Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Акцияның негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындалып жатқан әскери қызметшілердің балаларына қолдау көрсетіп, олардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ықпал ету.
Іс-шара барысында әскери бөлім басшылығы тарапынан әскери қызметшілердің мектеп жасындағы балаларына оқу жылына қажетті мектеп құрал-жабдықтары мен жаңа мектеп сөмкелері табысталды. Балаларға арналған сыйлықтар олардың оқуына қажетті керек-жарақтармен толықтырылып, жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауына мүмкіндік берді.
– Балалар – біздің болашағымыз. Олардың сапалы білім алып, алаңсыз оқуы үшін жасалып жатқан әрбір қолдау маңызды. «Мектепке жол» акциясы арқылы әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсетіп, балаларды қуанышқа бөлеу – біз үшін үлкен мәнге ие, – деді әскери бөлім өкілдері.
Өз кезегінде әскери қызметшілер көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, балаларға жасалған қамқорлық үшін алғыстарын жеткізді.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылып, балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Мұндай игі бастамалар әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне деген қамқорлықтың жарқын көрінісі болып табылады.