Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
102 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітаев сайлау учаскесіне өз аяғымен келіп, дауысын берді,-деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ғасыр жасаған майдангердің белсенді азаматтық ұстанымы көпшілікке үлкен үлгі болды. Қария жасы жүзден асса да, ол ел өміріндегі маңызды оқиғадан шет қалмай, мемлекет болашағына қатысты таңдауын жасау үшін арнайы келгенін айтады.
Нұрқасым Әжітаев – тағдырлы тарихты өз көзімен көрген тұлға. Соғыс жылдары ол Новосібірдегі мергендер мектебінде дайындықтан өтіп, кейін майданға аттанған. Ардагер Берлинге дейінгі шайқастарға қатысып, кейін Қиыр Шығыстағы ұрыстарда да ел қорғаған.
Ардагердің айтуынша, ел тағдырына қатысты мәселелерге әр азамат бейжай қарамауы керек.
«Еліміздің болашағы үшін әр қазақстандық өз дауысын беруі тиіс. Біздің мемлекетіміз әрдайым біртұтас, берік ел болып қала беруі керек», – деді Нұрқасым Әжітаев.
Нұрқасым ақсақал соғыстан кейін де ол елге қызмет етуді тоқтатпаған. Ұзақ жылдар бойы жастарға әскери білім беріп, кейін теміржол саласында еңбек етті. Шеберханаларды басқарып, талай жас маманның қалыптасуына үлес қосты. Еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқылы айналасына әрдайым үлгі болды.
Бүгінде ардагер үлкен әрі тату әулеттің ақсақалы. Жұбайы Нұрзилат Құсайынқызымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың 10 немересі мен 9 шөбересі бар. Майдангер дәл сол ұрпақтың болашағы үшін бүгінгі референдумға келіп, өз таңдауын жасады.
Ғасыр жасаған ардагердің учаскеге келуі сол жердегі жұртқа ерекше әсер сыйлады. Нұрқасым Әжітаев тек дауыс беріп қана қоймай, комиссия мүшелері мен бақылаушыларға сәттілік тілеп, ел бірлігі әрқашан бәрінен маңызды екенін атап өтті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы