Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Әсіресе, мұндай дәстүр ақпараттық кеңістікте мықтап орныққан. 7 мамыр – Отан қорғаушы күнінде де бұл дәстүрден жаңылып көрмедік. Оның үстіне, жаһандағы геосаяси ахуал күн санап емес, сағат сайын құбылып тұрған, қым-қуыт шақта өмір сүріп жатырмыз. Демек, Қазақстанның қорғаныс қабілетін ойша саралап, бағалаудың артықтығы болмаса керек.
2023 жылы өткен бүкілармиялық кеңесте Қазақстан Президенті, Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев:
– «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде Армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болуы қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады, – деген еді. Осылайша, заманауи әлемде Қарулы Күштерге қойылатын талаптың да күшейгенін меңзеген болатын.
Ал қандай да бір мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен әскери әлеуетін рейтингтермен, статистикалармен өлшеп, бағалау мүмкін емес. Өйткені «елдің қорғаныс әлеуеті» деген кең, кешенді ұғым. Оған аумақтың өлшемі, экономиканың мүмкіндіктері, соның ішінде өндірістердің болуы, жоғары технология, қаржы секторы, жол, әуежайлар, айлақтар, байланыс тәрізді инфрақұрылым, демографиялық ахуал, ақпараттық кеңістіктегі үлес, тіпті халықтың көңіл күйі тәрізді сансыз факторлар кіреді. Сондықтан әдетте SIPRI, Global Fire Power тәрізді зерттеу орталықтары ұсынатын мәліметтерге бірден сену жөн болмайды. Әрине, Стокгольмдегі бейбітшілік мәселелерін зерттеудің халықаралық институтының (SIPRI) сараптамалары мен берген бағасының бәсі жоғары екені рас. Себебі ондағы ғалымдар кешенді талдау, сараптама жасайды. Дегенмен әлемнің түкпір-түкпіріндегі қарулы қақтығыстар мен жанжалдар қандай да бір елдің қорғаныс қабілетін таразыға тартуы мүмкін екенін көрсетеді. Дүниежүзінде әскери қуаты жағынан бірінші орында тұрған АҚШ Иранмен соғысып жатыр әрі әу бастағы жоспардың күлі көкке ұшқанға ұқсайды. Қуаты жағынан әлі де болса екінші орында тұр деп есептелетін Ресей Украина жерінде соғыс батпағына батып қалды. Ал бұл мысалдар әскери қуаттың рейтингпен өлшенбейтінін, шындап келсе, халықтың Отан қорғау жолындағы жанкештілігіне тікелей байланысты болуы мүмкін екенін көрсетеді. Сол себепті Қазақстанның қорғаныс қабілетіне баға беру де оңай емес. Дегенмен Қазақ армиясының мүмкіндіктері, жауынгерлік даярлығы көштен қалып жатқан жоқ.
Жалпы, елдің қорғаныс әлеуетін арттыру Қарулы Күштерді қаржыландырудан бастап, мектеп пен отбасындағы тәжірибеге дейінгі факторларды қамтиды. Алайда алдыңғы қатарға қаржыландыру шығатынын жасырудың қажеті жоқ. Қаржы болмаса заманауи техника мен қару-жарақ сатып алу, оларды өндіретін кәсіпорын ашу, әскери жаттығу, жаспөспірімдердің патриоттық сезімін бекемдеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру да мүмкін емес. Оның үстіне, жаһан жұрты қаруланып жатыр. Біз сөз еткен SIPRI зерттеулеріне сенсек, 2025 жылы әлем елдерінің әскери мақсаттағы шығындарының көлемі 2 триллион 887 миллиард долларға жетіпті. Бұл дегеніңіз 2024 жылғы көрсеткіштен 2,9 пайызға көп. Әрі жаһан елдерінің біріккен жалпы ішкі өнімінің 2,5 пайызын құрап отыр. Яғни, Римнің әскери теоретигі Публий Флавий Вегеций айтқан Si vis pacem, para bellum – «Бейбітшілікті қаласаң, соғысқа даярлан» дейтін тәмсілдің дәурені жүре бастағанға ұқсайды. Вегецийдің айтқаны мықты экономика, қуатты армия, сенімді қорғаныс сізге көз алартатындар қатарын сирететінін меңзейтін тәмсіл еді. Бәлкім, содан болар, әлемде қорғанысқа назар аудару қарқынды жүріп жатыр.
Қазақстан да бұл бағытқа айрықша көңіл бөлді. 2026 жылы күш құрылымдарын қаржыландыруға жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын бөлуге бел буды. Бұл дегеніңіз шамамен 3 триллион теңге әрі былтырғыға қарағанда 335 млрд теңгеге көп. Бұл қаржы Қарулы Күштер мен өзге әскериленген құрылымдардың даярлығын арттыруға ғана емес, заманауи жүйелерді енгізуге жұмсалады. Яғни, армияға дрондар, әуе қорғанысы кешендері, жаңа ұшақтар сатып алуға бағытталуы мүмкін. Оны Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабековтің де атап өткені бар. «Бұл қаржы қару-жарақты модернизациялау мен жаңа түрлерін сатып алуға бағытталады. Өздеріңіз білесіздер, қазір жаңа қару-жарақтар, атап айтқанда, ұшқышсыз ұшатын аппараттар жасалып жатыр. Сонымен бірге бұл қаржы авиацияны модернизациялауға және әуе қорғанысына қажет жаңа техника сатып алуға жұмсалады», – деді вице-министр. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан өз хал-қадірінше армияны заманауи деңгейде ұстауға, жаңа қару-жарақ сатып алуға, отансүйгіштікті насихаттауға барын салып жатыр. Әрі әскери техника мен қару-жарақ түрлеріне байланысты мәліметтерді ашық айтуды да құп көрмейді. Әйтпесе, Қарулы Күштерде тәуір дүниелер бар. Қорғаныс өнеркәсібі кешені де дамып келеді.
Қорғаныс өнеркәсібі дегеннен шығады, қазір Қазақстанда әскери және қос мақсаттағы өнім шығаратын түрлі деңгейдегі 124 кәсіпорын бар. Әрине, оның барлығы көңілден шығады деу қиын. Бірақ елдің қорғаныс қабілетін арттыруға үлес қосатын компаниялар аз емес. Бір ғана Kazakhstan Engineering ұлттық компаниясына қарасты кәсіпорындар елдің қорғаныс қабілетін арттыруға теңдессіз үлес қосып келеді. Жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар да бар. Айталық, былтыр Қазақстан нарығына MRAP жүйесі бар бронды көлік шығаратын жаңа кәсіпорын қосылды. Түркия мен Қытай технологиялары негізінде Aibar, Taimas атты жаңа бронды көліктер өндіріліп жатыр. Одан бөлек, KPE-нің «Арлан», «Алан», «Барыс» көліктері бар. Сонымен қатар танк, бронотранспортер қатарлы бронетехника жөндеу мен модернизациялау, әуе қорғанысы кешендерін, ұшақтар мен тікұшақтарды жөндеу, қызмет көрсету, кеме жасау, радиоэлектроника мен байланыс, оқ-дәрі жасау бағытында жұмыс істейтін зауыттарымыз бар. Anka S ұшқышсыз ұшатын аппараттарын құрастыру бойынша Түркиямен келісімге келгеніміз тағы бар. Мұндай аппараттардың бірнешеуін қазақ жауынгерлері пайдаланып та жүр. «Сұңқар», «Шағала» тәрізді отандық дрондарымыз да қолданылып жатыр. FPV, оптикалық-талшықты дрондарды әскеріміз қолдануда. Олардың бірқатары елімізде құрастырылады.
Мұны ел қорғанысының қаржылық, техникалық сипаты деп бағаласақ, одан бөлек адами фактор да назардан тыс қалған емес. Қанша күмән келтіргенімізбен, Global Fire Power рейтингі Қазақстанның әскери қуатын әлем елдерінің ішінде 58-орынға жайғастырыпты. 50-ден астам талапқа сүйене отырып жасалатын рейтингтің де айтары жоқ емес. Ондағы мәліметтердің бірқатары шынайы жағдайды көрсетеді. Айталық, бұл рейтингте Қазақстанда 110 мың жауынгер бар екені көрсетілген. Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі тәрізді құрылымдардың сарбаздарының жалпы саны сол мөлшерде екені рас. Олардың 70 пайызға жуығы келісімшарт негізінде жұмыс істейтін кәсіби жауынгерлер. 42-44 мыңы жыл сайын мерзімді әскери борышын өтейтін азаматтар.
Сарбаздардың әлеуметтік қорғалуына да көп көңіл бөлінеді. Мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастардың оқуға түсуіне мүмкіндіктер қарастырылды. Биылдың өзінде мыңнан астам жауынгер білім грантына ие болды. 2023 жылдан бері жұмыс істеп тұрған «Сарбаз 2.0» цифрлық жүйесі әскери борышын өтеген азаматтардың білім грантына ие болуына мүмкіндік жасап отыр. Оған 2023-2025 жылдары 180 мыңнан астам адам тіркелген. Тек 2025 жылдың көктемінің өзінде осы жүйе арқылы 18 мың адам грантқа ие болды.
Сонымен қатар резервтік қызмет те реттелді. Аумақтық қорғаныс жүйесі де толық жасақталып бітті.
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу де назардан тыс қалған жоқ. «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны тәрізді жобалар өміршеңдігін көрсетіп келеді.
2025 жылы Қазақстан Қарулы күштері 60 мыңнан астам жаттығу, әскери даярлық іс-шарасын өткізді. Соның ішінде 17 мыңнан астамы түнде ұйымдастырылды. «Айбалта», «Десант», «Жауынгерлік достастық», «Каспий бризі» қатарлы жаттығулар ұйымдастырылды. Бітімгерлеріміз Голан жоталарындағы қызметін жалғастырды. Түрлі жаттығу, іс-шара үздіксіз жалғасып жатыр.
Мұның барлығы азат елдің тыныштығы жолында жасалып жатқан қадамдар әрі «қорғаныс» ұғымының өзі жан-жақты екеніне нақты дәлел бола алады. Отан қорғаушы күні қарсаңында бұл тақырыпқа оралу арқылы біз Қазақ армиясының әлеуетіне бір шолу жасап, жетістіктерін мақтан етуді көздедік. Өйткені «жақсының жақсылығын айтпақ» керек.
Ардақ СҰЛТАН