Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ол — кәсіби күрестің бірнеше түрін меңгеріп, әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны, ұлтының рухын асқақтатқан дара тұлға. Оның есімі ел жадында тек алып күш иесі ретінде ғана емес, кең пейілді, көреген, тіпті кей деректерде әулиелік қасиеті бар адам ретінде де сақталған.
Алыптың арғы тегі мен балалық шағы
Қажымұқан Қыпшақтың Алтыбас руынан шыққан. Атасы Ернақтың ерекше күш иесі болғаны, ал нағашысы Лек палуанның ағашты тамырымен жұлып алатыны туралы аңыздар халық арасында кең тараған. Әкесі Мұңайтпас та «жуанаяқ палуан» атанып, елге танылған.
Болашақ балуан жастайынан ауыр еңбекке араласып, қара жұмыс істейді. Ел ішінде оның жалғыз өзі батпаққа батқан өгізді тартып шығарғаны немесе әлсіреген атты арбаға лақтырып, жүктің бәрін өзі сүйреп әкелгені туралы әңгімелер күні бүгінге дейін айтылады. Ол 17 жасында-ақ палуан ретінде танылып, 18 жасында циркке шақырылады.
Фото: Ризабек НүсіпбекұлыӘлемді мойындатқан қазақ
1905 жылы Харбинде өткен жарыста джиу-джитсудан алтын медаль алып, «Маньчжурия чемпионы» атанады. Кейін Германия, Швеция, Ресей, Америка құрлықтарында өткен ірі додаларда топ жарып, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихқа енді.
Фото: Ирина Галушко / KazinformОның қарсыластары арасында атақты шетелдік палуандар болды. Соның ішінде жапон балуаны Саракикимен болған жекпе-жек ерекше есте қалған. Қанша ауыр жарақат алса да, Қажымұқан қарсыласын жеңіп шыққан.
Замандастары оның бойындағы табиғи күш пен қайсарлықты ерекше бағалаған. Белгілі палуан Николай Турбас өз естелігінде: «Палуандардың көбі одан қорқатын» деп жазған.
Теңдессіз күш иесі
Ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Қажымұқанның дене бітімін арнайы өлшеп жазып қалдырған. 75 жасында оның салмағы 174 келі, бойы 195 сантиметр болған. Кеуде аумағы — 146 см, аяқ киімі — 54-өлшем.
Фото: Ирина Галушко/ KazinformХалық арасында оның 450 келілік сейфті арқасына салып, екінші қабатқа көтергені туралы дерек кең тараған. Бұл оның шын мәнінде табиғат берген ерекше күш иесі болғанын дәлелдейді.
Қарашаңырақтағы қасиетті аманат
Қажымұқан өмірінің соңғы кезеңін Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында өткізген. Қарашаңырақ та осы жерде орналасқан. Уақыт өте келе ескі үй жарамсыз күйге түскен соң, туыстары жаңадан үй тұрғызған. Қазір бұл шаңырақта балуанның шөбересі Қуанышбек Ескермесовтің отбасы тұрып жатыр.
Ұлттық мұраны жаңғыртуға бағытталған ғылыми-танымдық жоба — «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясы аясында бізге атамыздың көзі тірісінде тұрған қарашаңырағына барудың сәті түскен еді.
Фото: Ризабек Нүсіпбек / KazinformБүгінде үйдің бір бөлмесі мұражайға айналдырылған. Мұнда Қажымұқанның көзі тірісінде қолданған заттары — су ішкен ожауы, жатқан кереуеті, сандығы, дәрет алған ыдысы, ошағы сақталған. Сонымен қатар, есік алдында балуанның өзі қаздырған құдық бар. Ескі үйден алынған табалдырық пен Польшадан алып келген чемодан да — ұрпақ үшін қастерлі жәдігер.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / Kazinform Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / KazinformБалуанның шөбере келіні Роза Тынышбекқызы ата мұрасын көзінің қарашығындай сақтап отырған жандардың бірі.
— «Табалдырықтан биік тау жоқ» дейді ғой халқымыз. Атамыздың өзі қолданған кейбір заттарын үйде ешкімге бермей сақтап келеміз. Мен үшін бұл — аманат, — дейді ол.
Осы сапарда Отырардың Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 1934-1947 жылдар аралығында тұрған, өз қолымен көтерген ескі үйіне бардық. Қажымұқаннан қалған тағы бір құнды жәдігер — өз қолымен еккен кәрі қаратал.
Фото: Ризабек Нүсіпбек / KazinformҚаншама жылдар өтсе де тамыры тереңге жайылған ағаш әлі қалқайып тұр. Тек басы қурай бастаған соң, бұтақтарын кесіп тастауға тура келген.
Шөбере келінінің естелігі: әулиелік болмыс
Қазақ халқының біртуар перзенті, даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы ел ішінде сақталған естеліктер оның тек қара күш иесі ғана емес, ерекше рухани болмысы бар тұлға болғанын айғақтайды. Ұрпақтарының аузынан жеткен әңгімелер балуан атаның әулиелік қыры мен тылсым қасиетін тереңірек аша түседі.
Фото: Ризабек Нүсіпбек / Kazinform— Атамызға құран бағыштап, талай адам келіп тұрады. Атамыздың балуандығын айтпағанда, ол кісінің рухтылығы, әулиелігі бір бөлек әңгіме. Ашаршылық кезеңде қаншама адамдар «балуанның қасына барсақ, аш қалмаспыз» деп осы кісіні паналап келген екен. Атамыз бір мал сойса да, бәріне бөліп беріп, көмегін ешкімнен аямаған.
Тағы бір айтатыны — атамыз көзін жұмып отырып, алыстан кім келе жатқанын сезеді екен. Бірде «алыстан менің бір қаным іздеп келе жатыр» деп айтады. Артынша Ресейдегі Батима апамыздан тараған қызы келіп жеткен.
Бүгінде біз үшін атамызға Құран бағыштап, зиярат етіп келген адамдарға қолдан келгенше сол кісінің әңгімелерін айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеміз, — дейді балуанның шөбере келіні Роза Тынышбекқызы.
Мұхтар Әуезовтің тағзымы
Роза Тынышбекқызы тағы бір маңызды тарихи жайтты еске алады. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Қажымұқанның басына кесене тұрғызуға бастамашы болған.
— 1961 жылы ауылымызға Мұхтар Әуезов келіпті. Ол кезде атамыз жатқан жер — жай ғана қара топырақ, ағаш шарбақпен қоршалған орын болған. Сонда жазушы сол кездегі басшыларға арнайы тапсырма беріп, кесене тұрғызуды тапсырған. «Заманы бөлек кезеңде қазақты әлемге танытқан, тарихы ерекше, қазаққа өзгеше құбылыс болып келген тұлғаға құрмет көрсетуіміз керек» деген екен жазушы. Сол кісінің ықпалымен кесене тұрғызылды, — дейді ол.
Балуан мұрасы және ұрпақ сабақтастығы
Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының артында көп ұрпақ қалды. Деректерге сүйенсек, палуанның төрт әйелі болған. Олардан төрт ұл — Халиолла, Ғабдолла, Айдархан, Жанабіл және үш қыз — София, Азия, Рашида дүниеге келген.
Балуанның бірінші жары — цирк әртісі Надежда Чеповская. Қажымұқанға тұрмысқа шыққаннан кейін ол ислам дінін қабылдап, Бәтима (Фатима) есімін алған. Екеуі 1909 жылы Рига қаласында танысып, Омбыда некесін қидырған. Бұл некеден Халиолла есімді ұл дүниеге келді. Ал Ғабдолланы балалар үйінен асырап алынған.
Кейін, 1925 жылы Қажымұқан Тыныбайқызы Ырыстыға үйленіп, одан үш қыз сүйген. 1938 жылы Мінәйімге үйленіп, бұл некеден Айдархан дүниеге келсе, 1946 жылы Бибіжанға қосылған. Өзінен отыз жас кіші соңғы жарынан Жанабіл есімді ұл сүйген.
Балуан ұрпақтары аталарының жолын жалғап, түрлі салада табысқа жетіп келеді. Мәселен, немересі Шаттық Қажымұқанов — каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2002 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ал тағы бір немересі Бақытжан Қажымұқанов — танымал композитор, «Жас Қанат» және «Азия дауысы» байқауларының жүлдегері.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары ұлы тұлғаның есімін ұлықтап, оның тарихи мұрасын дәріптеу ісін жалғастырып келеді.
Фото: Ризабек Нүсіпбек / KazinformҚажымұқанның немересі Нұрлан Айдарханұлы ата мұрасын насихаттау ісінің жүйелі жүргізіліп жатқанын атап айтты. Оның айтуынша, ұрпақтары үнемі бас қосып, соңғы жиырма жыл ішінде палуанға қатысты музейдің қалыптасуына үлес қосқан. Ел ішінен жәдігерлер жиналып, тарихи мұра бір арнаға тоғыстырылған.
Фото: Ризабек / Нүсіпбек Kazinform— Атамыздың атындағы «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында орналасқан музей ғимаратының құрылысы 2019 жылы басталған. Бұл күнде ел игіліне беріліп, даңқты балуанның мұрасын көруге келетін адамдар саны артып келеді. Музейде екі қарындасым қызмет көрсетіп, келушілерге атамыздың мұрасын таныстырып, еңбектерін насихаттап жүр. Басты мақсатымыз — атамыздың еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізіп, ел туризмінің дамуына үлес қосу, — дейді ол.
Көзкөрген әженің әңгімесі: алыптың тылсым сәті
Балуанның шөбересі, музей қызметкері Меруерт Ескермесқызы жеткізген естелік — Қажымұқанның ғажайып күшін нақты суреттейтін ерекше дерек.
Фото: Ризабек Нүсіпбек / Kazinform— 2018 жылы тамыз айында атамыз көтерген тасты алып келуге бардық. Ол Түлкібас ауданы Орбұлақ ауылында сақталған екен. Сол тасты ұзақ уақыт сақтаған Бекбаева Жаңыл апамыз өз аузымен айтып берген еді.
Әжеміз былай дейді: «Мен бұл ауылға жаңа түскен келін едім. Бір күні ‘Қажымұқан келеді, өнер көрсетеді’ деген хабар тарады. Бүкіл ауыл жиналды.
Кешкісін ауыл қаракөлеңке болып тұрған кезде балуан арбамен келді. Батып бара жатқан күннің қызыл шапағымен ол тіпті үлкейіп, арбаның үстінде бір тауды отырғызғандай көрінді. Ертегідегі алып дәу сияқты әсер қалдырды.
Күн ыстық болғандықтан үсті жартылай жалаңаш, жасы жетпістен асқан, бұлшын еттері салбыраңқы тартып тұрған еді. Беті бұжыр, бір құлағы кесілген, ерні жырылған. Көп адам оның түрінен қорқып, кейін шегініп қашқандары болды.
Бірақ ең ғажабы арбадан түсіп, өнер көрсететін жерге барған кезде болды. Жаңағы салбырап тұрған дене бір сәтте жиырылып, бұлшық еттері қатайып, жас жігіттің денесіндей болып шыға келді.
Сол кезде бір қолымен 130 келілік тасты көтеріп, лақтырып жіберді. Тастың екпінімен өзі де алға жүгіріп кетті. Жұрттың бәрі жан-жаққа қаша жөнелді», деп еске алған еді. Осы суреттеудің өзінен атамыздың өзгеше болмыс иесі екенін көреміз, — дейді Меруерт Ескермесқызы.
@rizabek_n #қажымұқан атамыз көтерген тастар #балуантас #Түркістантуризмі ♬ оригинальный звук — Ризабек Нүсіпбек
Оның айтуынша, бұл тас кейін балуанның мұрасы ретінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткен.
Алып тұлғаның ақындық қыры
Қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы тек алып күшімен ғана емес, сөз өнеріне жақындығымен де дараланған тұлға. Ел аузындағы әңгімелер мен жазба деректер Қажымұқанның өнерге бейімділігі болғанын анық көрсетеді.
Соның бір дәлелі — Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы туралы еңбектерде кездесетін дерек. Онда Қажымұқан көпшілік сұрауымен қолына домбыра алып, қоңыр даусымен:
«Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан.
Кешегі Омбының қаласында,
Құлаттым қырық балуанды бір шалмастан» — деп, әндете жырлайтыны айтылады. Бұл оның тек күш иесі ғана емес, суырыпсалмалыққа жақын, сөзге де ұста болғанын аңғартады.
Балуанның жары Мінәйімнің естелігінде де оның домбыра тартып, әсіресе халық әндерін орындағаны, бос уақытында өлеңге бейімділігі байқалғаны айтылады. Ал ел ішінде Қажымұқанның әзіл-қалжыңға жақын, кейде табан астында өлең құрап айтатын шешендігі жөнінде көптеген деректер сақталған.
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы / KazinformКүш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров Қажымұқанның бұл қырын көп деректер айқындайтынын айтады.
— Қажымұқан атамыздың бойында қазаққа тән ақынгерлік қасиет айқын көрінеді. Домбыра тартып, өлеңді табан астында құрап айтуы — соның дәлелі. Ол сөздің қадірін түсінген, өнерге жақын, рухани дүниесі бай тұлға, — дейді ол.
Сондай-ақ зерттеуші балуанның ішкі дүниесіне қатысты тағы бір маңызды жайтты атап өтеді.
— Қажымұқанның өзі де сөз өнерін ерекше құрметтеген. Ол Абайдай алыптардың деңгейін мойындап, «нағыз күш — сөзде» деп бағалаған. Бұл — оның тек тән күшімен емес, рухани деңгейімен де биік тұрғанын білдіреді, — деді Абылайхан Қалназаров.
Шынында да, Абай Құнанбайұлы шығармашылығына деген құрметі, сөз құдіретін жоғары қоюы Қажымұқанның рухани болмысын айқындай түседі.
Ұрпақтарының аузынан жеткен естеліктер Қажымұқан Мұңайтпасұлы тұлғасының аңыз бен ақиқаттың тоғысқан биік деңгейде тұрғанын көрсетеді. Ол — тек күш иесі ғана емес, жомарттығымен, ұлттық болмыстың барлық қырын бойына сіңірген, өнер мен руханиятты қатар ұстанған көрегендігімен ел жадында сақталған бірегей тұлға.
Қажымұқанның ғұмыры — қазақ халқының рухани қуаты мен қайсарлығының айқын көрінісі.
Бұған дейін күш атасы Қажымұқан көтерген балуан тастар туралы жазған едік.