Қол сыйып кетеді : Ақтөбедегі жаңа үйлердің тұрғындары қоныс аударуды талап етті

08.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Ақтөбедегі жаңа тоғыз қабатты үш үйдің тұрғындары басқа жерге көшіруді талап етіп отыр. Үйлердің салынғанына екі жыл да болмаған, алайда қабырғаларында жарықтар пайда болып, панельдер арасында қол еркін сиятындай саңылаулар ашылып кеткен. Жоғарғы қабаттардағы конструкциялардың алшақтағаны соншалық, пайда болған саңылаулар арқылы көрші пәтерлердің арасын көруге болады. Саңылаулардан жел гулеп, түнде тұрғындар шытырлаған дыбыс естиді, деп хабарлайды Tengri Home тілшісі.

Поделиться

Ақтөбе шетіндегі Есет батыр тұрғын алабында орналасқан тоғыз қабатты үш үйдің тұрғындары қауіпсіздік мәселесін тез арада шешуді талап етіп отыр.


Бұл үйлердің құрылысы 2023 жылы басталып, 2024 жылы пайдалануға берілген.

Алайда, жергілікті тұрғындардың айтуынша, көптен күткен жаңа үйлердің қабырғалары көп ұзамай жарыла бастаған.

Басында тұрғындар қабырғалардан шағын зақымдарды байқаған. Кейін, олардың сөзінше, жекелеген панельдер бір-бірінен ажырай бастаған.

Қазір кей жерлерде конструкциялар арасында қол еркін сыятындай саңылаулар пайда болған.

Тұрғындар ажырап кеткен жіктер арқылы пәтерлер арасындағы бос кеңістік көрініп тұрғанын көрсетті. Олардың айтуынша, осы саңылаулардың кесірінен бөлмелерде үнемі жел гулеп тұрады және көршілерде не болып жатқаны анық естіледі.

"Қабырғалар сөгіліп, жарықтар пайда болды. Біз күн сайын үйдің жағдайын бақылап отырмыз. Мұнда мүгедектігі бар жандар, қарттар, балалар мен көпбалалы отбасылар көп тұрады. Біз белгісіздікте өмір сүргіміз келмейді және алда не боларын ойлап үнемі уайымдаймыз. Мәселені тезірек шешуді талап етеміз", - дейді № 39 үйдің тұрғыны Айгүл Қаженова.

Үш үйде жалпы саны 200-ден астам отбасы тұрады. Пәтерлер кезекте тұрғандарға - жетім балаларға, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар жандарға берілген. Көпшілік бұл баспанагы көп жыл күткен.

"Менің отбасым пәтерді жетім бала ретінде "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша алды. Басында бәрі жақсы болған, кейін ұсақ жарықтар пайда болды. Түнде кейде бірдеңенің шытырлаған дыбысын естиміз де, әр жолы қорқынышпен оянамыз. Біз тексеріс жүріп жатқан уақытта болса да басқа баспана беруді талап етеміз. Тұрғындардың көбінде басқа жаққа көшіп кететіндей мүмкіндік жоқ", - дейді Ботагөз Шақуова.

Шағымдардан кейін үйлерде кешенді тексеріс басталды. Сарапшылар жарықтар мен конструкциялардың алшақтау себептерін анықтауы тиіс. Тұрғындардың айтуынша, зерттеу жұмыстары шамамен 15–20 күнге созылуы мүмкін.

Ақтөбе әкімдігі әзірге асығыс қорытынды жасамауға шақырып, ғимараттардың құлау қаупі жоқтығын айтты.

"Тоғызыншы және техникалық қабаттарда панель ажыраған. Біз тексеріс жүргізу үшін сарапшыларды шақырдық. Қорытынды алынғаннан кейін жобалық шешім қабылданып, анықталған ақауларды жою әдісі белгіленеді. Қазіргі уақытта үйдің құлау қаупі жоқ", - деді Ақтөбе құрылыс бөлімінің басшысы Бауыржан Жантөрин.


Тұрғындардың қауіптенуіне қарамастан, билік тексеріс кезінде адамдарды көшіруді әзірге жоспарлап отырған жоқ. Бірақ жұрт алаңдаулы. Әсіресе, төтенше жағдай бола қалса, үйден тез шыға алмаймыз ба деп қарттар мен мүгедектігі бар жандар қатты уайымдайды.

"Мен бұл пәтерді өте ұзақ күттім. Бірінші топтағы мүгедек ретінде алдым. Ал енді мұнда тұру қорқынышты. Ас үйде үш жерден тесік пен жарық пайда болды, олар күн санап үлкейіп барады. Неге жағдай мүлдем нашарлағанша күтуіміз керек? Бізді уақытша көшіріп, алдымен үйдің не болып жатқанын анықтап алсын", - дейді № 40 үйдің тұрғыны Гүлбаршын Аманғалиева.

Тоғыз қабатты үш үйдің жалпы құрылыс құны 2,6 миллиард теңге болды - шамамен әр үйге 870 миллион теңгеден жұмсалған.

Барлық ғимарат панельді типте салынған, қазіргі уақытта тұрғындарды ең көп мазалайтыны осы панельдер мен жіктердің жағдайы. Жаңа қоныс иелері көптен күткен пәтерлерінде жайбарақат өмір сүрудің орнына, жаңа үйлердің қалай сөгіліп жатқанын көруге мәжбүрміз дейді.

Бұған дейін Ақтөбеде жеңілдік иелеріне арнап салынған көпқабатты екі үй сүріліп жатқаны туралы жазған болатынбыз. Ол үйлердің оқиғасы 2019 жылы басталған. Сол кезде "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында Есет батыр тұрғын алабында төрт қабатты екі үй салынды. Олардың құрылысына бюджеттен 337 миллион 465 мың теңге бөлінген. Жаңа пәтерлерді бюджеттік мекеме қызметкерлері, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік әлсіз топтары алған.

Жүздеген миллионға салып, қайта бұза ма? Ақтөбеде атышулы көпқабатты үйлер сүріліп жатыр

Екі үйде 48 пәтер болған. Бірақ пайдалануға берілгеннен кейін небәрі үш жарым жыл өткен соң, олар тұруға жарамсыз екені анықталды. Қабырғаларында терең жарықтар пайда болып, мамандар конструкциялардың деформациясын және іргетасқа қатысты мәселелерді анықтады. Соның салдарынан 2023 жылы екі үй де ресми түрде апатты деп танылып, барлық отбасы шұғыл түрде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған басқа көпқабатты үйге көшірілді.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар неге жаңадан салынған үйді емес, қайталама нарықтағы баспананы таңдайды?

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

жеңілдік баспана мәселе Ақтөбе қаласы Жөндеу Құрылыс

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью