Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
50 жастағы қостанайлық азамат Ұлытау облысы аумағында марганец кенін заңсыз өндіріп, 3,5 миллиард теңге пайда тапқан. Бұл туралы Ұлытау облысының прокуратурасы мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп өткен операцияда мемлекетке 1,3 млрд теңгеден астам залал келтірілгені анықталды.
Құзырлы орган мәліметінше, Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020–2023 жылдар аралығында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмағанына қарамастан "Шығыс Қаражал" кен орнында марганец кенін заңсыз өндірген. Сонымен қатар қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасасу арқылы пайдалы қазбаларды сатудан түскен ақшалай қаражатты заңдастырған. Сөйтіп, сол аралықта 16 мың тоннадан астам кен жөнелтілген.
Қылмыстық қызметтің нәтижесінде және өңделген темір-марганец кенін ел ішінде және шетелге сату арқылы 3,5 млрд теңгеден астам пайда тапқан.
Ұлытау облысы сотының үкімімен кінәлі адам 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды. Мемлекет кірісіне 4,8 млрд теңге өндіріліп, сондай-ақ қылмыстық жолмен табылған қаражатқа сатып алынған 3 жеңіл және 2 жүк автокөлігі тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.