Қостанайдағы ерекше орталық

11.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

2026 жылдың 1 мамырындағы жағ­дайға сәйкес, Қостанай об­лы­сын­да 4 мыңға жуық мүгедектігі бар бала тұрады, оның 1 528-і пси­хо­неврологиялық патологиясы бар және 200-ге жуық балада тірек-қи­мыл аппараты бұзылған. Жалпы, 

1 285 балаға оңалту емі ұсынылған. Бұ­дан бұрын облыста балаларға ар­налған жеке сауықтыру орта­лы­ғы болмады, тек ересектерге ар­нал­­ған облыстық орталықта ба­ла­лар бөлімі жұмыс істеген. Мұндағы 20 төсек орынның өңірдегі қажет­ті­лікті толық өтей алмағанын айт­па­са да, түсінікті жайт. Бүгінде жаңа орталық өңір балаларын қуан­тып, бір мезетте 60 балаға, ал жы­лына 900 балаға реабилитация­лық қолдау көрсетуге қауқарлы. Оңал­ту орталығы 1,5 жастан 18 жас­қа дейінгі балаларға ақысыз не­гізде көмек береді. Меди­ци­на­лық мекемеге барған кезімізде, ба­лаларды емдеудің бесінші легі жү­ріп жатты. Облыстағы әлеумет­тік мекемелердің қызметін үйлес­тіру бөлімінің бас маманы Гүлнұр Жолдыбайқызы орталық жұмы­сы­ның артықшылықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. 

– Орталық Қостанай облысы­ның мүгедектігі бар, психонев­ро­ло­гиялық ауытқуға ұшыраған және тірек-қимыл аппаратына зақым келген балаларға ақысыз негізде ме­дициналық көмек береді. Бала­лар­дың ата-анасы, заңды тұлға­лары­ның да бірге орналасуына мүм­кіндік қарастырылған. Орта­лық­та 7 корпус бар, 3,4-корпус жа­тын бөлмелермен қамтылған, 5,6 және 7-корпустарда әртүрлі ем­дік шара жүргізіледі, – дейді Г.Жолдыбайқызы.

Ерекше айтарлығы, орталық­тың жоғары сапада қызмет көрсе­туі үшін «Қазақстан халқына» қо­ғам­дық қоры оңалту-сауықтыруға арналған құрал-жабдықтар мен жиһаз­дарды алуға 1,037 миллиард теңге қаражат бөлген. Қазір де бір­неше құрылғы кезең-кезеңімен жет­кізіліп жатыр. Бүгінге дейін жал­пы құны 746,3 миллион теңге бо­латын арнайы сабақтар өткізуге қа­жетті оңалту орындықтары, ин­те­рактив үстел, «Атлант» нейроор­то­педиялық костюмдері, сонымен қатар иммерсиялық, бальнео­ло­гия­лық ванна, тұз, сенсорлық, шун­гит бөлмелері, «Локомат» ро­бот­тық оңалту кешені орнатылды. Бұрын резиденция аумағында те­реңдігі 1,5 метрлік бассейн бол­са, қазір стандартқа сай лайықталып, қай­та қалпына келтірілген 1 метр­лік жаңа бассейн пайдаға асып тұр. Тағы бір қуанарлық жағдай, ем алу ұзақтығы 14 күннен 21 күнге дейін ұзарды. 

– Балалар жылына стандартқа сай 1 рет ем-дом алуға құқылы, бір­ақ орталығымызда бос орындар шық­са, екінші мәрте келуге бола­ды. Мысалы, кейбір ата-аналар белгілі бір себептерге байланысты баланы әкеле алмауы, алыс жерден жете алмай қалуы да мүмкін, сон­дай кезде екінші рет ем алуға бола­ды, – дейді Г.Жолдыбайқызы.

Маманның айтуынша, орта­лық­та бүлдіршіндерге қуаныш сый­лайтын ерекше костюм бар, ар­бамен қозғалатын балалар «Ат­лант» нейроортопедиялық кос­тю­мін киген сәтте өз аяғымен нық тұ­рып, тік көтеріліп жүруге мүм­кін­дік туады. Ал ата-ана үшін бала­ның шаттанған жүзін көргеннен ар­тық бақыт жоқ. Біз баласын екін­ші мәр­те ем-домға әкелген ана – Жай­на­гүл Бажекеевамен тілдескен едік.

– Балам Естаев Әмірге БЦП диагнозы қойылды, қазір 11 жаста. Ба­ламның күтімі үшін Наурызым ау­данынан Қостанайға көшіп кел­генімізге 3 жылға жуықтады. Бұдан бұрын облыстық балалар бөлімінде ем алдық, Астанаға да бардық, өзге де оңалту орталықтарынан көмек алдық, дегенмен жаңа орталықтың ем­дік әсері тиіп жатқанын бай­қа­дым. Баламда бір ұмтылыс пайда бол­­ды, арнайы сабақтарға өзі қа­тыс­­қысы келіп, қатты қуанады, АФК, логопед қызметі көңілімізден шық­ты. «Локомат» десе қатты қуа­на­ды, костюмді кигендегі қуаны­шын көр­сеңіз, суды жақсы көреді, – дей­ді Жайнагүл ханым. 

Ол орталық ашылғанын ести сала алғашқылардың бірі болып ұлын емге әкелген, мүмкіндік туса, күз­де де келуге ниетті екенін жет­кізді. 

Орталықта бұдан бөлек, меха­но­терапия – қозғалыс функ­ция­ларын қалпына келтіруге арналған ка­бинет, эрготерапия – киіну, жуы­ну, баспалдақпен көтерілу сияқ­ты баланың күнделікті дағды­ла­рын қалыптастыруға бағыттал­ған бөлме жұмыс істейді. Орталық басшысы Жасұлан Айбаұлының ай­туынша, тамыз айында ағаш жә­не қыш шеберханалары да жұ­мы­сын бастайды. Бұл мүмкіндіктер әлі талай баланың жүзіне қуаныш сый­лары анық...

Айсұлу СЪЕЗХАН

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью