Қос шөнжік өмірге келді

19.06.2026

Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Туған сәтінде салмағы не­бәрі 450 және 530 грамм ғана болған кішкентай жыртқыштар бүгінде көзге көрінердей жетіліп, 3 килоға  жуықтаған. Жолбарыс тұқымының табиғатынан жал­ғыз жүретін қасиетін ескерсек, оларды жұптастыру, аналық жолбарыстың күйзелісін азайтып, сау ұрпақ алу – ұзақ дайын­дық пен мұқият күтімді талап ететін үлкен еңбек.

Әсіресе алғашқы айлар ең жауапты кезең саналады. Жаңа туған шөнжіктердің иммунитеті әлсіз, сыртқы дыбыс пен артық қозғалысқа тым сезім­тал келетіндіктен, тусымен олар арнайы оқшауланған, тыныш аймақта қаралды. Мұндай жайлылық аналық жолбарыс Мияның мазасызданбауына және марғаулардың қалыпты жетілуіне мүмкіндік берген.

«Шөнжіктердің хал-жағдайы ұдайы қадағаланып отыр. Біздің зообақта Мия атты жолбарыс екінші рет күшіктеді. Қан тазалығы мен тұқым сапасын сақтау мақсатында алдағы уақытта басқа хайуанаттар бақтарымен жолбарыс алмасып, популяцияны көбейту жоспарда бар», дейді хайуанаттар бағының жыртқыш аңдар бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Айтбек Бәкібайұлы.

Амур жолбарысы – әлемде­гі ең ірі әрі сирек кездесетін жыртқыштардың бірі. Табиғат­та оның саны тым шектеулі болғандықтан, әрбір жаңа туған шөнжік – маңызды жаңалық.

Бұл оқиғаның еліміз үшін маңызы тіптен бөлек. Қазіргі уақытта кезінде жойылып кеткен Тұран жолбарысының тарихи мекенін қалпына келтіру мақсатында Іле – Балқаш өңірінде Амур жолбарысын жерсіндіру жобасы жүзеге асып жатыр. Ғалымдар бұл екі жолбарыс по­пуляциясының табиғи-генетикалық тұрғыдан бір-біріне өте жақын екенін жиі алға тартады. Сондықтан бір жағынан Іле – Балқаш аймағында тарихи мекенді қайта жаңғырту жұмыстары жүрсе, екінші жағынан, Қарағандыда Амур жолбарысының жаңа ұрпа­ғының өсіп жетілуі – елдегі биоалуантүрлілікті сақтау жолындағы ізгі қадамдардың үндестігі іспетті.

Қарағанды облысы 

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью