Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның суреткерлік қолтаңбасында артық бояу да, күрделі композиция да жоқ. Есесіне, бүгінгі қоғамның көрінісі мен күнделікті өміріміздің көлеңкелі тұстары еш әспеттеусіз әсерлі беріледі.
Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын ортаға Аңсаған Мұстафа есімі жақсы таныс. Оның алғашқы суреттері алдымен әлеуметтік желілерде жарияланды. Қазіргі қоғам дертін дөп басып, айналада болып жатқан тұрмыс түйткілдерін бүкпесіз жеткізген шынайы туындылар бірден жұртшылық назарын аударып, ел арасына кеңінен таралды.
Еліміздің ірі қалаларында Аңсағанның терең сырға толы суреттері көпшілікке ой тастау мақсатында ілініп тұр. Көпшіліктің көкейіндегісін дәлме-дәл суреттеген «Әке, балаңа көңіл бөл!», «Ана, темекі тартпа!», «Қарттар үйінде қазақ көп», «Қорқам, әке, ұрмашы...», «Тазалық», «Ары барып ойна!», «Ұрыс тек балаға зиян», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» сынды көптеген әлеуметтік иллюстрация легін көрмеген адам кемде-кем болар.
Аңсаған Атырау облысының Миялы ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы көркемсурет колледжін тәмамдаған ол кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында графикалық дизайн мамандығын меңгерді. «Бейнелеу өнеріне бет бұруыма жазушы әкем мен журналист анам ықпал етті деуге болады. Бала кезімде анам Шолпан Ұғыбайқызы «Ақ босаға» атты газет шығарды. Мені ылғи жанына ертіп жүретін. Редакцияда журналист аға-әпкелердің әңгімесін тыңдап, соның желісімен сурет салатынмын. Кейін бұл әдетім шынайы өнерге ұласты. Алғашқы суреттерімді әлеуметтік желілерге жүктедім. Онда да қаламгерлер, журналистер әртүрлі идеяларын ұсынып, түрлі әлеуметтік тақырыпқа қалам тартуыма түрткі болды» дейді өнер иесі.
Болмысы бөлек, ойы астарлы суретшінің қылқаламынан туған дүниелерді үш топқа жіктеуге болады: ана мен бала, телефонға телмірген ұрпақ, мәңгі махаббат тақырыбына арқау болған сан қилы тағдыр.
Оның қай суретін алсаңыз да заман тынысын, замандас келбетін көресіз. Уақыт ағымына сай өзгерген адам психологиясындағы ерекшелікті айнытпай бейнеленгеніне куә боласыз. Қазіргі қоғамның тарам-тарам мінезін тап басу, идеяны әлеуметтің өзінен іздеу, оны боямасыз күйде көпшілікке жеткізе білу – суретшінің басты ерекшелігі болса керек. Жұртшылық Аңсағанның шынайы шығармаларын жылы қабылдайтыны да сондықтан.
А.Құрманғазықызының шығармашылығына оралуымыздың өзіндік себебі бар. 17 сәуір күні Астанадағы Ұлттық музейде қылқалам иесінің «Сөйле, сурет!» атты әлеуметтік тақырыптарға арналған көрмесі өтеді. Бұл рухани іс-шара Аңсағанның шығармашылығындағы маңызды белес деуге болады. 2014 жылдан бастау алған көрме еліміздің барлық қаласын аралап, кейін шет мемлекеттерде жалғасын тапты. Осылайша, суретшінің таңдаулы туындылары әлемнің 30-дан астам елін аралап, өнерсүйер қауымның ықыласына ие болды.
Ал елордадағы көрме – осы шығармашылық сапардың жалғасы іспетті. Бұл – суретшінің 200-көрмесі екен. Мұнда автордың кеңінен танылған дара шығармалары қойылады. Бір адамның емес, тұтас қоғамның бет-бейнесін көрсетуге тырысқан суретшінің көрмесінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың осал тұстары, қилы тағдырлар тоғысы, күйбең тіршілік түйткілдері мен технологияға тәуелділік тақырыптары айшықталмақ. «Елордалық көрерменге өзімнің ең кең таралған туындыларымды ұсынбақшымын. Әрбір суретімнің айтары бар. Бәрі де күнделікті өмірден алынған көріністер. Жалпы, мен қазақ қоғамының – үрейсіз, әр адамның жүрегі уайымсыз болғанын қалаймын. Туындыларым арқылы көкейімде жүрген осы арман-мақсатымды жеткізгім келді», дейді суретші.
Өнердің миссиясы – рухани әсемдік сыйлау ғана емес, көрген адамға ой салу. Ендеше, суретші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның бас шаһардағы көрмесі көпшілікті өз өміріне, айналасына сын көзбен қарауға, кем-кетіктің орнын толтыруға үндейтін, жақсы өзгеріске жетелейтін тағылымы мол шығармашылық кеш болатынына сенім мол.
Соңғы жаңалықтар
Руханият • Бүгін, 08:10
Дүкен Мәсімханұлы: Шығыстану ғылымының стратегиялық маңызы зор
Сұхбат • Бүгін, 08:07
Ғылым • Бүгін, 08:05
Ғылым • Бүгін, 08:02
Абай облысының әлеуеті: Олжас Бектенов Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді
Саясат • Бүгін, 08:00
Материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың жаңа тәсілдері
Саясат • Бүгін, 07:58
Саясат • Бүгін, 07:55
Күрделі миссия – лайықты марапат
Марапат • Бүгін, 07:53
Жасыл энергетика саласындағы ықпалдастық артады
Сенат • Бүгін, 07:50
Гүлмарал Еркебаева күрестен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды
Спорт • Кеше
Астанада қоғамдық веложалдау жүйесі жаңғыртылады
Елорда • Кеше
Алматыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау мен ілгерілетудің жаңа тәсілдері талқыланды
Қоғам • Кеше
Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды эвакуациялаған азаматтар марапатталды
Марапат • Кеше
Ертең қай өңірлерде ауа райына байланысты ескерту жасалды?
Ауа райы • Кеше
2026 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау қашан басталады?
Білім • Кеше