Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
– «Үздік криминалист» байқауының жеңімпазы Азиза Қожабаева туралы білгіміз келеді. Қайда білім алдыңыз, бұл саланы қалай таңдадыңыз?
– Мен Хромтау ауданы Ақжар ауылындағы мектепті 2014 жылы бітірдім. Спорттық жетістіктер, ҰБТ-дағы жоғары балл мен денсаулығым туралы анықтама маған Ресейде оқуға мүмкіндік берді. Нақтысын айтқанда Ресейдің Волгоград академиясына жолдама алдым. Сол жылы Қазақстан бойынша 10 адамды оқуға жіберді. 2019 жылы мен үздік диплом алдым. Ақтөбе қаласына келіп, полиция басқармасының криминалист қызметіне жұмысқа орналастым. 2023 жылы Ақтөбе облыстық полиция департаменті жедел криминалистика басқармасына ауыстым. Мен криминалист мамандығы бар екенін білмедім. Тергеуші боламын деп армандап, кейін ғана осы сала туралы білдім. Волгоград академиясына оқуға түскен соң мамандықтың қыр-сырын терең меңгеріп, қызығушылығым арта түсті. Сынама алу, талдау жүргізу жолын үйреніп, әріптестеріме де көмектестім. Әлі күнге дейін оқытушылармен хабарласып, қажетті кітаптарды алып отырамыз. Бұл мамандықты таңдаған адам үнемі өз-өзін дамытып, жетілдіріп отыруы тиіс. Негізі бала күнімде «Шеклок Холмс», «Менталист» сериалдарын қызыға қарайтынмын.
– Сериал мен шынайы өмірде айырмашылық бар ма?
– Криминалист күдіктінің ойын оқып отыруы тиіс деп ойлаймын. Мәселен көліктің аккумуляторы ұрланды. Оқиға орнына барған соң көліктің қалай ашылатынын біліп, рульге отырасың. Сол кезде жүргізуші айнаны өзіне ыңғайлы етіп бұрып алады. Адам оны өзі де білмей қалуы мүмкін. Мен де дәл осы жолмен әр қадамды мұқият қарап, саусақ ізін табамын. Нақтысын айтсам, фильм мен шынайы өмірдегі тергеу бір-біріне ұқсамайды. Айырмашылық бар. Кинода бәрі көркем сценарий болса, біздің тіршілігіміз өзгеше.
Фото: Азиза Қожабаеваның жеке мұрағатынан– Қыздарға қиын емес пе?
– Жоқ, мамандықты қалап түссе өте қызықты сала. Өзім бала кезден армандап, таңдаудан қателеспедім.
– Ең бірінші шақырту есіңізде ме?
– Ең алғаш кезекшілікке түскен күні бастығым қоңырау шалып, «үрейленбе, біз жаныңдамыз» деп айтты. Мен оқиға орнына барғанда құрылысы бітпеген үйде адам денесі жатты. Оқиға болған жердің бәрі қоршауға алынып, жұмысыма кірістім. Адам ауырған, жағдайы күрт нашарлаған кезде қан құсқан. Бұл көрініс көз алдымда қалды. Талап бойынша оқиға орнына жедел тергеу тобы барады. Оның құрамында жүргізуші, тергеуші, криминалист, жедел уәкіл мен кинолог болады. Қылмыстық істің ауырлығына қарай оқиға орнында 2-4 сағат бойы жүреміз. Саусақ, аяқ киім ізі, тіпті күдіктінің иісі де маңызды. Криминалист заттай айғақтарды жинауға, талдауға жіберуге көмектеседі. Жауап алу кезінде, сараптама жасағанда қатысамыз.
Фото: Азиза Қожабаеваның жеке мұрағатынан– Ауыр, аса ауыр қылмыстық істерді тергеуге де қатысасыз. Оның ішінде адам өлімі деректері де бар. Психологиялық тұрғыдан қалай әсер етеді және сіз психологтің көмегіне жүгінесіз бе?
– Ең бірінші күні болған оқиға маған әсер еткені сөзсіз. Бірақ мен абдырап қалмай, оқиға орнын қарап, жүктелген міндетті дұрыс атқарып шықтым. Бұл жұмыс. Дегенмен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыс маған да әсер етеді. Өзім екі бала тәрбиелеп отырған анамын. Балаларға қиянат жасалғанын көру қашанда ауыр. Мәселен Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында резонанстық іс болды. Анасы екі баласын тұншықтырып тастады. Оқиға орнына тергеу тобы барып, жұмыс істедік. Жұмыс аяқталып, жол бойы бәрін ой елегінен өткізе бастадым, жыладым. Біз қызметте сезімге бой алдырмаймыз, бірақ мұндай оқиғалар жүрекке ауыр тиері сөзсіз. Психолог бар, қажет кезде кеңес аламыз. Бірақ криминалистика саласындағы әр маман, тергеуші, полиция қызметкері шынайы өмірді қабылдап үйренген, төзімді. Самара-Шымкент тасжолындағы жол апатынан 12 адам қаза тапқанда да қиын болды. Оқиға орнына бару, әрбір денені қарап, жұмысты дер кезінде аяқтау психологиялық қана емес, физикалық тұрғыдан да оңай емес. Мұндайда бірнеше күн ұйқы көрмей, жұмыс істейміз. Үйге оралғанда, балаларымды көргенде өз-өзімді ұстай алмай, көзіме жас алдым. Ұжым да әрдайым бір-біріне қолдау көрсетеді. Біз әріптестерімізбен ғана ашық сөйлесе аламыз, сыртта ештеңені де көрсетуге болмайды.
– Жиі тіркелетін қылмыстың бірі – ұрлық. Кейде ұсталған күдіктінің бұған дейін де ұрлық жасап, біршама уақыт өткеннен кейін ғана қолға түскенін білеміз. Мұның себебі неде?
– Олар бір күні болмаса бір күні ұсталатынын білмейді. Кейде шығын аз болса, ешкім шағым түсірмейді. Азық-түлік дүкенінен бірер шоколад ұрланса, иесі арыз жазып, сот жағалап жүрмейді. Бір оқиғаны айтайын. Шіліңгір ыстықта ұрлық дерегі тіркелді. Сол күні 11-қабаттан 1-қабатқа дейінгі аралықтағы баспалдақ жақтауының бәрінен саусақ ізін алуға тура келді. Саусақ ізі төртінші қабаттан табылды. Ол үнемі бір киім киген. Тергеу кезінде оның 30-дан астам ұрлық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Адами факторды естен шығармау керек. Мәселен көліктің аккумуляторын шешіп алу үшін капотты ашады, саусақ ізі қалмас үшін оны сүртеді. Кейін капотты жапқан кезде қайта басады, өзі қашып кетеді. Сол кезде саусақ ізі қалады. Әккі ұрылар да мүлт кетеді. Сонымен бірге сауда-ойын-сауық орталығында ұрлық жиі болады. Ол бутикке кіргенде бас киім, бетпердемен жүреді. Камера бір ғана бутикте емес, барлық жерде бар. Бәрі де көрініп тұрады. Ұрлық жасап, қылмысқа барған адам оны білсе де мән бермейді. Әрі қобалжиды, бір жерден қателік жібереді. Менің ойымша кез келген қылмысты ашуға болады. Бірде пәтердегі ұрлық оқиғасы жиілеп кетті. Қылмыскер үнемі қолына қолғап киіп, із қалдырмайтын. Ол да қателесті. Құжаттар салынып тұрған файл сусылдақ болып, оның ішін қарай алмаған. Сөйтіп қолғабын шешіп, ұстаған. Дәл осы жерден саусақ ізі табылды, күдікті қолға түсті.
Фото: Азиза Қожабаеваның жеке мұрағатынан– Қалай сақтанамыз?
– Ата-ана балаларға аса сақ болуы керек. Кішкентай бала аяқ астынан жолға жүгіріп шығуы мүмкін. Сонымен бірге үйге келген соң міндетті түрде есікті кілттеп алған дұрыс. Автобусқа мінгенде де жинақталып жүрген жөн. Қалтаға ұрлыққа түсетіндер әлі де бар. Өзім қоғамдық көлікке мінгенде іс-әрекеті күдік тудырған адамның жанында болуға тырысамын. Оның әр қимылын бақылап отырып өзгелерді қорғаймын. Біз адамның көзқарасына, іс-қимылына, сөз мәнеріне қарап ажырата алатын маманбыз. Сондықтан қырағылық өміріміздің бөлшегіне айналды. Бір жағынан мұның бәрінің менің балаларыма кері әсері бар шығар. Терезені ашпа, балконға шықпа, кәріз құдығының қақпағын баспа, үйде пышақ ұстама, газ плитаны өзің қоспа, жолда жүгірме деген ескертулерді жиі айтамын. Өзге үйге қонбайды, жолға шыққанда міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағып қоямын. Оқып, білім алуға, спортпен шұғылдануға үндеймін. Себебі бүгінгі күннің негізгі проблемасы – лудомания. Адам кейде күресе алмай, өз-өзіне қол жұмсайды, ата-анасына қарсы шығып, қылмыс жасайды. Ақтөбе қалалық полиция басқармасында жұмыс істеп жүргенде бір отбасының басынан кешкен оқиғасына куә болдым. Анасы соңында шыдамай, баласының үстінен шағым түсірді. Баласы үйдегі бар затты ұрлап, сатып жіберген. Бұл - қоғам дерті.
Фото: Азиза Қожабаеваның жеке мұрағатынан– Криминалистикада жасанды интеллект енгізілген бе?
– Жедел криминалистика басқармасы заманауи технологиямен жабдықталған. Арнайы аппараттың көмегімен құжаттың, валютаның түпнұсқа немесе жасанды екенін ажыратамыз. Бейнекамера арқылы адамдардың түр-әлпетін анықтап, кейін оны арнайы базадан іздейміз. Фоторобот та 3D форматта жасалады. ДНҚ-ны тез бөліп алуға арналған аппарат та Ақтөбеге жеткізілді.
– Технология дамыды, заманауи құрылғылар да бар. Маман ретінде ішкі түйсікке сенесіз бе?
– Әрине, сенемін. Көп жағдайда көмегі тиді.
Фото: Азиза Қожабаеваның жеке мұрағатынан– Мамандық сізді қалай өзгертті?
– Мектепте волейбол командасының капитаны болдым. Еріктілер тобында ардагерлерге көмектесіп, түрлі мәдени шараларды ұйымдастырдым. Анамның өз дүкені болды. Оған да көмектестім. Ал жоғары оқу орнына түскен кезде өз саламды жетік меңгеруге күш салдым, талмай, тынбай оқыдым. Бірақ әлі де таңертең жүргіруге шығамын, волейбол ойнаған ұнайды. Ал демалыс күндері балаларымның жанында болғанды жақсы көремін. Бүгінде мен өз-өзімді таптым.
– Сұхбатыңызға рахмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!