Қолын сындырған, басын жарған : 10 жастағы шабандоз жарыстарға қалай дайындалады

24.09.2026

Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда атбегілер мен шабандоздар арасында 10 жастағы Санжар Өмекейді бәрі біледі. Мектеп оқушысы осы уақытқа дейін талай бәйгеде топ жарған, мініп кеткен көліктері де аз емес.

Ал Қырғызстанда өткен VI Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарында екі бірдей медаль жеңіп алып, халық ішінде кеңінен танылды. Сол үшін президенттің қолынан алғыс хат та алды. Бірақ осы жетістіктердің бәрі - тынымсыз еңбек пен темірдей тәртіптің нәтижесі. Sputnik Қазақстан тілшісі атбегілер отбасына хабарласып, чемпиондардың қалай дайындалатынын білді.

Ағайынды атбегілер

Санжар – үйдің үшінші баласы. Алдында ағасы мен апасы бар. Санжардан кейін тағы бір ұл – Қамбар өсіп келеді. Ол да шабандоз боламын дейді. Балалардың әкесі Берік Арықбаев та бала кезінде талай рет бәйгеге қатысқан.

© PhotoҚазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

Қазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

© Photo

"Мен өзім Дегерес ауылында бірінші сыныптан бастап Оңласын деген ақсақалдың атымен бәйгеге шаптым. 8 жылдай бәйгеге қатыстым. Қазір атбегілікпен айналысамыз. Кәсібіміз сол. Жамбыл ауданында өзіміздің кішігірім ат қорамыз бар. Сол жерде ат дайындаймыз", - дейді чемпионның 43 жастағы әкесі.

Беріктің туған інісі – Мұрат Арықбаев та ат жаратады. Оның "Нұршашу" деген атымен Санжар VI Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарында құнан бәйгеде топ жарып, алтыннан алқа таққан болатын.

"Қолын сындырған, басын да жарған"

Санжар екі жасынан бастап әкесінің жанында жүрген. Ал 3-4 жастан бастап атқа өзі мініп кетті.

"Негізі, әке-шешесі қорқып тұрса, бала шаба алмайды. Санжар 6 жасында аттан құлап, қолын сындырған. Оған дейін талай рет басын жарған. Сонда да қайтпады. Ал бәйгеге шапқанына екі жылдай болды. Қазір бір күнде 30-45 шақырымға дейін шауып жүреді", - деді Берік Арықбаев.

© PhotoҚазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

Қазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

© Photo

Санжардың бәйгеге шапқанына көп болмаса да, ұтқан көліктері аз емес. Былтыр "Ақбидай" республикалық ауыл спорты ойындарында бір алтын мен бір күміс ұтқан. Биыл Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарына барып, бір алтын мен бір күміс жеңіп қайтты.

Чемпиондар қалай дайындалады

Шабандоздың уақыты тығыз. Ала жаздай атқа мінеді, ойынға да қолы тимейді.

"Бұлар жазда басқа балалар сияқты демалып жүрмейді. Азанда сағат үш-төртте атқа мінеді, содан кешкі сағат 8-дің кезінде келіп, аттан түседі ғой. Аттардың үстін екі-үш рет тазалайды, шомылдырады, астын да бірнеше рет жинайды. Сабан-матрац төсеп қоямыз. Былайша айтқанда, "төсек-орнын" екі рет ауыстырып тұрамыз ғой (күлді). Бұның бәрін істемеген бала чемпион бола алмайды ғой", - дейді Берік Арықбаев.

Санжар таңертеңгі дайындық кезінде 10 шақырымға дейін шауып келеді. Одан кейін атын ауыстырады. Бірақ оған дейін жаттығу жасаған аттың терін кептіріп, тұяқтарын жуу керек. Содан кейін ғана екінші айналымға шығуға болады.

"Мен бас кезінде қиналдым. Сосын үйреніп кеттім. Қазір ұйқым қанады. Мақсатым – Қазақстанды дүние жүзіне таныту. Соған күш саламын", - дейді Санжардың өзі.

Бәйге сабаққа кедергі емес пе

Қазіргі кезде Санжар Ұзынағаштағы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы орта мектепте оқиды. Отбасының ат қорасы алыс емес, ауылдан 10-15 шақырым жерде орналасқан.

"Біз оны мектепке апарамыз, шыққаннан кейін бірден алып кетеміз. Сабақтан қалдырмаймыз. Жарыс кезінде ғана сабақтан бір-екі күнге босатады. Жалпы, сабақ үлгерімі жақсы, 4 пен 5-ке оқып жүр. Мен өзім сабағына да қатаң қараймын", - дейді Арықбаев.

Шабандоздың табысы көп пе

Бұған дейін Санжар бірнеше жарыста көлік ұтып алған. Ал Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарында оған 1 миллион сомның куәлігі де табысталған болатын.

© PhotoҚазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

Қазақстанның 10 жастағы чемпионы жарыстарға қалай дайындалады

© Photo

"Біздікімен 5,5 миллион теңге ғой. Ол ақшаның 10 проценті – Санжардың еңбекақысы. Қалғанын аттың иесі алады", - дейді әкесі.

Санжардың жоспары қандай

Жас шабандоз дүниежүзілік жарыстарға қатысуды армандайды. Әкесі де соны қалап тұр.

"Алла амандығын берсе, 8-ші сыныптан кейін екі-үш жыл ағылшын тілін тереңдетіп оқытамын. Чехияда шабандоздарды оқытатын университет бар екен. Соған түсуді жоспарлап жүрміз. Еуропадағы үздік жокей Бауыржан Мырзабаев бар ғой. Сол сияқты балам да шапса екен деймін", - деді атбегі.

© PhotoСанжардың інісі - Қамбар

Санжардың інісі - Қамбар

© Photo

Қазіргі кезде Санжардың інісі - Қамбар бәйгеге қатысып жүр. Ол да чемпион боламын дейді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью