Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Ауыл шаруашылығы мен ауыр өнеркәсібі қатар өріс жайған Қостанай облысы өндірісі қуатты, дамуы тұрақты, тіршілігі шуақты өңірдің бірі екені көпке аян. Өңір басшысы Құмар АҚСАҚАЛОВ Тобыл-Торғай өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспары төңірегінде бірқатар сауалымызға жауап берді.
– Құмар Іргебайұлы, өткен жылы өңірде көптеген ауқымды жоба іске асырылды. Жалпы, Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қалай баға бересіз, биыл қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр?
– Өткен жыл өңір үшін табысты кезең болды. Мемлекет басшысының экономиканы кемінде 6 пайыз деңгейінде өсіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың қорытындысында облыс экономикасының өсімі шамамен 8 пайызға жетті. Бұл еліміздегі орташа көрсеткіштен жоғары. Былтыр 26,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды, 47 мыңнан астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,5 трлн теңгені құрады. Кейінгі үш жыл ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция 1,6 есеге өсіп, 2025 жылы 781 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 1,5 млрд долларды құрады. Инвестиция тарту мақсатында облыста жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 79 жобадан тұратын пул қалыптасты. Бұл жобалар іске асырылған соң, тағы 13,2 мың жаңа жұмыс орны пайда болады. Бүгінде біз өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша төртінші орында, ал азық-түлік өндірісі бойынша екінші орында тұрмыз. Қостанай облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, оны экспорттау бойынша көш бастап келеді.
– Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Өңірдің цифрлық инфрақұрылымын, ІТ-экожүйесін қалыптастыру бағытында қандай шаруалар атқарылып жатыр?
– Бүгінде мемлекет білімге, ғылымға, инновацияға, ең бастысы, адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Біздің өңірдегі кәсіпорындар да заманауи технологияларды белсенді енгізіп келеді. Мысалы, төрт жыл бұрын облыстағы зауыттарда небәрі 3 өнеркәсіптік робот болса, қазір олардың саны 145-ке жетті. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытында жұмыс жүйелі жүргізіліп жатыр. 2025 жылы өңірдегі 440 мектеп түгелдей жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. 44 елді мекенде антенна-мачталық құрылыстар салынды. Нәтижесінде, шамамен 14 мың ауыл тұрғыны 4G мобильді интернетіне қол жеткізді. Ауылдық елді мекендерді сапалы 4G интернетімен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 60% болса, 2025 жылы 76%-ға жетті. Қостанай қаласында 5G желісінің 50 тірек стансасы орнатылды. Биыл қаланың шет аймақтарында тағы 24 станса орнатылып, олардың жалпы саны 74-ке жететін болады. Жыл соңына дейін өңірдегі тірек стансалардың саны 400-ге жететін болады.
– Президент Жолдауында ел экономикасын әртараптандыру маңызды екені айтылды. Өңірдің машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында ерекше ілгерілеу бар. Жалпы, өңір дамуында тағы қандай бағыттарға басымдық беріліп отыр?
– Иә, біз облысты дамыту үшін төрт негізгі стратегиялық бағытты айқындап алдық. Кейінгі үш жылда машина жасау саласында 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың ең ірісі – «KIA» автокөлік зауыты. Мұнда 1500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын өндірістік қуатына толық көшсе, Қостанай еліміздегі ең ірі автоөнеркәсіп орталығына айналады. Бүгінде республикадағы машина жасау өндірісінің 25 пайызы Қостанай облысының үлесінде. «KamLitKZ» кәсіпорны үш бірдей жобаны жүзеге асырды: 2024 жылы шойын құю зауыты іске қосылды, өткен жылдан бастап ауыр жүк көліктерінің жетекші белдемесін шығара бастады. Кәсіпорын өндірістің жергілікті үлесін еселеп келеді. Бұл зауытта қазір 1150 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың дені – жастар.
Өңір экономикасының тағы бір маңызды саласы – қара металлургия. Бұған дейін темір рудасы негізінен шикізат күйінде экспортталып келді. Қазір Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін ірі металлургиялық зауыттың құрылысын бастағалы жатырмыз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Біздің міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімінің шикізат өндіру бағытынан терең өңдеуге көшу. Осы мақсатта өңірде астықты терең өңдеуге арналған «Qostanai Grain Industry» жобасы жүзеге асырыла бастады. Астықты терең өңдеу зауыты жылына 415 мың тонна өнім өндіретін болады. Сүт өнімін қайта өңдеу көлемін арттыру мақсатында өңірде 7 цифрландырылған заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылды, биыл тағы 5 ферма салынып жатыр. Бұл фермалар жылына 77 мың тонна сүт беретін болады. Болашақта өңірде өсірілетін және өндірілетін барлық өнім соңғы дайын өнімге дейін өңделіп, олардың қосымша құны арта түседі. Облыста заманауи, толық циклді агроөнеркәсіп кешені қалыптасты. Мұнда астық пен сүтті шикізаттай экспорттаудың орнына оны өңдеу, ыдысқа құю, буып-түю, логистиканы ұйымдастыру және дайын өнім ретінде экспорттау жолға қойылады. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамыған сайын жүк тасымалының көлемі де артып келеді. Әсіресе астық пен ұн экспортында теміржол инфрақұрылымына түсетін жүктеме жоғары. Осы мәселені шешу үшін өңірде екі халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Соның бірі – Қостанай қаласындағы «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешені. Жоба құны 63,8 млрд теңге, жылдық қуаты – 400 мың контейнер, 500 жұмыс орны құрылады. Бейімбет Майлин ауданында тағы бір жоба іске асырылып жатыр. Жоба бойынша мал азығын өндіру, май зауытын іске қосу көзделген. Көкөніс қоймасы, силос паркі, 3 мың контейнерге арналған алаң, уақытша сақтау қоймасы, 3 теміржол кірме жол желісі, логистикалық орталық және кедендік бақылау аймағын салу жоспарда бар. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңге болады.
– Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкімет назарында болуға тиіс екенін Президент 2025 жылы Жолдауында атап өтті. Биыл өңірдің оңтүстігіндегі тұрғындарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бекітілді. Жоспар жобасы жалпы сомасы 165,5 млрд теңгені құрайтын 10 бағыт бойынша 51 іс-шарадан тұрады.
Президент елорда мен батыс аймақтар арасындағы қашықтықты 500 шақырымнан астам қысқартатын күре жолдың стратегиялық маңызын атап өтті. Қостанай және Ақмола облыстары арқылы өтетін «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының Қостанай облысы аумағындағы жөндеу жұмысы аяқталды. Қызылордадан Қостанайға дейін жүретін жол 400 шақырымға қысқарды. Аталған жол құрылыстары толық аяқталған кезде Арқалық қаласы орталық пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын жеңіл және жүк көліктерінің дәлізіне айналады. Мұның сыртында Арқалық қаласында әуежай салу, жол инфрақұрылымын дамыту, туристік нысандар салу, әлеуметтік мекемелерді жаңарту, ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру тәрізді қыруар шаруа күтіп тұр.
– Өңірде қоғамдық қауіпсіздік жүйесі тиімді жұмыс атқара алып жатыр ма? Жергілікті тұрғындардың құқықтық мәдениеті жайында не дейсіз?
– Біраз жылдан бері ел ішінде «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттарын орнықтыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Президенттің бастамасымен өңірде құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмысы күшейтіліп, құқық қорғау органдарының тиімділігі артты. Кейінгі екі жылда ішкі істер саласына шамамен 35 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, кейінгі бес жылда қылмыс деңгейі 40 пайызға төмендеп, қоғамдық орындардағы қылмыс екі есеге азайды. Қауіпсіздікті цифрландыру аясында Жедел басқару орталықтары дамып келеді. 2025 жылы осы жүйелер арқылы 63 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталып, 370-тен астам қылмыс ашылды. Бейнебақылау камераларының саны бес жылда 3,3 мыңнан 46,9 мыңға дейін артты. Табиғатты қорғау қағидаты «Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндесіп, өңірде абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмысын үзбей жүргізіп отыру дәстүрге айналды. Былтыр 108 көпқабатты үй жөнделіп, 80 саябақ пен сквер абаттандырылды, 144 мың ағаш отырғызылды, 164 балалар және спорт алаңы салынды. Сонымен қатар жол инфрақұрылымына бөлінетін қаржы да артып келеді. Былтыр бұл салаға 103 млрд теңге бөлініп, 1 300 шақырым автожол, 400-ден астам көше және 81 кіреберіс жол жөнделді. Ауылдық жерлердегі аулалардың 80%-ы ауызсумен қамтамасыз етілді.
Өткен жыл еліміз үшін де, біздің өңір үшін де табысты кезең болды. Жүйелі жұмыс биыл да жалғаса бермек. Тобыл-Торғай өңірі – ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері шыққан киелі мекен. Біз қай шаруаны да ақылмен, парасатпен шешіп келдік. Елдің тұрақты дамуы, әлеуметтік-экономикалық өсімі, жаңа жетістіктерге жетуі – азаматтардың ортақ бірлігінде.
Әңгімелескен –
Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Қостанай облысы
Соңғы жаңалықтар
Ұландықтар Көрісу күні ата-аналарымен тілдесті
Қоғам • Бүгін, 11:33
Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті қамту үлесі 65%-ға жетті
Қоғам • Бүгін, 11:17
Таяу Шығыс аймағынан 10 000-нан астам отандасымыз қайтарылды
Оқиға • Бүгін, 11:10
Қазақстанда «Nauryz Sale» мерекелік акциясы басталды
Қоғам • Бүгін, 11:03
Елордада жедел жәрдем фельдшеріне шабуыл жасаған күдікті ұсталды
Оқиға • Бүгін, 10:59
Ұлытау облысында су тасқыны қаупі бар аудандар тексерілді
Аймақтар • Бүгін, 10:41
Елімізде жалпыхалықтық Наурызнама онкүндігі басталды
Мереке • Бүгін, 10:28
Қазақстанда жол инфрақұрылымы қарқынды жаңарып жатыр
Қоғам • Бүгін, 10:18
Соңғы 7 жылда еліміздегі ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі екі есе артты
Қоғам • Бүгін, 10:08
Өңделген өнім үлесі артып келеді
Экономика • Бүгін, 10:00
Қазақстан • Бүгін, 09:50
14 наурызда доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:48
Қоғам • Бүгін, 09:40
Референдум • Бүгін, 09:35
Бүгін елімізде қай жолдар жабық тұр?
Қоғам • Бүгін, 09:35