Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Фото: istockphoto.com
Бүгінде Қазақстанда 264 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Оның 36-сы республикалық, 228-і жергілікті деңгейде қызмет атқарады. Кеңес мүшелерінің 74 пайызын азаматтық қоғам өкілдері құрайды.
Жыл басынан бері қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты 3 400-ден астам нормативтік құқықтық акті жобасын қарап, ауыз сумен қамтамасыз ету, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, білім беру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша 495-тен астам қоғамдық тыңдау өткізген.
«Республикалық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының 990 есебі тыңдалды. Нәтижесінде мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, цифрландыруды дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, азаматтардың өтініштерімен жұмысты жетілдіру және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленді», делінген хабарламада.
Қоғамдық кеңестердің жұмысы Kazkenes.kz бірыңғай ақпараттық порталы арқылы жүргізіледі. Порталда кеңестердің құрамы, отырыстардың күн тәртібі, хаттамалар, бейнетрансляциялар және қоғамдық бастамалар қолжетімді. Портал іске қосылғалы бері оны 1,8 миллионға жуық адам пайдаланған.
Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған Үйлестіру орталығы республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіріп, әдістемелік қолдау көрсетуді және қоғамдық бақылаудың тиімді тетіктерін дамытуды қамтамасыз етеді.
Еске сала кетейік, Қазақстан бірпалаталы Парламент жүйесіне өтіп, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай мен Халық Кеңесі институттары пайда болды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Халық Кеңесі мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басын біріктіретіндігін айтты.