Қосшыға газ келді

29.07.2026

Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Қосшы қаласының тұрғындары енді көмірдің көк түтініне көмілмейді. Онсыз да жері құнарлы, шырайлы шаһардың ауасы одан сайын тазаратын болды. Қосшыны газдандыру жобасы толық аяқталды. Қалалықтарға көгілдір отын жеткізу үшін 357 шақырым газ тарату желілері салынған, бір блоктық және 44 шкафтық газ реттеу бекеті орнатылған. Осылайша, 72 мыңға жуық тұрғын экологиялық таза отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Энергетика министрлігі «QazaqGaz» ұлттық компания­сымен бірлесіп, газ инфрақұрылымын дамыту, халықты табиғи газбен қамтамасыз ету аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Соның нақты нәтижесі Қосшы қаласын газдандыру жобасының толық аяқталуы болды. Жобаның екінші және үшінші кезеңдері пайдалануға берілгеннен кейін табиғи газға Қосшы қаласының барлық шағын ауданы, соның ішінде «Лесная поляна» тұрғын алабы мен «Diamond Park» тұрғын қалашығының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді», дейді Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Елді мекенге табиғи газ беру салтанатына арнайы келген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жобаның жүзеге асырылу барысы, құрылыс кезеңдері мен қолжеткізген нәтижелер төңірегінде баян­дады. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қосшы қаласы үшін аса маңызды жобалардың бірін толық аяқтап отырмыз: орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесі сәтімен іске қосылды. Бұл – қала түгел экологиялық таза әрі қолайлы көгілдір отынға қол жеткізді деген сөз. Сонымен қатар Қосшы қаласының бесжылдық мерейтойына орай «QazaqGaz Aimaq» компаниясымен бірлесіп, қала тұрғындарына газ есептеуіш құралдарын тегін беру туралы шешім қабылданды», деді Марат Ахметжанов.

Жалпы, Қосшыны газдандыру жобасының бірінші кезеңі былтыр қыркүйек айында пайдалануға берілген болатын. Енді, міне, «Сарыарқа» магистралдық газ құбырынан тартылған газ тарату желілерінің екінші және үшінші кезеңі пайдалануға беріліп, бүгінде 112 мыңға жуық тұрғыны бар шаһар толықтай газбен жылытылатын қалаға айналып отыр. Бұл – қаланың алғашқы бес жылдағы серпінді дамуының көрінісі ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық жоба екені сөзсіз.

Ақмола өңіріндегі елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мұнымен тоқтамайды. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта облыстың 24 елді мекені табиғи газға қол жеткізген. 2027–2028 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарының тағы 12 елді мекенін газдандыру жоспарланып отыр. Биыл елімізде газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту жобаларын іске асыру нәтижесінде тағы шамамен 36 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2035 жылға қарай еліміздегі газдандыру деңгейін қазіргі 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру өңірлерді газдандыру қарқынын жеделдетуге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді», делінген министрліктің ресми ақпаратында.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью