Қостанайлық блогер кәсіпкерден 20 млн теңге бопсалағаны үшін 7,5 жылға сотталды

08.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Қарабалық ауданының тұрғынына қатысты істі қарады. Оған аса ірі көлемде бопсалау бабы бойынша айып тағылды.

Сот мәліметінше, өткен жылғы ақпанда ер адам кәсіпорын аумағынан санитарлық талаптарды бұза отырып, қырылған және жарамсыз деп танылған құстың сыртқа шығарылып жатқанын видеоға түсірген. Кейін ол жазбаны өзінің YouTube арнасында жариялаған.

– Осыдан кейін кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компания өкілі ер адамға бейнежазбаны өшіру туралы өтінішпен жүгінген. Кездесу барысында сотталушы өзінде осыған ұқсас өзге де жазбалар бар екенін айтып, «мәселені реттеуді» ұсынған – не өзіне Shacman жүк көлігін беруді, не 20 миллион теңге төлеуді талап еткен. Осыдан соң компания құқық қорғау органдарына жүгінді. Тергеу әрекеттері барысында ер адам ақшаны алуға келісіп, оны беру тәсілін де өзі ұсынған. Қаражатты үйінің қоршауынан асырып лақтыруды сұраған. Нәтижесінде кәсіпорын өкілі оған 15 миллион теңге бергеннен кейін ер адам ұсталды, – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін мойындамады. Прокурор оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда сот оның кәмелетке толмаған баласының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.

Нәтижесінде ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Оралда бопсалау және тонаумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью