Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Бұл туралы Үкімет үйінде Түркия Вице-президенті Жевдет Йылмазбен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 14-отырысын өткізіп жатқан Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
— Энергетикалық серіктестікті дамыту өзара әрекеттесудің маңызды бағыты және аймақтық тұрақтылықтың тірегі саналады. Баку-Тбилиси-Жейхан бағыты қазақстандық мұнайды жеткізу үшін маңызды құбырлық инфрақұрылымның бөлігі. Түрік компаниялары Қазақстанда мұнай-газ саласындағы ірі жобаларды сәтті жүзеге асырып жатыр. Бұдан басқа, тараптар бұл салада инвестициялық келісімдер жасауға баса назар аударып отыр. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» және Turkish Petroleum Corporation компаниялары геологиялық барлау және өндіріс саласындағы ынтымақтастықты талқылап жатыр, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің пайымынша, электр энергетикасы, көмір өнеркәсібі және тағы басқа салалардағы екі елдің сарапшылары инновацияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасулары қажет.
— Қазіргі таңда AKSA Energy компаниясы Қызылордада қуаттылығы 240 МВт бу-газ қондырғысын салып жатыр. Бұл ретте біз өзара тиімді қатынасты ең кең ауқымда кеңейтуге және жаңа ұсыныстарға ашықпыз, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, Қазақстан түрік инвесторларына бірлескен жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік қолдау құралдарын ұсынуға дайын.