Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Рудный қаласында учаскелік полиция инспекторы есінен танған 18 жастағы қызға алғашқы көмек көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның жедел әрекеттерінің арқасында дәрігерлер келгенге дейін қыздың жағдайы тұрақтандырылды.
Рейдтік іс-шараларды жүргізу барысында Рудный қалалық ПБ ЖПҚБ учаскелік полиция инспекторы — полицияның аға лейтенанты Мерей Сахиев тұрғылықты мекенжайды тексеру қажеттігі туралы хабар алды.
Мекенжайға келген полиция қызметкері пәтер ішінде ес-түссіз жатқан қызды анықтады.
— Мен оның құрысу белгілері бар екенін, тыныс алуы қиындағанын және тұншығу белгілерін байқадым. Жағдайы ауыр деп бағаланды: терісі бозарған, тынысы үзік-үзік болды, — деді ол.
Қасында анасы болған, бірақ ол абдырап қалып, өз бетінше көмек көрсете алмаған.
Жағдайды бағалап, өміріне қауіп төнгенін түсінген полиция қызметкері жедел жәрдем шақыруды тапсырды және дереу алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетуге кірісті.
— Мен қызды қауіпсіз қалыпқа жатқыздым, таза ауа кіруін қамтамасыз еттім, мойны мен кеуде тұсын қысып тұрған киімдерін босаттым. Жедел жәрдем келгенше тұншығу болмас үшін оның тынысын және дене қалпын бақылап отырдым, — деді полицей.
Оқиға орнына келген жедел медициналық жәрдем бригадасы қызды шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады. Полиция қызметкерлері оны жедел жәрдем көлігіне жеткізуге көмектесіп, кейін Рудный қалалық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлердің мәліметінше, біраз уақыттан кейін қыз есін жиып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
Зардап шеккен қыз уақтылы көмек көрсеткен полиция қызметкеріне алғысын білдірді.
— Мен есімнен танып қалдым. Қызметкерлердің бірі маған көмектесіп, іс жүзінде өмірімді сақтап қалды. Егер ол болмағанда, бәлкім мен тірі болмас едім. Үлкен рақмет айтқым келеді. Кездестірсем, міндетті түрде жеке алғысымды білдіремін. Осындай қызметкерлеріңіз бар екеніне рақмет, — деді ол.