Қолға түскен дәрімен емдеп есіміз шықты : Алматы облысында ірі қараға аусыл жұқты

05.05.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

АЛМАТЫ, 5 мамыр – Sputnik. Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында ірі қара жаппай аусылмен ауырып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі ауданның екі ауылына барып, жағдайды біліп қайтты.

Тұзкөл ауылы тұрғындарының айтуынша, бұл індет былтыр күзде тарала бастаған.

"Бұл ауру Моловодныйдағы мал базарынан келді деп ойлаймыз. Тұзкөлде әрең тоқтады. Ал мына жақтағы Қарасаз ауылында жағдай мүлдем қиын. Вакцина салса да тоқтаған жоқ", - дейді Болатбек есімді Тұзкөл ауылының тұрғыны.

Қарасаздықтар да қаңтардан бері аурудан көз ашпадық дегенді айтады.

"Қолымызға түскен, ойымызға келген дәрімен емдеп есіміз шықты. Бүкіл ауылдың малы ауырды. Қыста бір рет ауырып жазылған, қазі қайталап жатыр. Осы вакцинадан кінә бар ма дейміз, соны салсақ ауырып қалады. Ауылда кейбіреудің 2-3 малы өліп жатыр", - дейді қарасаздықтар.

Індет ауылда қараша айында басталған. Әу баста ұсақ мал ауырып, сосын сиырға жұққан. Мал біткеннің тілі аузына сыймай, сілекейі шұбырып, бүкшиіп серейіп қалады. Не саудырмайды, не бұзауын емізбейді", - дейді Қарасаз тұрғыны Құралбай Құсайынов.

Шаруалар өлген малды қазылған шұңқырға апарып тастап жатыр. Құралбай Құсайынов мемлекеттен субсидия алып, 80 бас ірі қара алған.

"Вакцияна салған малым ауырып жатыр. Ал вакцина салмағандар ауырмады. Аусыл деп жатыр, бірақ оны ешкім тексерген жоқ, соның вакцинасын салды. Ол керісінше қоздырды. "Сенің малың жұқтырып жатыр" деп бәрі мені кінәлайды", - дейді шаруа.

Қарасаздықтар 350 шақырым Алматыға сабылып малына сауға іздеп жүр. Қолы жеткендер дәрі-дәрмек алып жанталасып жатыр.

"Ешкім келген жоқ, ветеринарлық инспекция да келген жоқ. Вакцина салыңдар деді, 5 сәуір вакцина салды, дәл 20 күннен кейін бүкіл сиыр ауырып қалды", - дейді қарасаздық шаруа.

Мәселені Sputnik Қазақстан тілшісі Алматы облысының әкімдігінен сұрап көрді. Бірақ әкімдік жағдай тұрақты дейді.

"Жыл басынан бері ауылдық округтерде көтерем малдар шығын болған. Қазіргі уақытта аудан аумағында эпизоотологиялық ахуал бір қалыпты, малдардың жаппай қырылу дерегі тіркелген жоқ", - дейді мамандар.

Әкімдіктің айтуынша, ауылдағы шаруаның жағайын білуге арнайы мамандар да барыпты.

"Райымбек ауданында 63 300 бас ірі қара аусылға қарсы вакцинацияланды. Ұсақ малдан 215 820 бас вакцинацияланды. Сәуірде Райымбек ауданындағы эпизоотиялық жағдайды зерделеу үшін мамандар аудан аумағында болды. Олар ветеринариялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді", - дейді әкімдік.

Жалпы облыс аумағында аусылға қарсы 2 577 540 бас жануар, оның ішінде 569 550 бас ірі қара, 1 999 140 бас ұсақ мал, 8 850 бас шошқа вакцинацияланған.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью