Қорғас жаңа индустрия қақпасы

17.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Жетісу кейінгі жылдары инвестиция тарту мен өндірісті өркендету бағытында қарқынды дамып келеді. Әсіресе «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы елімізді ғана емес, тұтас Орталық Азияның маңызды логистикалық орталығына айналды. Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық дәліздің бойында орналасқан аймақ енді тек жүк тасымалдайтын торап емес. Ол жоғары технологиялар мен заманауи өндірістер шоғырланатын жаңа индустриялық орталық ретінде бағалы.

Осы бағыттағы маңызды жаңалықтардың бірі – аталған аймақта инновациялық технологияларды енгізуге және зияткерлік өндірісті өркендетуге бағытталған ауқымды индустриялық парк салу жөніндегі меморандумға қол қойылуы. Жетісу облысының әкімдігі мен қытайлық «Polyking Newhorizons Technology Industry Co., Ltd.» компаниясы арасында жасалған келісім өңірдің инвестициялық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Маңызды құжаттың мәні зор. Мемо­ран­думға компанияның бас директоры Ли Канчао мен облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қол қойды. Оның айтуынша, бұл келісім – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырудағы жаңа кезең.

«Аталған құжатқа қол қою – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аума­ғында халықаралық дең­гей­­дегі жаңа индустриялық алаң қалыптастырудағы ма­ңыз­­ды қадам. Жобаны іске асыру Жетісу облысының өнер­кәсіп­тік әлеуетін дамытуға, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы халық­ара­лық инвестициялық ынтымақ­тас­тықты нығайтуға ықпал ете­ді», деді Ә.Қанағатов.

Бүгінде әлем экономикасында өндірісті цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, энергия тиімділігін арттыру және жоғары технологиялы өн­дірістерді дамыту негізгі басым­дыққа айналып отыр. Қазақстан да осы үдерістен шет қалмай, халықаралық инвес­тор­лармен әріптестікті нығайту арқылы өндірісті жаңғыртуға ерекше мән беруде. Ал Қорғас осы міндетті жүзеге асыратын ең қолайлы алаңдардың бірі болып саналады.

Жоба аясында аумағы мың гектарды қамтитын заманауи индустриялық парк салынады. Оның құрамында табиғи газды негізгі шикізат ретінде пайдаланатын интеграцияланған энер­гетикалық станса бой көтер­мек. Бұл кешен бір мез­гілде электр энергиясын өндіріп, жылумен қамтамасыз етіп, сұйытылған табиғи газ шығарады. Тәулігіне 2 млн текше метрге дейін табиғи газ тұтынатын өндіріс өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін кү­шейт­пек. Оған қоса жаңа кә­сіпорындардың тұ­рақ­ты жұмыс істеуі­не де мүм­кіндік береді.

«Бұл – қарапайым өндіріс орны емес, жоғары технология мен инновацияға негіз­делген жаңа индустриялық эко­жүйе. Мұнда болашақта заманауи өндірістер ашылып, цифрлық технологиялар енгізіліп, халықаралық деңгей­дегі кәсіпорындар шоғырлануы мүмкін. Мұндай жобалар елі­міз­дің өнеркәсіп құрылымын жаңғыртып қана қоймай, жаңа технологиялардың келуіне, отандық мамандардың тәжіри­бе жинақтауына және экспорт­тық әлеуеттің артуына жол ашады», дейді Ә.Қанағатов.

Өз кезегінде инвестор компания барлық қажетті инвес­тицияны тартып, жобалық-сметалық құжатта­маны әзір­­леуді және индустрия­лық парк пен энергетика­лық инфра­құ­­рылым нысандары­ның құры­лысын жүргізуді мойнына алады. Ал облыс әкімдігі ин­же­­нерлік инфрақұры­лым­мен қамтамасыз ету, газбен жаб­дықтау және инвести­ция­лық жобаны іске асыру­дың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетеді. «Polyking Newhorizons Technology Industry Co., Ltd.» компания­сы­ның бас директоры Ли Канчао да бұл жобаның екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы – өзінің географиялық орналасуы мен даму әлеуеті жағынан халық­аралық өндірістерді орна­лас­тыруға өте қолайлы алаң. Біз Жетісу облысымен ұзақмерзімді әріптестік орна­туға мүдделіміз және бұл индус­­триялық парк жаңа тех­ноло­гияларды енгізуге, тиімді өндіріс құруға әрі өңір эконо­ми­касының дамуына өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Ли Канчао.

Кейінгі жылдары Жетісуда инвес­тициялық климатты жақ­сар­туға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Өңірде өндірістік кәсіп­орын­дар ашылып, жаңарты­латын энергия көздері, агро­өнер­кәсіп, логистика және өңдеу өнеркәсібі бағытында ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде ше­телдік инвесторлардың қы­зы­ғушылығы артып, жаңа өнді­ріс­тер іске қосылып, жүзде­ген жұмыс орны құрылды.

Ал осы өзгерістердің жү­регіне айналған Қорғас – бү­гінде еліміздің халық­ара­лық экономикалық байланыс­та­рының басты қақпа­ла­ры­ның бірі. Қытаймен шекара­да­ғы ауқымды аймақ тек сауда орталығы ғана емес, Еуразия кеңістігіндегі көлік-логис­ти­ка­лық дәліздің маңызды буыны ретінде қалыптасты. Енді оған жоғары технологиялы индустриялық өндірістердің қосылуы өңір экономикасына тың серпін бермек.

Маңызды меморандумды жай ғана инвестициялық келісім ретінде қабылдамау керек. Бұл – еліміздің индустриялық дамуы­на бағытталған ұзақ­мер­зімді стратегиялық ше­шімі. Мұндай жобалар ар­қылы Жетісу өңірі жаңа тех­ноло­гиялардың ордасына, халықаралық өндірістердің сенімді серіктесіне айналады.Сондай-ақ  Орталық Азиядағы зама­науи индустрияның ма­ңыз­ды орталықтарының бірі болмақ.

Жетісу облысы   

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью