Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Астанадағы «Contrasst» би театры ұсынған «Мен – ойларыммын» және «Метаморфозалар» балеттері осы ізденістердің заңды жалғасы іспетті. Аталған қойылымдарды жеке спектакльдер ретінде ғана емес, бүгінгі адамның рухани ахуалына арналған біртұтас пластикалық дилогия ретінде қарастыруға болады. Екі шығарма да адам болмысының ішкі кеңістігін зерттеуге бағытталғанымен, олардың көркемдік міндеттері әртүрлі: біріншісі сананың табиғатын зерделесе, екіншісі сол сананың эволюциясын, рухани түрленуін бейнелейді.
Отандық заманауи хореографияда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген «Contrasst» би театры кейінгі жылдары батыл эксперименттерімен, тың көркемдік шешімдерімен һәм заманауи өнер тілі арқылы маңызды қоғамдық әрі рухани мәселелерді көтеруімен ерекшеленіп келеді. 2017 жылы кәсіби хореографтар ерлі-зайыпты Уәлитбек Сиязбек пен Әмина Самарбаеваның бастамасымен құрылған ұжым аз уақыт ішінде халықаралық мәдени кеңістікте де өз орнын айқындады. Театр шығармашылығының басты ерекшелігі – биді тек эстетикалық көрініс ретінде емес, ой айту құралы ретінде қарастыруында. Сондықтан олардың әр қойылымында пластика мен философия, қозғалыс пен мағына қатар өріледі.
Театр тарихына көз жүгіртсек, әр дәуір өз адамын сахнаға шығарғанын көреміз. Ежелгі грек трагедиясы тағдырмен арпалысқан адамды көрсетті. Шекспир дәуірі билік пен құмарлықтың драмасын ашты. ХХ ғасыр театры жалғыздық пен жатсынуды зерттеді. Ал ХХІ ғасыр сахнасының басты кейіпкері – өз санасымен күресіп жүрген адам. «Мен – ойларыммын» балетінің өзектілігі дәл осы тұстан көрінеді. Режиссер-хореограф Томирис Меттыбаева спектакльдің драматургиялық өзегіне сыртқы оқиғаны емес, ішкі үдерісті шығарады. Бұл – заманауи хореографиядағы маңызды ерекшеліктердің бірі. Мұнда сюжеттен гөрі күй маңыздырақ. Әрекеттен гөрі психологиялық қозғалыс алдыңғы қатарға шығады.
Қойылымдағы басты кейіпкер – адам. Бірақ спектакльдің нағыз драмалық серіктестері оның айналасындағы адамдар емес, өз ойлары. Осы тұрғыдан алғанда қойылым классикалық театрдағы кейіпкерлер қақтығысын адамның ішкі кеңістігіне көшіреді. Сахнадағы пластикалық композициялар кейде ретсіз ағылған ақпарат ағынын, кейде үрей мен күмәннің қысымын, кейде тыныштық пен үйлесімді бейнелейді. Ойлардың денеленуі арқылы хореограф көрінбейтін психологиялық құбылысты көзге көрінетін сахналық әрекетке айналдырады. Спектакльдің басты жетістігі де осында, біздіңше. Яғни қойылым абстрактілі философиялық ұғымды нақты пластикалық тілге көшіре алған. Музыкалық материалдың әртүрлі композиторлар шығармаларынан құралуы да кездейсоқ емес. Клод Дебюссидің импрессионистік әуездері, Ханс Циммердің драмалық симфонизмі мен Эцио Боссоның лирикалық интонациялары адам санасының көпқабатты табиғатын ашуға қызмет етеді.
Ал кештің екінші бөлімі – Карина Жиренбаеваның «Метаморфозалар» балеті көркемдік тұрғыдан одан да күрделі құрылымға ие. Егер бірінші қойылым сана лабиринттеріне үңілсе, «Метаморфозалар» адам рухының архетиптік сапарын бейнелейді. Спектакль құрылымының бес бөлімге бөлінуі кездейсоқ шешім емес. Бұл әлемдік мәдениетте ежелден кездесетін рәміздік сапар моделін еске түсіреді. Батырдың жолы, рухани жетілу сатылары, адамның өзін табу жолындағы кезеңдері мұнда пластикалық драматургияның негізіне айналған.
Балеттегі бірінші бөлім – адамның шығу тегі мен балалық шағына арналған. Театртану ғылымында балалық шақ көбіне кейіпкердің болашақ тағдырын анықтайтын бастапқы нүкте ретінде қарастырылады. Бұл жерде де ата-ана мен бала арасындағы қатынас адамның кейінгі өмірінің эмоционалдық картасын қалыптастыратын күш ретінде көрсетіледі. Екінші бөлімдегі ақша тақырыбы ерекше назар аудартады. Заманауи сахна өнерінде материалдық құндылықтар мәселесі жиі көтеріле бермейді. Алайда қойылым бұл ұғымды экономикалық категория ретінде емес, адам еркіндігін сынайтын рухани феномен ретінде ұсынады. Үшінші бөлім спектакльдің философиялық шыңына айналған. «Мен кіммін?» деген сұрақ ежелгі заманнан бері өнердің де, философияның да басты сұрағы болып келеді. Қойылымдағы Таңдаулы бейнесі осы мәңгілік ізденістің рәмізі ретінде көрінеді. Төртінші бөлімдегі махаббат тақырыбы дәстүрлі романтикалық түсініктен әлдеқайда кең мағынада ашылған. Мұнда махаббат адамның өз болмысымен табысуы ретінде түсіндіріледі. Бұл – қазіргі психология мен философиялық театрға тән интерпретация. Ал бесінші бөлімде спектакль жеке тағдыр аясынан шығып, ғарыштық масштабқа көтеріледі. Мұхит бейнесі әлемдік мәдениеттегі ең көне архетиптердің бірі ретінде көрінеді. Ол – бастау мен шексіздіктің, өмір мен мәңгіліктің рәмізі. Осылайша, «Метаморфозалар» адамның рухани эволюциясын сахналық поэзия тілімен ұтымды баяндайды.
Екі қойылымды біріктіріп тұрған ортақ қасиет – олардың сыртқы оқиғадан гөрі ішкі әрекетке құрылуы. Бұл – қазіргі заманғы физикалық театр мен contemporary dance (замануи би) эстетикасының басты ерекшелігі. Мұнда қимыл тек көркемдік қызмет атқармайды. Би – ойлау тәсіліне айналады.
Театрдың негізін қалаушы Уәлитбек Сиязбектің айтуынша, «Би – қозғалыстың әсемдігі ғана емес, адамның ішкі әлемін зерттейтін көркем тіл. Көрермен спектакльден оқиғаны емес, өзін көруі керек». Сондықтан да «Contrasst» спектакльдерінде сыртқы әрекеттен гөрі ішкі қозғалыс, оқиғадан гөрі күй, драмалық қақтығыстан гөрі адамның рухани тәжірибесі маңызды орын алады. Театр басшысының: «Өнердің міндеті – адамға жауап беру емес, оның ішінде жаңа сұрақтарды ояту», деген пікірі де осы екі қойылымның көркемдік табиғатын дәл сипаттайтындай.
«Contrasst» театрының шығармашылық бағыты да осы ұстаныммен үндеседі. Ұжым ұлттық мәдени кеңістікте заманауи би театрының жаңа моделін қалыптастыруға ұмтылып келеді. Олардың қойылымдарында әлемдік contemporary dance, яғни заманауи би мектебінің тәжірибесі мен қазақ көрерменінің дүниетанымына жақын философиялық мазмұн тоғысады. Себебі бүгінгі көрермен театрға дайын жауап іздеп келмейді. Ол сахнадан өзін толғандырған сұрақтардың көркем бейнесін көруге құштар. «Мен – ойларыммен» мен «Метаморфозалар» – дәл сондай сұрақтарды қозғайтын спектакльдер. Бұл қойылымдар адам туралы. Оның қорқынышы, таңдауы, сағынышы, махаббаты мен үміті туралы. Ең бастысы – оның өзгеруге қабілеттілігі туралы. Өйткені адам баласының ең ұлы метаморфозасы сыртқы әлемде емес, өз санасының тереңінде жүзеге асады. Ал театр сол өзгерістің үнсіз куәгері ғана емес, кейде оның басталуына себеп болатын қасиетті кеңістікке айналады.