Құбыр бар, газ жоқ. Шығыс Қазақстан ауылдарының тұрғындары жылдап пеш жағуға мәжбүр

10.06.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы сегіз ауылдың тұрғындары табиғи газға қосылудан қайта үміттенді. Өңірді газдандыру жұмыстары осыдан 13 жыл бұрын басталғанымен, бірқатар елдімекен әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр. Қазіргі уақытта жаңа желілер құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Егер оң қорытынды берілсе, келесі кезеңде қаржыландыру мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы сегіз ауылдың тұрғындары табиғи газға қосылудан қайта үміттенді. Өңірді газдандыру жұмыстары осыдан 13 жыл бұрын басталғанымен, бірқатар елдімекен әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр. Қазіргі уақытта жаңа желілер құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Егер оң қорытынды берілсе, келесі кезеңде қаржыландыру мәселесі қарастырылмақ. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Зайсан ауданына газ 2013 жылы келген болатын. Сол кезде жергілікті кен орнын игеру басталды. Көгілдір отынға аудан орталығы мен маңайдағы тоғыз ауыл қосылды. Қалғандарына кезек келетіні туралы уәде берілген. Алайда арада жылдар өтсе де, жағдай өзгермеген. Әсіресе, Сарытерек, Дайыр және Көкжыра секілді сегіз ауылда бұл мәселе өте өзекті болып тұр.

Тұрғындардың айтуынша, ең өкініштісі - газ жабдықтары сегіз ауылдың бәрінің шекарасына дейін жеткізілген. Бірақ халық өркениеттің бұл игілігін сегіз жылдан бері пайдалана алмай келеді.

Көршілес елдімекендер отын мен көмірдің жайын ұмытқалы қашан, ал мұндағы жұрт әлі күнге дейін пеш жағып, күн сайын күл шығарады. Мәселен, жасы 70-ке таяған зейнеткер Төлеу Қырғышбаева үшін бұл жай ғана тұрмыстық шаруа емес, ауыр физикалық жұмысқа айналған.

"Жыл өткен сайын пеш жағу қиындап барады. Көмір тасу, сосын күлін шығару керек. Біздің жасымызда бұл оңай емес. Сондықтан газды асыға күтеміз. Көрші Жамбыл ауылында газ бар, ал бізде әлі жоқ. Бірақ үмітімізді үзбейміз", - дейді ол.

Тұрғындар бұл мәселені билік өкілдерімен кездесулерде үнемі көтеріп келеді. Аудандық мәслихат депутаттары да тақырыпты күн тәртібінен түсірген емес.

"Газ қоры жеткіліксіз деген әңгімелердің айтылып жүргеніне он жылдан асты. Бірақ оның қанша мөлшері қалғаны туралы нақты деректі ешкім ұсынбады. Халық газдың әлі де өндіріліп, қолданылып жатқанын көріп отыр. Сондықтан аудандағы барлық ауыл оған қол жеткізуі тиіс деп санайды", - деп түсіндірді Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров.

Негізінде бұл мәселені шешу мүмкіндігі 2019 жылы-ақ туған еді. Ол кезде жаңа газ желілерінің құрылысы басталып та кеткен болатын. Бірақ жоба мердігерлер арасындағы сот таласына ілініп қалды. Бірнеше жылға созылған дау аяқталғаннан кейін жобалау-сметалық құжаттаманы түзету қажет болған. Осының салдарынан процесс биылғы жылға дейін созылып кеткен.

"Осы уақытқа дейін тіпті түзетуге де рұқсат берілмей келді. Шынымен де, газ қорына қатысты сұрақтар болды, бас тартуға басқа да салмақты себептер де болды. Бірақ қазір белгілі бір ілгерілеушілік бар. Бұл үміт сыйлайды. Жоба сараптамаға жолданды", - деді Зайсан ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Жүрсінов.

Алдын ала есептеулер бойынша, жобаның құны шамамен төрт миллиард теңгені құрайды. Алайда сараптамадан өткен соң бұл сома өзгеруі мүмкін. Ең бастысы - Дайыр, Біржан, Сарытерек, Көкжыра, Сарыжыра, Қуаныш, Жарсу және Бақасу тұрғындары үшін маңызды мәселе қайтадан сең қозғалғандай алға жылжыды. Демек, шекаралас ауылдардың көгілдір отынға қол жеткізуге әлі де мүмкіндігі бар.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью