Қажымұқан атасының жолын қуған балақай

30.05.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Жақында Түркістан облы­сының Оты­рар ауданына қа­рас­ты Қоғам ауылының 5-сынып оқушысы Қасымжомарт Мұхитұлы қазақ күресінен халық­ара­лық турнирде чемпион атанды. Созақ ауданында өткен сайыста 10 жастағы талант өз салмағында қарсыластарының бәрін қоғадай жапырып, бас жүлдеге тігілген «Мерседес» автокөлігін жеңіп алды. Балғын балуанның әкесі де, атасы да күрес өнерін серік еткен жандар. Атасы Айтжан Додабаев – қазақ күресі мен самбодан спорт шебері, республикалық және халықаралық додалардың жүлдегері. Әкесі Мұхит Додабаев та бұл өнерден кенде емес, бала күнінен күреспен шұғылданып, түрлі жарысқа қатысқан тәжіри­белі спортшы.

Сөйтіп, атаның жолын немере жалғап, балуандар әулетінің дәстүрі үзілмей келеді. Балғын спорт­шының арманы да асқақ – ол бола­шақта Олимпиада чемпио­ны болуды мақсат етеді.

Үш жыл бұрын Отырар ауданы­ның Қоғам ауылында спорт ардагері, руханият жанашыры Оңалбек Әуелбековтің бастамасымен және демеушілігімен заманауи спорт кешені бой көтерген болатын. Сол уақыттан бері бұл берекелі ордадан талай талантты жас түлеп ұшты. Халықаралық додаларда топ жарып жүрген дарынды буынның қатарында Қасымжомарт та бар. Бапкерлері Абылайхан Өскенбай мен Бурахан Жұмагелдиев жаттықтыратын жас балуан еңбек пен табандылық қана биік белестерге бас­тайтынын жақсы түсінеді.

«Кіндік қаным тамған Қоғам  ауылында спорт кешенін салу туралы бастама көтергенде, осындай өрендер өсіп шықса деген арманым болған еді. Шүкір, бүгінде сайдың тасындай іріктелген, тегеуріні мықты балалар өсіп келеді. Ел спортының болашағы – осы кейінгі буынның қолында. Бұл баланың атасы кезінде қазақ күресінің әліппесін өзімнен үйренген, өте қарулы, қайсар балуан еді. Немересі де сол атасына тартқан сияқты. Қажымұқан бабамыздың жолын берсін, әлем және Олимпиада чемпионы болсын. Ата-аналарға айтарым: егер ұл-қыздарыңыз қырандай қырағы, сұңқардай өр, арыс­тандай айбатты болып өссін десеңіз, спортқа баулыңыз», дейді О.Әуелбеков.

Қасымжомарт жаз­ғы демалыс кезінде де уақытын бос өткізбей, жатты­ғуын үзбей жалғас­­­тырып келеді. Алда тұрған бәсі жоғары, жүлдесі қомақты турнирлерде де ол өз намысын қолдан бермеуге бар күшін салмақ.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью