Қосшы, Жағалау және Астана 1 ге дейін: Tarlan Astana қайда созылады

19.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Астана әкімі Tarlan Astana жобасы екінші кезеңінің құрылысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Жеңіс Қасымбек Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғаннан бері жолаушылар тасымалының көлемі 11,5 миллионға жуықтағанын атап өтті. Сондай-ақ қала әкімі Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің екінші кезеңі туралы айтты.

"Бұл көлік түрі қала тұрғындары арасында сұранысқа ие болып, олардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Бұған қоса елорданың көлік инфрақұрылымын ары қарай дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз. Құрылыс жұмысы бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр", - деп жазды Астана әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек Tarlan Astana жобасы екінші кезеңінің құрылысы қалай жүріп жатқанына тоқталды.

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Қосшыға қарай

Тіректерді, эстакадалық конструкциялар мен бекеттерді салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде 294 тірек орнатылды (97 пайыз) және 385 эстакадалық конструкция монтаждалды (73 пайыз).

2026 жылдың аяғына дейін № 401, 402 және 403 бекеттерінде бетондау жұмысын аяқтау жоспарланған. Бұл бағытта үш бекет салу қарастырылған.


Фото: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі

Жағалау шағынауданына қарай

Жоба сегіз бекет салуды көздейді. Геологиялық іздестіру жұмыстары аяқталды. Қазір қоршау орнату, сондай-ақ кейінгі құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау үшін инженерлік желілерді көшіру және қайта орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Астана-1" теміржол вокзалына қарай (оң жағалау)

Бұл бағытта №201 ауысып міну станциясын қоса алғанда, тоғыз бекет салу жоспарланған. Геологиялық іздестіру жұмыстары аяқталды.

Сығанақ даңғылы бойында (Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары арасындағы учаскеде) №201/301 бекеттерінің ауысып міну торабын салу жұмысы жүріп жатыр.

Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құйылды. Сондай-ақ қада мен аралықтарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Басқа учаскелерде алдағы құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық жүргізіліп жатыр.

Схеманы Астана әкімдігі ұсынды.

"Жеңіл рельсті көлік желісін дамыту – елордамызда заманауи әрі қолайлы көлік жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам", - деп жазды Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында.

Фото: Астана әкімдігі баспасөз қызметі

Тағы 20 станция: Астанада ЛРТ қалай кеңейтіледі?

Бұған дейін CTS мәліметтеріне сәйкес, бірінші және екінші кезеңдер іске асырылғаннан кейін Tarlan Astana желісінің жалпы ұзындығы 48,91 шақырымға дейін ұзартылып, бекеттер саны 38-ге жететінін хабарлаған едік.

Қазір бірінші кезек 22,4 шақырым мен 18 станцияны қамтиды. Екінші кезекте тағы 26,51 шақырым мен 20 бекет салынады.

Астанада жеңіл рельсті көліктің жұмыс кестесі туралы мына жерден оқыңыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью