Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
— Назгүл Жәдігерқызы, өзіңізді қысқаша таныстырып кетсеңіз.
— Мен Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Жеті жасымда әкемнен айырылдым. Төрт қыздың кенжесімін, менен кейін бір інім бар. Музыкалық мектепте баян аспабын аса ұнатпасам да, бес жыл бойы табандылықпен оқып, меңгеріп шықтым. Кейін музыкалық училищенің дайындық тобына түсіп, қобызды таңдадым. Бес жылдан соң қызыл диплом алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылдандым. Онда да бес жыл білім алып, 1999 жылы жолдамамен Петропавлға келдім.
Фото: Назгүл Маштақованың жеке мұрағатынанБұл өңірде ол кезде қобыз аспабы мүлде болмаған еді. Декан Меруерт Каленбаева және ұстазым Шолпан Рауандина мені арнайы Солтүстікке бағыттады. Бірден музыкалық колледжге жұмысқа орналастым. Негізгі мамандығым — ұстаздық. Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Аспап та, нота да жоқтың қасы. Халықтың басым бөлігі орыс тілді болғандықтан, қобызды көпшілік біле бермейтін. Балаларын көбіне домбыраға беретін.
Сондықтан ең алдымен қобызды таныту қажет болды. Өзіммен бірге екі аспап ала келіп, жеке концерт ұйымдастырдым. Алғашында бір-екі шәкірттен бастадым, жыл өткен сайын олардың қатары көбейе түсті. Бүгінде осы өңірде қобыз өнерін кеңінен танытуға үлес қостым деп сеніммен айта аламын.
— Музыкаға әуестік қайдан дарыды?
— Әкем мандолин шертіп, қонақ келгенде ән айтып, бізге де айтқызатын. Музыкаға деген сүйіспеншілік сол кісіден дарыса керек. Дегенмен бала күнімде актриса болуды армандадым. Бұрынғы Тамаша сияқты ойын-сауық театрларында өнер көрсеткім келетін. Алайда анам музыкалық мектепті тәмамдаған соң осы салаға бағыттады.
Фото: Назгүл МаштақоваСодан бері колледжде ұстаз болып келемін. Еңбек жолының басында он шақты жас музыкант бірігіп, «Есіл» ансамблін құрдық. Екі жыл ішінде қатарымызға жас өнерпаздар қосылып, филармония жанынан оркестр аштық. Қазір Ақан сері атындағы ұлт аспаптар оркестрі құрамында да еңбек етемін, қобызшылар тобының алғашқы мүшелерінің бірімін.
— Қазақтың ұлттық аспаптары көп қой, неліктен таңдау қобызға түсті?
— Колледжге алғаш келгенімде маған домбыраны да, өзге де аспаптарды ұсынды. Таңдау жасау мүмкіндігі болды. Ол кезде қобызда ойнайтындар ілуде біреу ғана еді, сирек кездесетін. Көптің арасынан ерекшеленгім келді ме, әлде ұлттық аспаптың тылсым үні өзіне тартты ма — білмеймін, бірақ дәл осы аспапты таңдадым.
— Қобыз дегенде әдетте кең даламыздың көне сарыны, мұңды әуен елестейді. Қорқыт атамен көбіне байланыстырамыз. Қобыз — бұл өзі қандай аспап?
— Мен көне қыл қобызда емес, жаңартылған түрі — прима қобызда ойнаймын. 1934 жылы оркестр құрамында дыбыс ауқымы жетіспегендіктен, көрнекті сазгер Ахмет Жұбанов прима-қобызды дүниеге әкелді. Алғашында үш ішекті болған, кейін төрт ішекті нұсқасы қалыптасты. Бұл аспап жоғары дыбыстарды орындауға лайықталған. Қыл қобыздан айырмашылығы — шектері қылдан емес, сымнан жасалады.
Қыл қобызда көбіне Қорқыт Ата мен Ықылас Дүкенұлы күйлері, сондай-ақ домбыра күйлері орындалады. Ал прима қобыз — жаңартылған, мүмкіндігі кең аспап. Сондықтан онда әлемдік классика өкілдері — Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Амадей Моцарт, Петр Чайковский шығармаларын, сондай-ақ заманауи туындыларды орындауға толық мүмкіндік бар.
Фото: Назгүл Маштақованың жеке мұрағатынанЖалпы қобыздың алты түрі бар: екі ішекті қыл қобыз, прима қобыз, альт қобыз, нар қобыз, бас қобыз және контрабас қобыз. Әрқайсысының оркестрдегі өз орны, өз үні бар.
Прима қобызда ойнау оңай емес. Скрипкада ішекті саусақтың ұшымен, жұмсақ терімен басса, прима қобызда тырнақпен басамыз. Тағы бір ерекшелігі — перне жоқ, яғни перненің қызметін сол қолдың саусағы атқарады. Дыбысты дәл табу үлкен шеберлік пен жоғары есту қабілетін талап етеді.
Сондықтан да топқа бала қабылдағанда олардың музыканы естіп қабылдауы, ырғақты сезінуі ерекше назарға алынады. Қобыз — жүрекпен сезініп, жанмен орындалатын күрделі де қасиетті аспап.
— Шәкірт тәрбиелеуде ең басты қағидаңыз қандай?
— Анамның бойыма сіңірген үлкен қағидасы — жауапкершілік пен талапшылдық. Осы ұстаным өмірлік темірқазығыма айналды. Бүгінде оқушыларым үдеден шығып, сенімімді ақтап жүргені — сол тәрбиенің жемісі деп білемін. Ұстаздық жолда жүргеніме ширек ғасыр болыпты. Осы уақыт ішінде тек мамандығымды ғана емес, адам жанын тануды да үйрендім. Әр баланың тілін табуға, мінезі мен көңіл күйін дөп басуға тырысамын. Алдыңа келген шәкірттің жан дүниесін зерттей қарайсың: қандай күйде отыр, не айтқысы келеді, болашағынан қандай үміт күтуге болады — бәрі ұстаз назарынан тыс қалмауы тиіс.
Жалпы, шәкірт тәрбиелеу — жеңіл жұмыс емес. Бұл — аса жауапкершілікті, үлкен төзім мен жанкештілікті талап ететін күрделі жол.
Фото: Назгүл МаштақоваӘкеден ерте айырылып, ағамыз болмай, үйдің де, түздің де жұмысын қатар атқарып өстік. Анамызға салмақ салмайық, ешкімнен кем болмайық деген намыс бізді ерте есейтті. Сол себепті оқушыларым өмірдің ауыртпалығын көрмесе екен, қиындыққа дайын, еңбекқор болып өссе екен деп тілеймін.
Мен үшін ұстаздық — тек музыкалық аспапты үйрету емес. Ең бастысы — олардың өмірден өз орнын таба алатын, жауапкершілігі жоғары, қайсар азамат болып қалыптасуына ықпал ету. Бар күш-жігерімді де осы мақсатқа арнаймын.
— Бүгінгі шәкірттер мен бұрынғы буынның айырмашылығы бар ма?
— Қазіргі балалардың болмысы бөлек. Нәзік, өзін аяп тұрады. Кейде үстірт ойнап, сағаттап дайындалуға құлшыныс таныта бермейді. Қаттырақ айтылған сөзді де ауыр қабылдайды. Ал біздің буын үндемей көніп, талапты ішке түйіп өстік.
Дегенмен, заман басқа деп қол қусырып отыруға болмайды. Қайта солардың жүрегіне жол тауып, жігерін жану — ұстаздың міндеті. Мен шәкірттерімді ешқашан бөліп-жармаймын, әрқайсысына мотивация беріп, қабілетіне қарай баулимын.
Фото: Назгүл Маштақованың жеке мұрағатынанМузыкант болмаса да, өмірде қобызда ойнай алудың өзі — үлкен артықшылық. Көптің бірі болмай, ерекшеленіп тұрса, тіпті қонақта отырып қобызбен күй тартып берсе — одан асқан ғанибет бар ма?
Сондықтан мен олардан ең алдымен бастаған істі соңына дейін жеткізуді талап етемін. Табандылық пен еңбек — кез келген жетістіктің кілті.
— Өміріңізде ең қатты әсер еткен сәт туралы айтып беріңізші…
— Өмір болған соң, әрине, қиындықтар да қатар жүреді. Бірақ сол сынақтарға мойымай, керісінше, шыңдала білу керек деп ойлаймын. Мен үшін үлкен белестердің бірі — Алматыда оқуымды тәмамдап, мүлде басқа тілдік және ешкімді танымайтын жаңа ортаға келуім болды. Жалпы, өмірім үнемі дәлелдеумен өтіп келе жатқандай сезіледі.
Сол кезде де «бұл жас қыздың қолынан не келер екен?» деген күмәнмен, сын көзбен қарағандар табылды. Алайда ондай сөздер мені жасытқан жоқ, қайта қайрап, намысымды жанды. Батыстың қызы болғандықтан шығар, намыс мен үшін әрдайым бірінші орында. Бұл қасиет әлі күнге дейін мені алға жетелейді.
Қазір де сол талапшылдығымнан танған емеспін. Жеке сабақта шәкіртім бір шығарманы ойдағыдай орындай алмай жатса, ең алдымен өзімді саралаймын: «Мен дұрыс түсіндіре алмадым ба?» деп мазам кетеді. Әлгі бала шығарманы таза, көңілдегідей орындап шықпайынша, мен де тынышталмаймын. Себебі ұстаз үшін шәкірт жетістігі — өз еңбегінің жемісі.
— Әйел ретінде, ана ретінде, ұстаз әрі өнер адамы ретінде тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
— Сенесіз бе, бір кездері бес бірдей жұмысты қатар алып жүрген күндерім болды. Сол еңбектің арқасында өзімді еңбекқор жанмын деп нық сеніммен айта аламын. Қандай жұмыс болса да жатсынбаймын, ауырынан қашпаймын.
Сол кезде таңертең колледжге келіп, төрт-бес сабағымды өткіземін. Одан кейін қала мектептерінде қобыз үйірмесі ашылып, балаларға дәріс беремін. Түскі үзіліс деген атымен болмайтын — жол-жөнекей тамақтанып алып, оркестрдің дайындығына асығамын. Дайындықтан соң университетке тартамын. Онда да екі-үш жыл музыкалық факультетте еңбек еттім.
Бүгінде сол кезеңді бастан өткізгеніме еш өкінбеймін. Қайта маңдай тердің өтеуі қайтты деп ойлаймын. Жолдасым екеуіміз тойымызды өз күшімізбен жасадық, баспаналы болдық, көлік алдық. Анам мен інімді осы жаққа көшіріп әкелдік.
Қазір де сол екпіннен танған жоқпын — үйде де, түзде де үлгеруге тырысамын. Пысық болу керек. Кейде түсте бір жарым сағат бос уақытым болса, үйге барып, тамақ әзірлеп үлгеремін. Үй шаруасын кешке қарай реттеймін.
Жолдасым да — өнер адамы. Қайырлы Ғафуровпен бір ансамбльде жұмыс істеп жүргенде танысып, шаңырақ көтердік. Үлкен ұлымыз Ғабит Прагада білім алып, «Бағдарламашы» мамандығын тәмамдады. Қазір Чехияда еңбек етіп жүр. Ал кенжеміз Нұржігіт Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесіндегі мектептің 11-сыныбында оқиды.
— Мереке қарсаңында замандастарыңызға қандай тілегіңіз бар?
— Ең алдымен, еліміз аман, заманымыз тыныш болсын деп тілеймін. Әр шаңыраққа құт-береке қонып, денсаулықтарыңыз мықты болсын. Бір-бірімізге деген құрмет пен жанашырлық жоғалмасын.
Жастарға айтарым — талмай еңбектеніңіздер. Әрекетсіз ештеңе өздігінен келмейді. Арманға жетудің жолы — табандылық пен тынымсыз еңбек. Өмір жолында түрлі сынақтар кездеседі: сүрінсең — қайта тұр, қателессең — сабақ ал, бірақ ешқашан берілме. Баршаңызға төзімділік, қайсарлық, сабырлылық және биік мақсаттарға жетер жігер тілеймін.
Бұдан бұрын қазақтың ұлттық аспаптарын алыс-жақын шетелге экспорттап, оларды әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген қолөнерші, этнодизайнер, зергер Алмас Мұстафамен Kazinform тілшісі сұхбаттасты.