7kun.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
«Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының IPO-сына қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
Оның айтуынша, Үкіметтің 2025 жылғы квазимемлекеттік секторды жекешелендіру туралы қаулысына сәйкес, ҚТЖ-ның IPO-сын өткізу мерзімі 2026 жылға жоспарланған.
«23 мамырда ресми баспасөз релизін жарияладық. Қаулыға сәйкес, ҚТЖ-ның IPO бойынша таргеті – 2026 жыл. «Самұрық-Қазына» қоры да, ҚТЖ да осы межені ұстанады. Қазір Лондон, Гонконг және Қазақстанның жергілікті биржаларында өтетін халықаралық IPO-ға, яғни үшжақты листингке дайындық жүріп жатыр», – деді Ғибрат Ауғанов.
Ол IPO-ға дайындық ауқымды әрі ұзақ процесс екенін атап өтті. Ауғановтың сөзінше, листинг талаптарына байланысты әзірге қосымша мәліметтер жарияланбайды.
«Қазір осы жұмысқа баса назар аударып отырмыз. Листинг талаптарына сәйкес өзге ақпаратты аша алмаймыз. Бірақ негізгі таргет – 2026 жыл», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін бірқатар БАҚ Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа сілтеме жасап, ҚТЖ-ның IPO-сын өткізу мерзімі 2027 жылға шегерілгені туралы хабар таратқан болатын. Алайда «Самұрық-Қазына» өкілдері әзірге компанияны IPO-ға шығару жоспары өзгермегенін мәлімдеді.