Қосшыдағы 141 үлескер сегіз жылдан бері пәтерін күтіп жүрген тұрғындар Президенттен араша сұрады

02.07.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Елорданың тап іргесіндегі Қосшы қаласында тұрғын үй құрылысының ұзаққа созылуына наразы болған үлескерлер видеоүндеу жариялап, мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударуын сұрады. Ал жергілікті әкімдік нысанды аяқтайтын инвестор іздестіріліп жатқанын айтады, деп хабарлайды Aikyn.kz  порталының тілшісі.

Қосшы қаласында көптен бері шешімін таппай келе жатқан үлестік құрылыс мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Болашақ пәтер иелері әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, сегіз жылдан бері баспаналарын күтіп жүргендерін жеткізді.

Тұрғындардың айтуына қарағанда бір жыл бұрын жергілікті атқарушы органдар пәтер кілттері дәл бір жылдан кейін табысталады деп уәде берген. Алайда арада бір жыл өтсе де, баспана мәселесі шешілмеген.

- Міне, әкімдіктің 140 отбасын далада қалдырғанының нәтижесі. Бір жыл бұрын дәл бір жылдан кейін пәтер кілттерін береміз деп уәде еткен еді. Бірақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ. Бізге берілген уәделерге сенбеңіздер, – делінген тұрғындардың үндеуінде.

Үлескерлердің сөзінше, олар Президент Әкімшілігіне де барған. Алайда ол жақтан мәселені жергілікті әкімдік арқылы шешу қажеттігі айтылған. Сонымен қатар облыс әкімдігіне жеке қабылдауға жазылуға әрекеттенгенімен, қабылдауға кіре алмағандарын жеткізді.

- Бізде күтуге күш те, төзім де қалмады. Сегіз жылдан бері белгісіздікпен өмір сүріп келеміз. Бүгін қираған үйдің орнына қоныстануға мәжбүрміз. Өйткені әкімдік құрылыс жүргізудің орнына үйлерімізді сүріп тастады. 140 отбасы баспанасыз қалды. Мәселемізге қоғам назарын аударып, әділдікке қол жеткізуге көмектесулеріңізді сұраймыз, – дейді тұрғындар.

Ал Қосшы қаласы әкімдігінің мәліметінше, проблемалық тұрғын үй кешендерінің мәселесі 2019 жылдан бері жалғасып келеді. Құрылыс салушы мердігер компания сотталып, жауапкершілікке тартылған.

Қосшы қаласының әкімдігі қазіргі таңда құрылысты аяқтауға мүдделі инвестор іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

- Аяқталмаған тұрғын үй құрылыстарын аяқтауға жәрдем көрсету аясында қала әкімдігі нысанды аяқтайтын әлеуетті инвесторды іздестіруде. 2026 жылғы 2 шілдеде облыс әкімдігі құрылымдарының қатысуымен үлескерлермен кездесу өткізу жоспарланған», – дейді Қосшы қаласы әкімдігінен.

Ресми мәлімет бойынша, бастапқыда проблемалық санатқа енгізілген 10 тұрғын үйдің жетеуі пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 141 үлескерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Әлеуметтік желіде бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатыр. Пікір білдірушілердің бір бөлігі үлескерлерге қолдау білдіріп, мемлекеттен мәселені бақылауға алуды сұраса, енді бірі үлестік құрылысқа қатысу кезінде тәуекелді азаматтардың өздері қабылдағанын алға тартуда.

Сондай-ақ кейбір пікір қалдырушылар Қосшыдағы «Шоколад-2» тұрғын үй кешенінде де осыған ұқсас мәселелер бар екенін айтып, құрылыс аяқталғанымен, абаттандыру жұмыстары мен қажетті құжаттардың әлі күнге дейін толық рәсімделмегенін жазған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью