Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде Корей қоры қолдауымен жүзеге асқан халықаралық жоба аясында қазақ тіліндегі корей тілі оқулығының тұсаукесері және шәкіртақы табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Ха Тэ Ук, Korea Foundation Мәскеу қаласындағы өкілдігінің директоры И Со Мен, Кибер Хангук шет тілдер университетінің профессоры Джин Джон Ран, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен докторанттар қатысты.
Салтанатты жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Ибраимов Марғұлан Қасенұлы ашып, университеттің халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері мен корейтану бағытының маңыздылығына ерекше тоқталды.
Соңғы жылдары университеттің Шығыстану факультетінде корейтану бағытына, әсіресе корей тілін меңгеруге деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Жыл сайын бұл мамандықты таңдаған студенттер саны өсуде, әрі олардың басым бөлігі қазақ бөлімінде білім алуда. Бұл ана тіліндегі сапалы оқу-әдістемелік материалдарға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.
Осы қажеттілікті ескере отырып, 2025 жылы халықаралық ынтымақтастық аясында маңызды жоба қолға алынды. Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен «Ақпараттық технологиялар дәуіріндегі корейтану» атты XIII халықаралық ғылыми конференция барысында Корей Қоры өкілдерімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, қор тарапынан Қазақ ұлттық университеті баспасынан корей тілі оқулығын басып шығаруға қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Бұл бастама Корей Қорының әлемде корейтануды қолдау және ілгерілету бағытындағы стратегиялық мақсатына толық сәйкес келеді.
Университет серіктесі ретінде Кибер Хангук шет тілдер университеті өз оқу құралын басып шығаруға және баспа құқығын ұсынуға келісім берді. Сонымен қатар, Хангук шет тілдер университетінен жіберілген профессор Сон Ю Джоң жобаның мазмұндық және академиялық сапасын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
Жоба нәтижесінде 2025 жылдың қазан айында Korea Foundation Мәскеу қаласындағы өкілдігінің директоры И Со Мен ханым мен ҚазҰУ-дың Ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Ибраимов Марғұлан Қасенұлы арасында халықаралық жобаға ресми түрде қол қойылды.
Корей тілі оқулығының қазақ тіліндегі 4 деңгейлі басылымын әзірлеуге корейтану бөлімінің профессор-оқытушылар құрамы белсене қатысты. Атап айтқанда, «Корей тілі: бастапқы деңгей 1, 2» оқулықтарын Жаханова Жанар Әбусейтқызы, Пак Татьяна Николаевна, Қыдырбаев Бектияр Мырзабаевич, Белялова Айгерім Ермековна аударса, «Корей тілі: орта деңгей 1, 2» оқулықтарын Серікбаева Зарипа Асылбекқызы, Хамитова Назерке Ермековна, Сайлаукенова Айгерім Ерланқызы және Бегалиева Маржан Байтасқызы аударды. Оқу құралдарына ғылыми-әдістемелік сараптаманы Филология факультеті деканының орынбасары Сәткенова Жайна Бағашарқызы мен Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Абаған Ақерке Болатбекқызы жүргізді.
Іс-шара барысында Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан Шәріпбайұлы оқу құралының маңыздылығына тоқталып, бұл басылым Қазақстанда алғаш рет корей тілін қазақ тілінде жүйелі түрде оқытуға арналған кешенді оқу құралы екенін атап өтті.
Таныстырылымнан кейін оқулықтың ресми тұсаукесер рәсімі өтіп, символикалық түрде лента қиылды.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде 2025 жылғы Korea Foundation бағдарламасы аясында магистранттар мен докторанттарға арналған шәкіртақылар табысталды. Шәкіртақы иелеріне сертификаттар беріліп, естелік суретке түсу рәсімі ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба студенттердің корей тілін сапалы меңгеруіне мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстандағы корейтану ғылымының дамуына, ұлттық білім беру кеңістігінде қазақ тіліндегі оқу ресурстарының артуына және екі ел арасындағы академиялық әрі мәдени ынтымақтастықтың нығаюына елеулі үлес қосады.