ҚТЖ дефолт шеңберінен шыға алды ма

25.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Нарықтың реакциясы

Әдетте мұндай мәлімдемелерді қаржы нарығындағы инвесторлар елеусіз қалдырмайды. ҚТЖ облигацияларының KASE биржасындағы бағалау деректеріне қарағанда, сол кезеңде шынында да шағын қозғалыс байқалған. Мәселен, 2024 жылғы 11 маусымдағы индикативтік бағалауда ҚТЖ-ның бірқатар облигациялары бойынша өтеуге дейінгі кірістілік шамамен 15–15,3% деңгейінде болған. Ал 13 маусымдағы бағалауда бұл көрсеткіш кейбір шығарылымдар бойынша 16% шамасына дейін көтеріліп, облигациялардың есептік бағасы сәл төмендеген. Бұл инвесторлардың тәуекелді қысқа мерзімге болса да қайта бағалағанын көрсетеді, бірақ нарықта айқын дүрбелең байқалмаған.

Инфографика: Kazinform

Нарық ойыншылары ҚТЖ облигацияларын бағалағанда компанияның қаржылық көрсеткіштерімен қатар оның мемлекетпен тығыз байланысын да ескереді. Ұлттық теміржол операторы стратегиялық инфрақұрылым болғандықтан, инвесторлар қиын жағдайда мемлекет қолдау көрсетуі мүмкін екенін түсінеді. Сондықтан Әлихан Смайыловтың мәлімдемесі нарықта қысқа мерзімді сақтық туғызғанымен, ҚТЖ бағалы қағаздарына деген сенім күрт өзгерген жоқ.

Таза қарыз операциялық табыстан 6 есе көп

Бұл – нарықтың реакциясы. Ал 2023 жылғы шоғырландырылған қаржылық есеп Әлихан Смайыловтың «компания дефолт алдында тұр» деген сынында негіз болғанын көрсетеді. Құжатқа сүйенсек, жыл аяғында ҚТЖ-ның жалпы қаржылық міндеттемелері 2 трлн 117 млрд 547 млн теңге болған. Қарыз құрылымына банктер мен қаржы институттарынан алынған займдар, компания шығарған облигациялар (борыштық бағалы қағаздар) кіреді.

2023 жылғы 31 желтоқсанда ҚТЖ-ға тиесілі банк шоттарында және қысқа мерзімді депозиттерде 204 млрд 614 млн теңге болған. Сонда ҚТЖ-ның таза қарызы (2,117 трлн теңге - 204,6 млрд теңге) шамамен 1,98 трлн теңге болған.

Инфографика: Kazinform

Компанияның пайыз төлемдерін, салықтармен негізгі құралдардың тозуын есепке алмағандағы табысы 2023 жылы шамамен 331 млрд теңгеге жеткен. Жалпы қарызды осы көрсеткішке бөлу арқылы (2,117 трлн теңге/331 млрд теңге) компания борышын неше жылда жаба алатынын анықтауға болады – 6,6 жыл. Демек, компания қазіргі табыс деңгейімен қарызын шамамен алты-жеті жыл ішінде ғана жаба алады. Халықаралық тәжірибеде бұл коэффициент 3-тен төмен болса қауіпсіз, 4-5 аралығы тәуекел аймағы саналады, ал 6-дан жоғары көрсеткіш компанияның қарыз жүктемесі ауыр екенін білдіреді. Әлихан Смайыловтың дефолт туралы мәлімдемесінде негіз бар деп отырғанымыз осыдан.

2023 жылы ҚТЖ қарыздардың пайыз төлемдерін жабуға шамамен 208 млрд теңге жұмсаған. Жылдық операциялық табыс 331 млрд теңге болғанын айттық. Сонда компанияның операциялық табысы қарыздардың пайыздық төлемдерін әрең жауып тұр деген сөз. Қаржы тәжірибесінде операциялық табыс пайыз төлемдерінен 3 есе жоғары болғанда ғана қауіпсіз саналады.

Қаржылық есептегі тағы бір маңызды мәселе – компанияның қысқа мерзімді төлем қабілеті. 2023 жылдың соңында ҚТЖ-ның ағымдағы міндеттемелері ағымдағы активтерінен 382 665 млн теңгеге асып түскен.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Қаржылық есеп бойынша, ҚТЖ-ның негізгі құралдарының (теміржол инфрақұрылымы, локомотивтер, вагондар, станциялар және басқа активтер) баланс құны шамамен 3,24 трлн теңгедей болады. Құжатта болашақ инвестициялық міндеттемелер де көрсетілген. 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша мұндай міндеттемелердің жалпы көлемі шамамен 1,87 трлн теңге болған. Бұған инфрақұрылымды жаңғырту жобалары, вагондар мен локомотивтер сатып алу, жөндеу және басқа инвестициялық шығындар кіреді.

Осылайша, 2023 жылғы қаржылық есептің негізгі көрсеткіштері ҚТЖ-ның активтері үлкен болғанымен, қарыз жүктемесі де жоғары екенін көрсетеді. Компанияның жалпы қарызы 2 трлн теңгеден асып, операциялық табысына шаққанда 6 есе жоғары деңгейде қалып тұрған.

Сыннан сабақ алды ма?

Міне, Жоғары аудиторлық палата мамандары осы көрсеткіштерді негізге алып, ҚТЖ қарыз есебінен ғана дамып жатқанын мәлімдеген болатын. Ұлттық компания сол кезде айтылған сыннан қаншалықты қорытынды шығарғанын анықтау үшін 2024 жылдың қорытындысы мен 2025 жылдың алғашқы 6 айындағы көрсеткіштерді сараптау керек. Өйткені 2025 жылдың толық қорытындысы тек мамыр айына қарай ресми жарияланады.

2024 жылы «Қазақстан темір жолы» шамамен 2,16 трлн теңге табыс тапқан. Оның ішінде таза пайдасы – 160,8 млрд теңге, операциялық табысы – 551 млрд теңге. Ал жалпы қарызы 2,65 трлн теңгеге жеткен. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 25% көп. 2024 жылдың операциялық табыс деңгейімен жалпы борышты жабуға шамамен 4,8 жыл кетер еді. Демек операциялық табыс жалпы қарыздан да жылдамырақ өсіп, борыш жүктемесі салыстырмалы түрде жеңілдеген.

Инфографика: Kazinform

Ал 2025 жылдың алғашқы жартысында ҚТЖ-ның жалпы қарызы одан әрі ұлғайып, 2,95 трлн теңгеге жетті. Аралық есеп деректеріне қарағанда, ҚТЖ-ның қарызы үш жыл ішінде тұрақты түрде өсіп, 3 трлн теңге шегіне жақындай түскен.

Бұл – бірінші жартыжылдықтың көрсеткіші. Жылдың екінші жартысында ҚТЖ америкалық Wabtec компаниясымен 300 жүк локомотивін сатып алуға келісіп, сервистік қызмет көрсету жөнінде келісім жасады. Тараптар 2034 жылға дейін бұл кешенді жобаға шамамен 4,2 млрд доллар (2 трлн теңге) инвестиция салуға уағдаласып отыр. Сонымен қатар, Citibank арқылы шамамен 1,6 млрд доллар көлемінде қаржы тарту туралы мандаттық келісім жасалғаны белгілі болды. Бұл деректер ҚТЖ инвестициялық жобаларға қарыз тарту моделінен бас тартпағанын аңғартады.

Топ-менеджерлер 816 млн теңге тапқан

ҚТЖ-да соңғы жылдары жолаушылар сегменті шығынды болып қалып отыр. Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолаушылар тасымалы 29,2 млрд теңге шығын көрсетсе, 2025 жылдың алғашқы алты айында шығын 17,9 млрд теңге болды. Ресми мәлімдемелерде әлеуметтік жауапкершілікпен тікелей байланысты осы тенденция ұлттық компаниядағы негізгі мәселелердің бірі ретінде жиі аталады. Алайда оның ауқымын ҚТЖ-ның жалпы қаржылық көрсеткіштерімен салыстырғанда бұл тұжырымды шартты деуге болады. Мәселен, компанияның жалпы қарызы 2025 жылдың ортасына қарай 3 трлн теңгеге жақындады. Осы тұрғыдан алғанда, жолаушылар сегментіндегі ондаған миллиард теңгелік шығын ҚТЖ-ның қарыз жүктемесін түсіндіретін негізгі фактор деп айту қиын.

ҚТЖ-ның қаржылық есебінде топ-менеджменттің сыйақысы да көрсетілген. Құжат деректеріне қарағанда, компанияның негізгі басқарушы персоналына 2024 жылы 816 млн теңге төленген. Бұл сома басқарма мен директорлар кеңесінің 18 мүшесінің жалақысы мен сыйақыларын қамтиды. Сонда топ-менеджердің әрқайсысы бір жылда орта есеппен 45,3 млн теңге алды деген сөз. 2023 жылы бұл көрсеткіш 49 млн теңге (790 млн теңге/16 адам) болған.

Инфографика: Kazinform

2024 жылы ҚТЖ негізгі құралдарға 1,17 трлн теңге инвестиция салған. Оның ішінде 1,006 трлн теңге жүк тасымалы сегментіндегі инфрақұрылым мен жылжымалы құрамды жаңартуға, 110 млрд теңге жолаушылар тасымалына, ал 54 млрд теңге басқа бағыттарға жұмсалған. Бұл ҚТЖ-ның қаржылық моделінде қарыз жүктемесінің негізгі драйвері жолаушылар тасымалы емес, теміржол инфрақұрылымын жаңартып, кеңейтуге бағытталғанын көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью