Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Жиында комиссия төрағасы Нұркен Бақытбекұлы, ең алдымен партия алдында тұрған Сайлауалды уәделердің орындалу барысына тоқталды. Бұл бағытта Жол картаға енгізілген қала тұрғындарын қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету мәселесін баяндады.
«Өздеріңізге белгілі, қала тұрғындарын сапалы қоғамдық көлік қызметімен қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалын жақсарту бағытында өңірімізде көптеген жұмыс істелуде. Дегенмен облыс орталығында халық санының өсуі қоғамдық көлікке деген сұранысты жыл сайын арттыруда. Сондықтан бұл салаға қатысты тұрғындар тарапынан айтылатын сын пікірлердің де болуы заңдылық», – деді ол.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов қоғамдық көлік қызметіне қатысты атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қалаішілік жолаушылар тасымалы «Қызылорда автобус паркі» ЖШС арқылы үйлестіріледі.
Жалпы, 2017 жылы өңірде заманауи талапқа сай автобус паркінің жаңа ғимараты қолданысқа берілген. Соңғы жылдары қалада жолаушылар тасымалы бағытының ауқымы ұлғайып келеді. Мәселен, 2022 жылы серіктестік 5 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырған болса, бүгінде 32 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Барлық қалаішілік бағыттарда жолаушыларды тасымалдайтын автобустар 2GIS, Яндекс GO және Яндекс Карта ұялы қосымшасына тіркелген. Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен 2022-2024 жылдары Қызылорда қаласының қоғамдық көлік мәселесін түбегейлі шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы табиғи газбен жүретін Yutong ZK6852 HG маркалы 300 дана автобус алынды.
Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға, такси қызметтеріне тиімді баға қалыптастыруға бағытталған «Эко такси» қызметі жөнінде де атап өтті.
«2024 жылы Қызылордада қалаішілік көлік қатынасын одан әрі жетілдіру үшін «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-не 1 млрд 100 млн теңгеге 100 жаңа электромобиль сатып алынды. «Эко такси» қызметіне тапсырыс «Апару», «Яндекс» және «Жұлдыз TAXI» мобильді қосымшалары арқылы қабылданады. Бұл бәсекелестікке кері әсерін тигізбей, керісінше, халыққа қызмет көрсету сапасын арттырып, қоғамдық көлік мәселесін шешуге оң әсерін тигізеді», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Күн тәртібіне сәйкес Партиялық бақылау комиссиясы құрамына Партиялық бақылау департаменті мен облыстық филиал басшылығының келісімімен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облысы бойынша филиалы басшысы Фарида Қалиева, облыстық кәсіподақтар орталығының төраға орынбасары Марат Бәйімбетов және Қазақстан Заңгерлер одағының мүшесі, «Әділет» құқықтық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Дәулет Ізбасарұлы қабылданды.
Жиынды қорытындылаған партияның облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай бұл салаға қатысты Сайлауалды бағдарламаға енген жұмыстар толығымен жүзеге асқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қала тұрғындарына сапалы және уақытылы қызмет көрсетуіне қатысты ұсыныстарын білдіріп, олардың орындалуы партиялық бақылауға алынатындығын жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы