Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Семей қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты футбол арбитрі Арман Есмұратовты сырттай бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы қоғам белсендісі әрі президент саясатын қолдау орталығының жетекшісі Серік Байғалиев хабарлады.
Оның айтуынша, сот Қазақстан футбол федерациясына да жеке қаулы жолдаған. Федерация арбитрге қатысты шара қабылдауы тиіс.
Жанжал Қазақстан Премьер-Лигасындағы «Елімай» (Семей) мен «Ордабасы» (Шымкент) арасындағы матчтан кейін шықты. Әлеуметтік желілерде тараған видеода Есмұратовтың клуб өкілдеріне балағат сөздер айтқаны көрінеді.
Ойын барысында ол «Ордабасы» қақпасына соғылған екі голды есептемеген. Бір эпизодта офсайдты VAR жүйесі растаған. Матч соңында «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович пен жартылай қорғаушы Жан-Али Пайруз төрешімен сөз таластырып, қызыл карточка алды.
Карпович төрешінің өзін қорлап, клубқа қарсы қоқан-лоқы жасағанын мәлімдеді: «Ол біздің аймақты, жанкүйерлерді қорлады. Тіпті қалған чемпионатта “Елімайды тұқыртамын” деп айтты», — деді ол.
Жанкүйерлер облыс әкіміне үндеу жасап, жағдайды бақылауға алуды сұрады. Олар «Елімайды» өңір үшін маңызды әлеуметтік жоба деп атап, командаға әділдік талап етті.
Кеше, 23:03