ҚазҰУ ұжымы Мемлекет басшысының тарихи Үндеуіне қолдау білдірді

02.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Жаңа Конституциясының күшіне енуіне орай халыққа жолдаған Үндеуін қолдау және іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген алқалы жиын өтті. Жиынға оқу орнының басшылығы, белгілі ғалымдар, профессор-оқытушылар құрамы, белсенді студенттер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Басқосуды ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының Үндеуі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи белес екенін және Әділетті Қазақстанды құрудың жаңа жасампаздық кезеңін айқындап бергенін атап өтті. Университет басшысы Президенттің тарихи сөзін мінберден оқып беріп, оның әрбір қағидатының заманауи білім мен ғылым саласы үшін маңыздылығына тоқталды.

«Мемлекет басшысы өз Үндеуінде: «Біз нағыз Халық Конституциясының мызғымас құқықтық негізіне арқа сүйеп, барлық мақсат-мұраттарымызға міндетті түрде жетеміз. Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз», – деп нақты атап көрсетті. Бұл – еліміздің зияткерлік және ғылыми элитасы шоғырланған біздің университет ұжымына да тікелей жүктелетін үлкен жауапкершілік. Біздің басты міндетіміз – Президент белгілеп берген осы қастерлі құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру», – деді ректор Жансейіт Түймебаев.

Университет басшысы өз сөзінде Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – бүкіл ел тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы екенін, саяси-экономикалық реформалар мен ауқымды өзгерістердің даңғыл жолын ашқанын айтты. Әсіресе, Конституция күнінің «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтуінің символдық мәні жоғары екеніне назар аударды. Бұл қадам ұлттық жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты құндылықтарымен – ынтымақпен, озық біліммен және адал еңбекпен ұштастырады.

Жиын барысында Жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекет пен азаматтық қоғам институттарын, соның ішінде жоғары білім беру жүйесін түбегейлі жаңғыртуға берік негіз қалайтыны сөз болды. ҚазҰУ ғалымдары мен профессорлары Президент Үндеуінде айтылған әрбір басымдыққа ғылыми-сараптамалық тұрғыдан қолдау білдірді.

Алқалы жиында сөз алған университет оқытушылары мен саясаттанушы ғалымдар Жаңа Конституцияның күшіне енуі жастарға шексіз мүмкіндіктер беретінін жеткізді. Жаңа Ата заң білімді, еркін және жасампаз жастардың елімізді басқаруға, ғылым мен экономиканы өркендетуге ашылған басты даңғыл жолына айналмақ.

Басқосуда университет ректоры Жансейіт Түймебаев Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор міндетін атқарушыСамғат Ермекбаевқа еліміздің басты құқықтық құжаты – Жаңа Конституция кітабын табыстады. 

Сонымен қатар шара аясында жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысып, ел игілігіне бағытталған шараларға елеулі үлес қосқан бірқатар қызметкерлер мен оқытушылар Ректордың Алғыс хатымен марапатталды.

Басқосуды қорытындылай келе, Ректор Жансейіт Түймебаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Мемлекет басшысының саяси бағытын толық қолдайтынын және ел игілігі жолында, Әділетті Қазақстанның іргетасын нығайту бағытында өзінің бүкіл зияткерлік, ғылыми және кадрлық әлеуетін жұмылдыратынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью