Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қостанай қаласының № 2 соты жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкелген жүргізушіге қатысты істі қарады.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қазан айында жүргізуші В. «Тазалық-2012» ЖШС-не тиесілі қоқыс таситын КамАЗ жүк көлігін басқарған. Ол тұрғын үй ауласында артқа қарай жүріп келе жатып, айналасын толық бақыламай, сол бағытта келе жатқан жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші ауыр жарақат алып, оқиға орнында қаза тапқан.
Прокурор жүргізушіні 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, 5 жылға көлік жүргізу құқығынан шеттетуді сұрады. Жәбірленуші тарап керісінше, бас бостандығынан айырусыз жаза тағайындауды өтінді. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
— Сот жүргізушінің кәмелетке толмаған баласы барын, жәбірленушілерге келтірілген зиянды өз еркімен өтегенін, шын жүректен өкінгенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Нәтижесінде сот В.-ны 2 жылға бас бостандығынан айырып, жазаны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеуді және 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айыруды шешті, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын тұрғын үйге заңсыз кіріп, адам өлтірген қаскөй сотталғанын жазғанбыз.