Қор жинау қолыңыздан келе ме? Немесе күтпеген шығын көңіліңізді бұзбасын

02.07.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ ,«EQ»

2025 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, ел тұрғындарының 65 па­йы­­зының жеке жинағы бол­маған. Демек әрбір үш азамат­тың екеуі елең-алаңда қарызға жүгі­реді.  Қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова да жұрт ақшасын жос­парлаған сәтте ертеңін ойлай қоймайтынын айтады.

«Көбі қолына артық ақша түсе қалса, оны бірден несиесін жабу­ға немесе инвестицияға са­луға асығады. Алайда бұл әр­дайым дұрыс шешім емес. Ең әуелі күтпеген жағдайға арналған қаржылық қор жинап алған жөн. Себебі ертең жұмыстан айрылып қалсаңыз немесе денсаулығыңыз сыр берсе, бұрын жауып тастаған несиеңіз күнделікті азық-түлікке, коммуналдық төлемге немесе басқа да қажетті шығындарға кө­мек­тесе алмайды. Сондықтан алдымен қаржылық қауіпсіздік қо­рын қалыптастырып, содан ке­йін ғана несиені мерзімінен бұрын өтеу не инвестиция жасау туралы ойланған дұрыс», дейді Ә.Ілиясова.

Сарапшы қаржылық қауіп­сіздік қорын автокөліктегі қауіп­сіздік жастығымен салыстырады. Ол күн сайын қажет болмауы мүмкін. Бірақ ең қиын кезеңде адамды жаңа қарыздан сақтап, қаржылық шешімдерді асығыс қабылдамауға мүмкіндік береді. Оның үстіне тұтынушылық несиелер мен несие карталарының пайыздық мөлшерлемесі әлі де жоғары. Ал қарыз алушыларға қойылатын талап жылдан-жылға күшейіп келеді. Сондықтан кез келген қиындықты несие арқылы шешемін деу дұрыс емес.

«Әлемдік тәжірибеде әр адам­ның күтпеген жағдайға арнал­ған қоры кемінде 6 айлық күнделікті шығынын жабуға жетуі керек деген қағида бар. Мұны есептегенде айлық табыс емес, өмір сүруге міндетті шығындар негізге алынады. Яғни азық-түлік, баспанаға кететін шығын, коммуналдық төлемдер, жол ақысы, несие төлемдері секілді күнделікті міндеттемелер түгел ескеріледі. Мысалы, егер мұндай шығындар айына 250 мың теңгені құраса, онда қаржылық қауіпсіздік қоры шамамен 1,5 миллион теңге болуы керек. Бұл соманы бірден жинау міндет емес. Ең тиімді жолы – ай сайын табыстың шамамен 20 пайызын бөліп, біртіндеп қор қалыптастыру», дейді қаржыгер.

Қаржы зерттеушісі Морган Хаусел «Ақша психологиясы» кітабында жинақтың ең үлкен пайдасы көп ақша табуда емес, адамға еркін таңдау жасауға мүмкіндік беруінде екенін жазады. Яғни адам асығыс шешім қабылдамайды, амалсыз қарызға да жүгінбейді. Сондықтан ол ең алдымен кемінде екі ай бойы барлық кіріс пен шы­ғысты жазып жүруге кеңес береді. Сонда ақшаның нақты қайда кетіп жатқанын, қай шығын­ның расымен қажет, ал қайсы­сының сол сәттегі көңіл күймен жасалғанын ажырата алады. Егер ай сайын табыстың шамамен бестен бір бөлігін тұрақты жинап отырса, қажетті қаржылық қорды бір жарым жылдың ішінде қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ал сыйақы, бонус немесе қо­сымша табысты осы қорға қосып отыр­са, бұл мерзім одан да қыс­қарады.

Қаржылық қауіпсіздік қоры­ның қайда сақталатыны да ма­ңызды. Мұндай қаражат кез келген уақыт­та қолжетімді болуға тиіс. Сон­дықтан оны ішінара шешіп алуға болатын теңгелік депозитте сақ­тау тиімді.

«Қорды жинағадар  оны бірден инвестициялауға немесе ірі сатып алуға пайдалануға асығады. Бірақ бұл – үлкен қателік. Мұндай қара­жаттың басты талабы – кез келген уақытта қолжетімді болуы. Сондықтан оны акцияларда, облигацияларда немесе өтімділігі төмен басқа активтерде сақтауға болмайды. Себебі шұғыл ақша қажет болған жағдайда оларды на­рықтағы тиімсіз бағамен сату­ға тура келуі мүмкін. Ақшаны үйде қолма-қол ұстау да тиімді емес. Инфляция оның сатып алу қабілетін төмендетеді, ал қауіпсіздік тұрғысынан да тәуекелі жоғары. Ең оңтайлы шешім – қаражатты ішінара шешіп алуға болатын теңгелік депозитте сақ­тау. Сондай-ақ көптеген адам қаржылық қорын ипотека немесе автонесиеге бастапқы жарна ретінде жұмсайды. Алайда бұл қордың жалғыз мақсаты – табыс азайған немесе мүлде тоқтаған кезеңде адамның күнделікті өмірін қамтамасыз ету», деп түйіндейді сарапшы Ә.Ілиясова.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью