Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
АСТАНА, 3 тамыз – Sputnik. Қонаев гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметші төртінші қабаттың терезесінен құлап, жарақат алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қарулы Күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің мәліметінше, әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
"Оқиғаға дейін әскери қызметші әскери қызмет өткеру жағдайына қатысты шағым айтпаған. Оқиға алдында оның ата-анасы әскери бөлімге келіп, ұлымен кездескен. Кездесу барысында олардан қандай да бір өтініш немесе шағым түспеген", - деп жазылған хабарламада.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі қызметтік тексеру тағайындап, арнайы комиссия құрды.