғамның жай-күйін көрсететін лакмус қағазы.
Қонақ күтуге деген көзқарас арқылы экономикалық дағдарыстарды, технологиялық серпілістерді, урбанизацияны және тіпті психологиялық парадигмалардың ауысуын бақылауға болады. Бұрын тек достықтың емес, аман қалудың да негізгі шарты болған дүние қазір сирек кездесетін, тіпті интим нәрсеге айналып барады. Біз жеке шекаралар орнатып, достарымыздың келуін бір апта бұрын келісеміз және ескертусіз есік ашпаймыз.
Tengrinews.kz-тегі бұл мақала арқылы "айқара ашық есік" мәдениетінің қалайша жоспарлы кездесулерге ұласқанын қарастырып, сарапшы және бірнеше буын өкілдерімен экономика мен қала өмірі дәстүрлерімізді қалай өзгерткенін талдаймыз.
Дала заңы: қонақтың құқығыҚазіргі қала тұрғындары кездесуді көбіне мессенджер арқылы келісуге үйренген. Сондықтан бұрын Қазақстан жерінде қонақ күту мен қонаққа барудың өзін әдет-ғұрып, яғни дәстүрлі құқықтың қатаң ережелері реттегенін елестету қиын.
Ресейлік зерттеуші Ирина Октябрьская мен қазақстандық ғалым Зүбайда Сурағанова "Қазақ мәдениетіндегі қонақжайлық: беделді тұтыну, дәстүр және қазіргі заман" атты еңбегінде көшпелі қоғамда қонақжайлық жай ғана әдептілік белгісі болмағанын жазады. Ол игілікті әділ бөлісу қағидатына негізделген маңызды құқықтық институт саналған.
Әдет-ғұрып заңы: қонақты қондырмағаны үшін қандай айып салынған?Түп ата - Алаштың өсиеті бойынша:
әр қазақтың мүлкінің төрттен бір бөлігі символикалық түрде "бөлінбеген енші" - әлеуетті қонақтың үлесі (қонақ сыбағасы) деп танылған. Кез келген жолаушының баспана мен қонақасына заңды құқығы болды. Егер үй иесі жолаушыға қонуға рұқсат бермесе, дала заңы бойынша оны үлкен айыппұл күтіп тұрған - одан ат пен шапан өндіріп алынуы мүмкін еді. Бұдан бөлек, ондай отбасы қатаң қоғамдық айыптауға ұшыраған. Құт және Қыдыр ата: көшпенділер неге сенген?Көшпелі халық үшін қонақ қасиетті саналған. Қазақтар жолаушы үйге жайдан-жай келмейді, өзімен бірге құт, береке мен ырыс ала келеді деп сенген. Сондай-ақ қонақ арқылы Жаратқан адамның жомарттығы мен адамгершілігін сынайды деген наным болған. Сондықтан қонақты үйден қуып шығару немесе қондырмау ауыр күнә саналған.
"Қонақты қуа берсең құт қашады".
Бұл танымал мәтел жолаушыны қуып жіберсең - бүкіл үйдің бағы таятынын ескертетін.
"Қырқының бірі Қыдыр".
Ал бұл дала қағидасы шаршаған, кедей жолаушы кейпінде киіз үйге Қыдыр атаның өзі кіріп, үйге батасын беруі мүмкін екенін білдіретін. Үй иесі мұндай тәуекелге бара алмайтын, сондықтан кез келген адамды құшақ жая қарсы алатын - далада "маңызсыз" қонақ деген болмаған.
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев бұл дәстүрдің барлығы көшпелі халықтың экономикалық өмір салтына байланысты қалыптасқанын түсіндіреді:
"Ғасырлар бойы сақталған кез келген дәстүрдің өміршең болуының өзіндік практикалық себебі болады. Әйтпесе, ол бүгінге дейін жетпес еді. Далада адамдар бір-бірінен алыс қоныстанып өмір сүрді. Сондықтан қонақжайлық тек әдептің белгісі емес, нақты қажеттіліктен туған дәстүр болды. Ол адамдарды өзара қолдап, қиын жағдайда көмектесуге мүмкіндік берді. Ол кезде полиция да, жедел жәрдем де болмағандықтан, мұндай міндеттердің бәрін көшпелі халықтың өзі атқарған".
Дәйексөз авторын қосу
Сурет қосу
Самир Серкебаев
мәдениеттанушы
Көшпелі қоғамда әлеуметтік байланыстардың сапасы барлық нәрсені: қатал жұт пен дағдарыс кезінде қолдау алу мүмкіндігінен бастап, малды тиімді сату немесе сәтті құда түсу мүмкіндігіне дейін айқындайтын, дейді Серкебаев.
Ал адамның даладағы беделі оның басты капиталы болды, ал жақсы есім нақты "әлеуметтік дивидендтер" әкелетін.
Мәдениеттанушының пікірінше, дәстүрдің тағы бір маңызды қабаты көшпелі кезеңге дейінгі уақытқа, тәңіршілдікке дейін барып тіреледі. Ол кезде қонақ бейнесі ерекше рәсімдік мәнге ие болған. Қатынас пен байланыс әлсіз болған заманда жолаушы ең алдымен хабар жеткізуші ретінде қабылданған. Үй иелері оны "елші" сияқты көріп, барынша құрмет көрсеткен. Дәстүрлі мәдениетте басқа ру немесе өңірден келген адам бөтен, тіпті өзге әлемнен келгендей қабылданған. Сондықтан қонақжайлық сақтыққа негізделген рәсімнің бір түрі болған: адамдар қонақ арқылы өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсетіп, бейтаныс адамды өзіне жақындатуға тырысқан.
Фото: © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Заман мен заң: урбанизация, капитализм, мейрамхана бизнесіКеңестік кезеңнің қиын шақтарын - соғыстан кейінгі уақытты, тұрақты тапшылықты, ауыр еңбекті көрген буын үшін де үй ешқашан басқалардан оқшауланған жеке кеңістік болған емес. Күрделі жағдайларда ашық есік аман қалудың табиғи тәсілі болды: көршілер артық сұрақсыз бір-біріне жылу, дәрі-дәрмек және тамақпен бөлісуге баратын.
Сол кезең туралы 88 жастағы Нина Боброва айтып берді. Ол 1967 жылы жақсы өмір іздеп, Новосибирск облысынан Екібастұзға көшіп келген. Ол кезде өнеркәсібі дамып жатқан шағын қалаларда жұмыс өте көп, ал баспананы бірден дерлік беретін. Туған жерінен мыңдаған шақырым алыста, кішкентай балалармен жалғыз қалай күн кешкені туралы Нина Михайловна былай деп еске алады:
Неге отырыстар үйден мейрамханалар мен тойханаларға ауысты?"Бәрі бір-біріне көмектесетін. Дос болдық... Есімде, баракта тұрдық, ал жылыну үшін көршінің жайлы пәтеріне баратынбыз. Қызым туғанда, оның көзі ұзақ уақыт іріңдеп жүрді... Сонда Зоя есімді жерлесіміз мұны біліп, дәріханаға жүгіріп барып, пенициллин сатып алыпты. Соны әкеліп, ерітіп берді, мен сонымен қызымның көзін жудым... Шынымен де, үйге үнемі қонаққа баратынбыз. Не бар сонымен сыйлайтынбыз. Ешкімді шақырудың қажеті жоқ еді - өздері келе беретін".
Егер көшпелі өмір заңы мен кеңестік тапшылық адамдарды аман қалу үшін есігін ашық ұстауға мәжбүр етсе, XX ғасырдың соңындағы дәуірлер алмасуы қоғамдық өмірдің бағытын 180 градусқа өзгертті. Капитализмге, нарықтық экономикаға өту және жедел урбанизация қазақстандықтарды өз ресурстарына жаңаша қарауға итермеледі. Үй бұрынғыдай ортақ кеңістік болудан қалды.
"Ежелден қазақ халқының қанында қонақжайлылық бар... Бірақ капиталистік жүйе дәстүрлерді шайып жібере бастады. Бүгінде қонаққа сирек барады. Құрбан айт немесе Пасха кезінде көршілердің бұрынғыдай бір-біріне дәм беріп жатқанын өте сирек байқаймын. Тіпті қонақ шақырса да, мейрамхана қызметіне жүгінеді. Бұл қоғамға кері әсерін тигізеді. Туыстар көрісу үшін ақша жинап, дәмханаға барады. Ұлттық тағамдар ұмытыла бастады. Мейрамхана тұрғанда тамақ пісіріп не керек? Егер анасы білмесе, қызына да үйретпейді", - дейді Теміртау қаласының 52 жастағы тұрғыны Тимур Абдуллаев біршама қатаң пікір білдіріп.
Дегенмен, аға буын уақыттың "зиян" әсері деп атайтын құбылыстың әлеуметтану және мәдениеттану тұрғысынан негізді себептері бар. Қалалық орта - бұл мүлдем басқа экономикалық құрылым. Мәдениеттанушы Самир Серкебаев оны былай сипаттайды:
"Қалада әлеуметтік байланыстардың саны өте көп, бірақ олардың сапасы төмендейді. Енді әрбір туыс немесе көршімен байланысты нығайту үшін бұрынғыдай бас қатырудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, мегаполистегі өмір сүру шығындары бірнеше есе артады: көлік, байланыс, коммуналдық қызметтер. Осындай жағдайда үйде үлкен дастарқан жайып, қонақ күту дәстүрі экономикалық негізінен айырылып, қалалық отбасының бюджетін шайқалта бастайды".
Мәдениеттанушы бұл құбылысты дәстүрдің маргиналдану процесі деп атайды - бұл ескі мәдени контекстің жаңа жағдайларға бейімделмей көшірілуі. Сондықтан отбасылық мерекелер мен кездесулердің пәтерлерден мейрамханалар мен тойханаларға жаппай ауысуы - бұл шын мәнінде салт-дәстүрдің жойылуы емес, трансформациясы.
Зумерлер және жеке шекара: неге жастар қонаққа тек жақындарын шақырады?"Дастарқанды сыртқа шығару арқылы қала тұрғыны прагматикалық таңдау жасайды, - дейді Серкебаев. - Иә, бұл едәуір қаржылық шығын, бірақ мейрамханада адам нақты қызмет үшін ақша төлейді: кеш аяқталғанда дастарқан басынан тұрып, жай ғана үйіне қайту мүмкіндігі үшін. Оған үй жинап, тау болып үйілген ыдысты жуудың және қонақтарды бір-бірінің үстіне жатқызып қондырудың қажеті жоқ. Бұл - тұрмысты жеңілдетіп, қарым-қатынасты ауыр физикалық еңбектен арылту арқылы сақтап қалудың жолы".
Ерте зумерлер (қазіргі жасы 30-ға таяп қалғандар) екі дәуірдің тоғысында қалды. Олардың кейбірі балалық шағындағы ашық есіктерді әлі де ұмытқан жоқ, бірақ ересек өмірге жеке шекаралар мен қауіпсіздік ережелерін нақты түсініп қадам басты. Жастардың қонақжайлылыққа деген көзқарасы туралы павлодарлық 29 жастағы Сергей Максименкомен әңгімелестік:
"Мен үшін қонаққа бару - бұл жанға жайлы нәрсе, отырып сырласу. Бірақ кенеттен бару маған тән емес, мен ешқашан ескертусіз бармаймын. Есімде, бала кезімде кейбір көршілер тіпті есіктерін де жаппайтын, жай ғана кіріп баруға болатын еді. Қазір бұл мүмкін емес. Интернет ұрлық пен шабуыл туралы оқиғаларға толы. Танымайтын адамдарды үйге шақыру қазір сирек кездеседі".
Зумерлер үй кеңістігінің құндылығын қайта бағамдап жатыр. Сергейдің байқауынша, қазіргі қонақжайлылық ережелері өзгерген. Үй иесі үшін дастарқанды жақсылап жаю әлі де маңызды, бірақ қонақ тарапынан рұқсатсыз бірдеңе алу немесе жабық бөлмелерге кіру әдепсіздік болып саналады. Сондай-ақ, үлкен отырыстар да сиреп кетті.
Мәдениеттанушы Самир Серкебаев бұл өзгерісті былай түсіндіреді:
"Олар қалада өсті және үйдегі ауқымды қонақжайлылықтан ешқандай практикалық пайда көрген жоқ. Олардың түсінігінде қоғамға сәтті бейімделу үшін басқа құралдар қажет: тілдерді білу, түйіндеме, кәсіби курстар. Қонақ күту рәсімдерін білу қазіргі жас қала тұрғынының өмірін жеңілдетпейді. Сондықтан жастар ескі, ауыр форматтардан еркеліктен немесе эгоизмнен емес, мегаполистің қарқынды ырғағында өз ресурстарын интуитивті түрде қорғау үшін бас тартып жатыр".
Сарапшының болжамын шымкенттік 20 жастағы Дарья Бабешко әрі қарай дамытып, толықтыра түсті:
"Мен Шымкентте дүниеге келдім, ал қонақжайлылық - біздің басты ерекшелігіміз. Бірақ қазір өмір ырғағы өте жылдам, кездесулердің бәрі алдын ала жоспарланады. Құрбыммен жай ғана дәмханаға бару үшін бір апта бұрын келісуімізге тура келеді. Досың да шақырусыз келмейтін болды, жеке шекаралар қалыптасты. Десе де, дәмхана мен үйдің бірін таңдау керек болса, мен екіншісін таңдаймын. Қоғамдық орындардан шаршайсың, ал қонаққа бару көбірек ләззат сыйлайды. Бұл - мүлдем басқа атмосфера. Үй жағдайы адамдарды жақындастыра түседі".
Дарьяның сөзі қазіргі үрдісті растайды: үй жабық, киелі кеңістік мәртебесіне ие болып барады. Дегенмен, дәстүрдің жойылғаны туралы айту ерте - біз қонақжайлылықтың құрып кеткенін емес, оның терең әрі заңды эволюциясын көріп отырмыз. Ауқымды мерекелерді тойханалар мен мейрамханаларға шығару арқылы қазақстандықтар ресурстарын үнемдейді, бірақ араласудан бас тартпайды. Ал кенеттен келетін меймандардың азаюы үй кеңістігіне оның бастапқы, қасиетті құндылығын қайтарады.
Егер өткен заманда есіктер ашық ұсталса, бүгінде олар тек ішкі қажеттілік бойынша - ең жақын жандар үшін ғана ашылады. Қонаққа бару - сенімнің саналы көрінісіне айналды. Бұл - ежелгі далалық дәстүрдің жаңа формасы - өзің шын ниетпен қуанатын жандардың ортасында көңіл жылуы мен берекені бөлісу мүмкіндігі.
Авторы: Елизавета Лобова
Дайындаған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Жалқау ма, әлде өз құнын біле ме? Зумерлер жұмыс берушілер мен еңбек нарығын қалай өзгертіп жатыр?
Неге қазақстандықтар жасанды интеллектке мұңын шағады?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу