Қуатты өңір қуатты Қазақстан: инвестицияның көшін кім бастады?

14.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өңірлер арасындағы айырмашылықтың күшейіп келе жатқанын көруге болады. Мысалы, республикалық маңызы бар қалаларды есептемегенде, қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бойынша Түркістан облысы көш бастады. Өңірге бес ай ішінде 614,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,4 пайызға немесе 226,4 млрд теңгеге көп.

Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіш кездейсоқ қалыптасқан жоқ.

«Инвестиция көлемінің артуы өңір экономикасының жаңа кезеңге өткенін білдіреді. Бұл жерде әңгіме тек статистика туралы емес. Инвесторлар қаржыны болашағы бар өңірлерге ғана бағыттайды. Сондықтан инвестицияның көбеюі жаңа өндірістердің іске қосылып жатқанын, инфрақұрылымның дамып келе жатқанын және бизнестің өңірге деген сенімі артқанын көрсетеді. Ұзақмерзімді перспективада мұндай жобалар халықтың табысына да, жұмыспен қамтылуына да оң әсер етеді», – дейді Ranking.kz сарапшылары.

Көпшілік Түркістан облысындағы өсімді туризммен байланыстыруы мүмкін. Алайда статистика мүлде басқа.

Ranking.kz деректеріне сәйкес, өңірдегі инвестициялық өсімнің негізгі драйвері – өнеркәсіп пен энергетика. Әсіресе электрмен жабдықтау саласына бағытталған инвестиция көлемі бір жыл ішінде 19,3 есеге артқан. Бұл облыстың энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ірі жобалардың орталығына айналып келе жатқанының белгісі.

Инвестицияның мультипликативті әсері мол

Мұндай өзгеріс тек Түркістанға ғана тән емес. Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игенбекованың пікірінше, жалпы республика бойынша инвестициялық өсімнің негізгі қозғаушы күші де дәл осы энергетика саласы болып отыр.

«2026 жылдың алғашқы айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсіміне ең үлкен үлесті электрмен жабдықтау саласы қосты. Жалпы өсімнің 58 пайызы осы сектордың еншісінде болды. Бұл Ұлттық энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының іске асырыла бастағанын көрсетеді. Энергетикалық жүйе жаңармайынша жаңа өндірістерді іске қосу қиын. Сондықтан бүгінгі инвестициялар болашақтағы өнеркәсіптік өсімнің негізін қалыптастырып жатыр», – дейді экономист Салтанат Игенбекова.

Инвестиция туралы айтылғанда көпші­лік миллиардтаған теңге мен ресми статистиканы ғана елестетеді. Бірақ оның шынайы әсерін тұрғындардың тұрмыс тіршілігінен байқамау мүмкін емес. Өйт­кені өңірге жаңа инвестор келсе, ең алдымен өндіріс орындары ашылады, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Соның арқасында жергілікті кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндік туады: біреуі құрылыс материалын жеткізсе, енді бірі тасымал қызметін көрсетеді, тағы бірі тамақтандыру немесе қызмет көрсету саласын дамытады. Экономика жандана бастаған сайын бюджетке түсетін түсім де көбеймек. Ал бұл қаржы жаңа мектеп салуға, ауруханаларды жаңартуға, жолдарды жөндеуге және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады. Мамандар мұны мультипликативтік әсер деп атайды.

«Инвестицияның нәтижесі бірден сезіле қоймайды. Бірақ бірнеше жылдан кейін оның ықпалы анық байқалмақ. Бір өндіріс орнының айналасында ондаған шағын кәсіпорын пайда болады. Жұмыспен қамту артады, қызмет көрсету саласы кеңейеді, халықтың табысы өседі. Сондықтан инвестицияны тек бүгінгі қаржы көлемімен емес, оның ертеңгі экономикалық қайтарымымен бағалау қажет. Өңірдің ұзақмерзімді дамуы дәл осындай жобаларға байланысты», – дейді Ranking.kz сарапшылары.

Өңірдің мүмкіндігі бір ғана өлшеммен өлшенбейді

Жалпы инвестиция көлемі бойынша рейтингтің соңында тұрған өңірлердің жағдайын бір ғана көрсеткішпен бағалау дұрыс емес. Мысалы, Ұлытау облысы жалпы инвестиция көлемі жағынан төменгі орындардың бірінде болғанымен, жан басына шаққандағы инвестиция көлемі 573,6 мың теңгені құрады. Бұл – елдегі ең жоғары нәтижелердің бірі. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы көрсеткіш өңірдің даму әлеуетін жақсырақ көрсетеді.

«Жан басына шаққандағы инвестиция көлемі өңірдің нақты мүмкіндігін бағалауға көмектеседі. Халық саны аз облысқа тартылған әрбір жоба әлдеқайда үлкен экономикалық әсер береді. Мұндай өңірлерде жаңа кәсіпорындардың ашылуы еңбек нарығын өзгертеді, шағын бизнеске сұранысты арттырады және жергілікті экономиканың құрылымын жаңартады. Сондықтан өңірлерді бағалағанда абсолют көрсеткішпен қатар жан басына шаққандағы инвестиция көлеміне де назар аудару қажет», – дейді Ranking.kz сарапшылары.

Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, бес өңірде инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Олардың қатарында Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды және Қостанай облыстары бар. Әр өңірдегі себеп әртүрлі болғанымен, негізгі факторлар ұқсас. Бір жерде логистика саласындағы жобалар аяқталса, енді бірінде өңдеу өнеркәсібіндегі инвестиция қысқарған. Кей өңірлерде коммуналдық инфрақұрылым немесе жылжымайтын мүлік секторындағы ірі жобалардың аяқталуы да жалпы статистикаға әсер еткен.

Ranking.kz зерттеуіндегі ең маңызды тұжырымның бірі – Қазақстандағы инвестицияның басым бөлігін мемлекет емес, бизнес қалыптастырып отыр. Биыл негізгі капиталға салынған инвестициялардың 85,6 пайызы кәсіпорындардың өз қаражаты немесе қарыз қаражаты есебінен жүзеге асқан. Әсіресе Жамбыл, Павлодар және Маңғыстау облыстарында бюджеттен тыс қаржының үлесі 94-96 пайызға дейін жеткен.

Салтанат Игенбекованың айтуынша, мұндай өзгеріс инвестициялық құрылымның өзгеріп жатқанын көрсетеді.

«Біз мемлекеттік қаржыландыру үлесінің төмендегенін байқап отырмыз. Оның орны кәсіпорындардың өз қаражаты мен қарыз құралдарының үлесімен толығып жатыр. Банктік несиелердің үлесі бір жыл ішінде айтарлықтай өсті. Бұл инвестицияларды қаржыландыру құрылымының өзгеріп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар мемлекет инфрақұрылымдық салалардағы маңызды инвесторлардың бірі болып қала береді», – дейді экономист Салтанат Игенбекова.

Сонымен бірге сарапшы мемлекеттің инвестициялық үдерістен толық шеттеп қалмағанын атап өтеді. Оның айтуынша, бюджет қаражаты ең алдымен энергетика, сумен жабдықтау, көлік және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға бағытталып отыр. Мұндай тәсіл жеке капиталдың белсенділігімен қатар ұзақмерзімді экономикалық өсімнің негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Инвестицияның сапасы көлемінен де маңызды

Кейінгі жылдары Қазақстан экономикасында тағы бір маңызды өзгеріс байқалады. Бұрын инвестицияның басым бөлігі құрылыс жұмыстарына жұмсалса, қазір қаржының едәуір бөлігі машина мен өндірістік жабдық сатып алуға бағытталып жатыр.

Бұл – экономиканың технологиялық жаңғыруының белгісі.

«Қазіргі инвестициялық құрылымның өзгеруі маңызды үрдісті көрсетеді. Қаражат тек ғимарат салуға емес, өндірістік жабдықтарды жаңартуға көбірек бағытталып жатыр. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға, кәсіпорындардың тиімділігін көтеруге және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Ұзақмерзімді өсім үшін дәл осындай технологиялық инвестициялар шешуші рөл атқарады», – дейді экономист Салтанат Игенбекова.

Бір қарағанда, өңірлер арасындағы инвестициялық айырмашылық қалыпты құбылыс сияқты көрінуі мүмкін. Бір облыста мұнай өндіріледі, екіншісінде металлургия дамыған, үшіншісінде ауыл шаруашылығы басым. Сондықтан инвестиция көлемінің әртүрлі болуы заңдылық. Алайда биылғы көрсеткіштер Қазақстанда инвестицияның құрылымы өзгеріп келе жатқанын көрсетті. Егер бұрын негізгі қаржы шикізат секторына бағытталса, бүгінде энергетика, өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылым сияқты салалардың үлесі артып келеді.

Бұл өзгеріс өңірлер үшін де жаңа мүмкіндік ашып отыр. Себебі табиғи ресурсы мол емес облыстар да инфрақұрылымын дамытып, өндірісті әртараптандыру арқылы инвестор тартуға қабілетті екенін дәлелдей бастады. Түркістан облысының тәжірибесі осының жарқын мысалы.

Инвестиция қай салаларға құйылып жатыр?

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстан экономикасына 6,7 трлн теңге негізгі капитал инвестициясы тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 789,9 млрд теңгеге көп.

Өсімнің басым бөлігін екі бағыт қамтамасыз етті. Біріншісі – өнеркәсіп. Бұл саладағы инвестиция көлемі 508 млрд теңгеге ұлғайды. Екінші орында көлік және логистика тұр. Мұнда инвестиция көлемі 266,4 млрд теңгеге артқан.

Экономист Салтанат Игенбекованың айтуынша, қазіргі инвестициялық саясаттың басты ерекшелігі – инфрақұрылымдық салаларға басымдық берілуі. Сарап­шының пікірінше, энергетикаға салынған инвестицияны тек коммуналдық жобалар ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына қажетті базалық инфрақұрылым.

Алдағы жылдары қандай үрдіс қалыптасады?

Экономистердің болжамынша, 2026 жылы инвестиция көлемі өсе береді. Бірақ өсім қарқыны 2025 жылғы деңгейден біршама баяу болуы мүмкін. Бұл, ең алдымен, шикізат секторындағы ірі инвестициялық жобалардың аяқталуымен байланысты.

«Алдағы кезеңде инвестиция көлемі өсуді жалғастырады деп күтеміз. Алайда өсім қарқыны өткен жылдағыдай жоғары болмауы мүмкін. Сондықтан басты міндет – инвестицияның сапасын арттыру. Жеке капиталды ынталандыру, технологиялық жаңғыртуға қаржы тарту және экономиканы әртараптандыру ұзақмерзімді өсімнің негізгі факторы болады. Мемлекеттік қолдау мен бизнестің белсенділігі арасындағы тепе-теңдік сақталса, инвестициялық белсенділік те тұрақты болады», – дейді С.Игенбекова.

Демек, алдағы кезеңде өңдеу өнеркәсібіне, энергетикаға, көлікке және жоғары технологиялық өндірістерге инвестиция тартудың маңызы бұрынғыдан да арта түспек.

Кәмила ДҮЙСЕН

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью