Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Қытай ғылым академиясының президенті Хоу Цзяньго ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевпен және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимовпен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қытайда өткен жүздесуде тараптар академиялық өзара байланыстан нақты бірлескен ғылыми-технологиялық жобаларды іске асыруға көшу мәселесін талқылады.
Келіссөз барысында әріптестік байланыстың төрт басым бағыты айқындалды. Атап айтқанда Қытай-Орталық Азия жерсеріктік желісін құру, ғылымға арналған жасанды интеллект және DeepBas платформасын дамыту, ядролық физика және энергетика саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ «Alatau City» бойынша ғылыми-технологиялық серіктестікті нығайту.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қытай ғылым академиясымен және қытайлық ЖОО-лармен ынтымақтастықты қарқынды дамытып келеді.
Қазір қытайлық әріптестермен бірлескен ғылыми орталықтар мен зертханалар жасақталып, оқу ордасының базасында өз жұмысын бастады. Жерсерік желісін құру бағытында ҚазҰУ Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен ғарышқа микроспутник ұшырды. Бұл бастаманы ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет жүзеге асырып отыр. Ортақ жұмыс өз кезегінде ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады.
Бұған қосымша, университеттегі «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасының ғалымдары Жерді қашықтықтан бақылап, су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы сияқты экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ оқу ордасында қытайлық компаниямен бірге Ұшқышсыз ұшу аппараттарының модельдерін әзірлейтін оқу-өндірістік зертханасы ашылды. Орталық Азия бойынша қуатты саналатын Суперкомпьютер орталығы іске қосылып, күрделі жұмыстарды орындауда. Жоғары технологиялық құрылғы жасанды интеллект технологиясы, мұнай-газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, Жерді қашықтықтан зондтау, 3D модельдеу салалары бойынша деректерді топтастырады.
Сонымен қатар ҚазҰУ-да «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен Робототехника орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық ҚазҰУ мен Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компаниясы – Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі. Жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрайтын орталықта 13 заманауи робот орнатылған.
Кездесу қорытындысы бойынша Ақылбек Күрішбаев пен Хоу Цзяньго үйлестірушілерді анықтап, аталған төрт бағытты егжей-тегжейлі пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобын құруға уағдаласты.